Астанада Шахмат академиясы ашылады
Жұма, 6 шілде 2012 8:24
Кеше Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жедел шахмат және блиц бойынша әлем чемпионаттарының ресми түрде ашылу салтанаты өтті.
Оның ашылу рәсіміне, сондай-ақ, Астана күнін мерекелеуге арнайы келген Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Халықаралық шахмат федерациясының президенті Кирсан Илюмжинов қатысты.
Жұма, 6 шілде 2012 8:24
Кеше Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жедел шахмат және блиц бойынша әлем чемпионаттарының ресми түрде ашылу салтанаты өтті.
Оның ашылу рәсіміне, сондай-ақ, Астана күнін мерекелеуге арнайы келген Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Халықаралық шахмат федерациясының президенті Кирсан Илюмжинов қатысты.
Шахматтың бұл түрлерінен әлемдік додалардың тұңғыш рет дүние жүзі бойынша Астана күні қарсаңында өткізілуі кездейсоқ таңдалып алынған жоқ, олар ала тақта ойындарының ішіндегі ең қызықты және тартымды түрлеріне жатады.
Ашылу салтанатында Мемлекеттік әнұран ойналып болған соң, Елбасы Н.Назарбаевқа сөз берілді. Мемлекет басшысы жарысқа қатысушыларды Астана күнімен және әлем чемпионаттарының ашылу рәсімімен құттықтап, жарыстың мәні мен маңызына қысқаша тоқталып өтті.
– Біздің елімізде Астана күні қарсаңында шахматтың жедел, яғни рапид және блиц түрлерінен әлем чемпионаттарының өткізілуін үлкен оқиға деуге болады, – деді Н.Назарбаев. – Бұл жарысқа әлемнің мықты шахматшылары, гроссмейстерлері қатысуда. Шахмат ойынының бұл түрлері өзінің аты айтып тұрғандай, адамның тез ойлап, тез жүріс жасауына, математикалық қабілетін көрсетуіне мүмкіндік береді. Жалпы, біз шахматтың жедел түрінен және блицтен әлем чемпионаттарының Астанада өтуіне ризашылығымызды білдіреміз.
Елбасы одан әрі осынау жарысқа, Астана күнін қарсы алуға көршілес Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевтың арнайы келіп отырғанын айтып, бауырлас, түбі бір түркі тілдес елдің басшысына да ризашылығын білдірді. Сонымен бірге, шараға арнайы қатысуға келген Халықаралық шахмат федерациясының президенті Кирсан Илюмжиновтің 1 500 жылдық тарихы бар зияткерлік ойынды дамытуда атқарып келе жатқан жұмысын жоғары бағалап, қай кезде болмасын ФИДЕ президентін қызмет бабында қабылдағанда онымен елімізде шахматты дамытуда атқарылып жатқан жұмыстармен ой бөлісетінін, Астанада бүгіннен бастап ресми түрде ашылатын әлем чемпионаттарының сондай кездесуден бастау алғанын атап көрсетті.
«Қазіргі кезде біздің ел – Халықаралық шахмат федерациясының белсенді мүшелерінің бірі. Қазақстан тәуелсіздік алған кезден бері ФИДЕ-мен тығыз байланыста жұмыс істеп, қазірдің өзінде бірлесіп көптеген жұмыстар атқаруда. Бүгінде елімізде көптеген жарыстар өткізіліп, жастарымыз халықаралық турнирлер мен жарыстарға жиі қатысуда. Соның нәтижесінде, қыз балалар мен ер балалар арасында әлем чемпионаттарында топ жарып жүргендері баршылық», – деді Елбасы. Одан әрі Мемлекет басшысы алдағы уақытта елімізде шахмат мектебін қалыптастырып, ал Астананы шахмат астанасы жасауға жұмыс істелетінін атап өтті. Осы орайда Елбасы болашақта Астанада Шахмат академиясы мен мектебі, сарайы салынатынын мәлімдеді.
Елбасының сөзінен кейін ФИДЕ президенті Кирсан Илюмжинов сөз алып, Астанада рапид пен блицтен әлем чемпионаттарының өткізілуі мәні мен маңызы жағынан үлкен оқиға екенін, шахматтың осы түрлерінің бірінен кейін бірінің бір елде, бір қалада өтуі тарихта ешбір жерде, ешқашан болмағанын назарға салды. ФИДЕ басшысы қазіргі күні Халықаралық шахмат федерациясына әлемнің 177 елінің мүше болып табылатынын, онымен 600 миллиондай адам айналысатынын айтып, енді Қазақстанда болашақта Шахмат академиясы мен мектебі, сарайы ашылса, ала тақта ойынымен айналысушылардың бұдан да көбейетініне сенімділігін білдірді.
Осыдан кейін Елбасы ортадағы шахмат тақтасына келіп, «е 2 – е 4» жүрісін жасап, әлем чемпионаттарын ресми түрде ашты.
Салтанатты шарада жарысқа қатысушылардың кезектілігі мен ойнайтын түстері анықталып, финалға шыққан шахматшылардың арасында жеребе тастау рәсімі өтті. Ашылу рәсімі алдында аяқталған іріктеу турнирінде гроссмейстерлерге қосылатын тағы 6 қарсылас анықталды. Блиц бойынша финалға Дмитрий Андрейкин, Ле Кван Льем және Николай Чадаев шықса, рапидте Игорь Курносов, Алексей Дреев және Владислав Ткачев жолдама алды.
Жедел шахмат және блиц бойынша әлем чемпионы атағы үшін әлемнің танымал гроссмейстерлері Магнус Карлсен, Борис Гельфанд, Сергей Карякин, Веселин Топалов, Василий Иванчук, Теймур Раджабов, Александр Грищук және басқа қатысушылар бақ сынасады. Қазақстан намысын рапид бойынша Муртас Қажығалиев пен Әнуар Исмағамбетов, блиц бойынша Павел Коцур мен Ринат Жұмабаев қорғайды.
Астанадағы жедел шахмат бойынша әлем чемпионатын белгілі төрешілер бақылайды. Аға төреші қызметі Анджей Филиповичке (Польша) жүктеліп отыр. Бас төрешінің орынбасары – қазақстандық Сергей Юровский.
Әлем чемпионаттарының жалпы жүлде қоры 400 мың АҚШ долларын құрайды.
Бүгінде жарыстар шахмат әуесқойлары мен кәсіпқойларының назарын өзіне аударуда. Біз рапид пен блиц бойынша жаңа әлем чемпиондарының есімін 10 шілде күні білетін боламыз. Матчтың бірінші партиясы 6 шілде күні Астана уақыты бойынша 15-00-де өтеді. Жарыстар кеше «Radisson SAS» қонақ үйінде басталды.
Әлем чемпионаттарының барлық жаңалықтары www.worldchess.kz арнайы сайтында жарияланатын болады
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».