10 Шілде, 2012

Тау көтерген Толағай

465 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Тау көтерген Толағай

Сейсенбі, 10 шілде 2012 7:33

 Дүбір

Олимпиадаға 17 күн қалды

Әңгіме тау көтерген Толағай – зілтемірші Илья Ильин туралы болып отыр. Ол еліміз егемендікке жеткелі бергі жылдарда олимпиялық спорт түрлері бойынша әлемнің үш дүркін чемпионы атанған екінші спортшы болды. Ол бұл атаққа 1995 жылы ен таққан шаңғышы Владимир Смирновтың жетістігін қайталады (жалпы, бұл спортшы кеңес кезеңін қосқанда, әлемнің 4 мәрте чемпионы атанды). Ал Илья үш мәртелік мәртебеге ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында, былтырғы жылғы қараша айында қол жеткізді.

 

Сейсенбі, 10 шілде 2012 7:33

 Дүбір

Олимпиадаға 17 күн қалды

Әңгіме тау көтерген Толағай – зілтемірші Илья Ильин туралы болып отыр. Ол еліміз егемендікке жеткелі бергі жылдарда олимпиялық спорт түрлері бойынша әлемнің үш дүркін чемпионы атанған екінші спортшы болды. Ол бұл атаққа 1995 жылы ен таққан шаңғышы Владимир Смирновтың жетістігін қайталады (жалпы, бұл спортшы кеңес кезеңін қосқанда, әлемнің 4 мәрте чемпионы атанды). Ал Илья үш мәртелік мәртебеге ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында, былтырғы жылғы қараша айында қол жеткізді.

Болашақ Олимпиаданың бір дүркін, әлем­нің үш мәрте және әлемнің жастар (жасөспірімдер) арасындағы екі рет чемпионы атанатын алып тұлғаның есімі бірінші рет республикалық баспасөз бетінде 1998 жылы жарқ етті. Бұған осы жылы он жасар Ильяның еліміздің 18-ге дейінгі жасөспі­рім­дер арасындағы біріншілігінде ерекше көзге түскені себеп болып еді. Сол жолы жас­тары өзінен екі есеге жуық үлкен әріптестерімен сайысқа қаймықпай түскен балақай өз салмағы бойынша төртінші орын алды. Дегенмен, жас баланың бұл же­тістігінің өзі мамандар мен журналистердің назарын өзіне қатты аударып кеткен. Сон­дық­тан республикалық «Казахстанская правда» газеті осы чемпионат жайындағы есепті мақаласын «Болашақ әлем чемпионы Қызылордада тұрады» деп сүйіншілеген ма­қа­ласын бастақырыппен жариялады. Мақала «Ол әлі жеңімпаз болған жоқ, бірақ міндетті түрде болады, тек сегіз-тоғыз жыл күте тұруы­мызға тура келеді» деген жолдармен аяқ­тал­ды. Басылым тілшісінің бұл байламы шынында да нағыз көріпкелдік болып шықты. Бірақ автор бірер жерде мүлт кетті. Илья арада бар-жоғы жеті жыл өткесін, бір жылдың ішінде екі рет – әлемнің жастар және ересектер арасындағы чемпионы атағына қол жеткізді. Және сол 1998 жылға дейін-ақ бір рет Қазақстанның жасөспірім­дер арасындағы чемпионы атанып үлгерген еді.

Осылай жасынан дүйім жұртты өзіне жалт қаратқан Илья 1988 жылғы 24 мамырда Қызылорда қаласында орыс ұланы Александр Геннадьевич пен грек қызы Галина Яковлевна Ильиндердің отбасында үш ұлдың үшіншісі болып дүниеге келді. Ол спорт залдың есігінен алғаш рет 6 жасында өзінің еркінен тыс аттады. Себебі, үлкен ағасы Алексей осы кезде ауыр атлетикамен дендеп айналысып жүрді де, әке-шешесінің азаннан кешке дейін жұмыстан қолдары босамағасын, қараусыз қалатын Ильяны өзімен бірге ертіп кетуге мәжбүр болды. Екі жыл осылай темір көтергендердің жанында ойнап келген балақай 1996 жылы 8 жасында секцияға жазылды. Оған бұл кезде зілтемір көтеруші­лердің ойындары ұнап қалған еді. Ал тағы бір жылдан кейін, 1997 жылы Қызылордада ауыр атлетикадан республиканың жасөспі­рім­дер арасындағы чемпионаты өтіп, жат­тық­тырушы Вилорий Пак 9 жасар ерекше дарынды баланы облыс құрамасы сапында осы жарысқа қосты да жіберді. Сол кезде Илья өзінің бірінші сенсациясын жасады. Ол 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында 30 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, алдына жан салмады. Ал келесі, 1998 жылы жоға­рыда айтылған жастары 18-ге дейінгі жасөс­пірімдер арасында айрықша көзге түсіп еді…

Бұдан кейін Илья Ильин республиканың өз қатарластары арасындағы сайыстарында ешкімге жеңіс бермеуге айналды. Ол 2004 жылға дейін артық-кемі жоқ отыз шақты медаль жеңіп алса, солардың үшеуі ғана алтын жүлде емес-тін. Тап осы 2004 жылы Илья бірінші рет халықаралық аренада көрінді. Ол Таиландтың астанасы Бангкок қаласында өткен жастар арасындағы құрлық біріншілігінде өз салмағы бойынша екі кіші, бір үлкен алтын медальдарды түгел жеңіп алды. Осында 21 жастағы жасөспірім жігіттер арасында жасындай жарқылдаған 16 жасар оғлан сонымен бірге турнирдің ең үздік ауыр атлеті де атанды. Ал 2005 жылдың көктемінде Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен әлемнің жастар арасындағы чемпионатында жер шарында өзімен теңдес құрдасы жоқ екенін дәлелдеп берді. Бұл додаға оны өзінің жеке жаттықтырушысы Вилорий Пакпен бірге атақты түрік маманы Энвер Түркелери дайындады. Содан бері ол бірнеше Олимпиада чемпионын шығарған бұл кісінің жүйесі бойынша жаттығып келеді. Білікті бапкер­дің тәлімі арқасында корей жерінде қос­сайыста 374 келіні бағындырған Илья өзінен кейін екінші орын алған болгар штангашысынан 11 келі алға кетті.

Осы 2005 жылдың қараша айында Катар астанасы Доха қаласында әлемнің ересектер арасындағы чемпионаты да жалау көтерді. Сол жазда ғана мектеп бітіріп, Қы­зылорда мемлекеттік университетінің дене тәрбиесі факультетіне оқуға түскен 17 жасар Илья араб аймағында да айды аспаннан бір-ақ шығарды. Осында 85 келіге дейінгі салмақта 30-дан астам (мұндай бәсекелес­тер саны бұрынғы чемпионаттарда болған емес) қарсыласының арасында ол қос­сайыс­та 386 келі салмақпен бас бәйгені жеңіп алды. Жұлқа көтеруде 170 келіге тоқтап, бесінші орынға сырғып кеткен атлет өзінің сүйікті жаттығуы – серпе көтеруде 216 келіні бағындырып, әлем рекордын жасады. Осы салмақ арқылы тұғырдың бірінші сатысына орналасып қана қойған жоқ, әлемнің ең үздік штангашысы деген атақты да жеңіп алды. Осы кезде 17 жасар вундеркиндті өз елінің құ­рамасы сапында көргісі келген үміткерлер қаптап кетті. Соның ішінде Ресейден де, Ильяның нағашы жұрты – Грекиядан да шолғыншылар келіп, оның алдына «алтын тауды» үйіп қойды. Бірақ өзінің туған елін жақсы көретін оғлан олардың бәрінен де бас тартты.

Илья келесі 2006 жылы 94 келіге дейінгі салмаққа ауысып, тағы да екі дүркін әлем чемпионы атанды. Алдымен мамыр айында Қытайдың Ганчжоу қаласында өткен        жастар арасындағы жарыста топ жарды. Сосын қазан айында Доминикан респуб­ликасының Санто-Доминго қаласында ту көтерген ересектер арасындағы бірінші­лікте 392 келі салмақпен бәсекелестерінің бәрінен басып озды. Ол мұнда жұлқа көтеруде – 175, серпе көтеруде 217 келіні алды. Ал осы жылғы желтоқсанда Катардың байтағы Доха шаһарына тағы да атбасын бұрды. Бұл жолы жұлқа көтеруде – 175, серпе көтеруде – 226, қоссайыс қорытындысында 401 келі салмақ алып, Азия ойындарының жеңімпазы болды. Арада екі жыл өткеннен кейін, 2008 жылы Илья Бейжің Олимпиадасында бұл салмағына тағы 5 келі қосып, төрт жылда бір айналып келетін ең басты циклдың да чемпионаты атанды. Ол 2007 жылы Олимпиялық ойындарға біржақты дайындалу мақса­тын­да ешқандай турнирге қатысқан жоқ. Ал Қытай астанасында жұлқа көтеруде – 180, серпе көтеруде 226 келіні алып, екі жаттығу бойынша 406 келіге қол жеткізіп, басты қарсыластарын артта қалдырды.

Бейжің Олимпиадасынан кейін Илья өзіне бір жылға үзіліс жариялады. Бұл уақытта жаттығуды толық тоқтатқан ол сол кезге дейін алып келген жарақаттарын емдеуге көңіл бөлді. Тек 2009 жылы ғана тұғыр маңына қайта оралған атлет 2010 жылы алдымен Қазақстанның чемпионы деген атағын өзіне қайтарып алды, содан соң Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен Азия ойындарында тағы да чемпион атанды.

Осы заманның «Илья Муромеці» атанып жүрген Илья Ильинді үшінші мәрте әлем чемпионы атағына Париждегі бірін­шілік жеткізді. Француз астанасында ол жұлқа көтеруде – 181, серпе көтеруде 226 келіні бағындырып, қоссайыста 407 келілік нәтиже көрсетті. Байқап тұрған бол­саңыздар, осы 226 келі салмақ соңғы жылдары Ильяның кілең бағын жандырып жүр. Бірақ алдағы жылдарда бұл меженің «қолұшын бере алмай» қалуы ықтимал. Әлбетте, жыл сайын толысып келе жатқан атлеттің келер жылдар үдесіне де дайындап жүрген сыбағасы аз болмаса керек.

Сөз соңында айта кететін бір жәйт, кешегі-бүгінгі заманда Қазақстанның 8    ауыр атлеті әлем чемпионы деген атаққа ие болған болса, солардың 5-уі бұл табысқа республикамыздың тәуелсіздік алған жылдарында қол жеткізді. Кеңес заманында Юрий Зайцев, Виктор Мазин және Анатолий Храпатый жаһан жеңімпазы атанса, егемендік кезеңінде Илья Ильин, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Владимир Седов сол биіктен көрінді. Рас, атақты А.Храпатый әлемнің мықтысы деген атаққа бес рет қол жеткізіп кеткен. 2006 жылдан кейін биылға дейін үзіліс жасап алмағанда, бұл биіктікті Ильяның да бағындыруы әбден мүмкін еді. Дегенмен, кейіпкеріміздің әлі жас екенін ескерсек, бұл межеге де жете алатынына күмән келтіруге болмайды. Мұның арғы жағында Илья Олимпиаданың екі дүркін чемпионы атануды алдына мақсат етіп қойып отыр.

Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан».