16 Наурыз, 2010

ҚАЗАҚ “ҚАЙТА ӨРЛЕУІНІҢ” АЛҒАШҚЫ БАСПАЛДАҒЫ

704 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін
Қазіргі кезде тарихшы ғалымдардың бір тобы Қазақстан тарихын Жәнібек пен Керей құрған хандықтан бастау керек деген мүлде көңілге қонымсыз пікір тара­тып жүр. Мұндай жағдайда біз – қазақтар ХV ғасыр­да ғана “ойда жоқтан” пайда бол­ған ұлт бо­лып шығамыз. Оқыған, тоқы­ға­ны көп ға­лым­дар шоғыры түгіл қарапайым қалың бұ­қара да бұған келісе алмас. Бір ғана мысал: егер біз тарихымызды ХV ғасырдан бастар болсақ, Әбу Насыр әл Фарабиге еш қатысы жоқ жұрт болып шығамыз. Тіпті Отырарда әлемге әйгілі Александрия кітапханасынан кейінгі екін­ші кітапхана болғанын Батыс ғұламалары­ның өзі мойындап келгеніне қарамастан біздің әлгі тарихшылардың айтқанын дұ­рыс дер болсақ, онда мүлде сауатсыз ел еке­німізді мойындап шыққан боламыз. Жоқ, өз басым бұған келіспеймін. Біз – қазақтар әлемдік ғылымды, өрке­ниет­ті алға жылжытуда елеулі қызмет атқар­ған алғы буынның мұрагеріміз. Тіпті, түрік қағанаты құрылмай тұрып-ақ біздің оған дейінгі әулетіміздің бастаушыларында үлкен білім, ғылым болған. Отырар кітапханасы да, сол қазынадан сусындаған әл-Фараби де біздің шыққан тегіміздің әлемге әйгілі құн­ды­лық­тары. Иә, ғылымды, білімді болған ел және бұл саладан әлемдік көш бастау­шы­лардың бірі болған ел Тимуджин шап­қын­шы­лы­ғынан кейін соларының бәрінен бірнеше ғасырға қол үзіп қалды. Ақыр аяғында біздің ата-бабаларымыз әлемдік ғылымды алға сүйреп “екінші Аристотель” атанып жатқанда тарих бетінде мүлде бол­маған орыс патшалығының бодандығына ендік. Тарих сахнасында аты да жоқ Аме­ри­ка құрлығын кейіннен қоныстанушы­лар­дың ғылымына тәнті болатындай жағдайға жет­тік. Мінекей, Тимуджин шапқыншы­лы­ғы­нан бастап 1991 жылы егеменді мем­ле­ке­тін құрғанға дейін “кейін пайда болған­дарды” пір тұтып, солардан оқып, солар­дан үйреніп келген қазақтың байырғы ата-бабасы ғылымымен әлемді мойын­дат­қанын білгісі келмейтіндер осылайшы та­рихты бұрмалап жүр. Әрине, тарих бұр­ма­лауды қажет етпейтін ғылым. Бүгін болма­са ертең-ақ бәрібір ақиқат жазылады. Қош. Мен Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2010 жылғы Қазақстан халқына Жолдауын бір емес, бірнеше мәрте зерделеп оқып шыққаннан соң “Елбасымыз Қазақ­стан­ның “қайта өрлеу” дәуірін бастауға шын­дап бел буған екен” деген ой тұжырым­да­ған­дықтан да осы мақаланы әңгіме өзегі­нен мүлде бөлек тақырыптан бастадым. Өйт­кені, Кеңес Одағы кезінде Қазақстан­ның білімі мен ғы­лымы жоғары дәрежеде дамығанын толы­ғы­мен мойындай тұрсам да елімнің егемен­дік алғаннан кейінгі жағдайын көз алдыма елестеткенде бүкіл отандас талантты ғалым­дардың небір тама­ша жаңалықтарының өзі “құмға құйған судай” болғанын көріп, қай­ран қаламын. Көп болмаса да біздің санау­лы ғалым­да­ры­мыз КСРО державасының стратегиялық маңыздағы құпия зерттеулер бағдарлама­лары­на қатынасып, ауыз толты­рып айтар­лықтай нәтижеге қол жеткізді. Бұ­лардың арасында математиктер де, фи­зик­тер де, ин­женерлер де, химиктер де бол­ды. Айта­лық, химия ғылымдарының док­то­ры, академик Б.Жұбанов ашқан ғылыми жаңалықтар негізінде Ресейде отызға тарта зауыттар салынып, жұмыс істепті. Соның біразы сол жақта әлі жұмыс істейді. Химия ғылымдарының докторы, академик Е.Ер­ғо­жин ғарышты зерттеу бағдарламасында, тех­ника ғылымдарының докторы С.Айса­ға­лиев әскери баллистикалық зымырандар жасау бағдарламасында жемісті қызмет ат­қарған ғалымдар. Ал егемендік алған Қа­зақ­станда сол Жұбанов, Ерғожин, Айса­ға­лиев секілді ғалымдарымыз еңбектенген сала бойынша жұмыс істейтін бірде бір өн­діріс болмай қалды. Тіпті, қарапайым сабын шығаратын өндіріс орнымыз да жоқ екен. Бұдан шы­ғатын қорытынды – біздің ұлт­тың ғылыми таланты мен әлеуеті толық мөл­шерде ұлтқа емес, эксплуататорға жұ­мыс істеген деген тұжырым. Тереңірек үңі­лер болсақ, ұлттық талант пен сана экс­плуа­тацияланған. Ол өз ұлтына емес, бөгде мақ­сатқа, бөгде ұлтқа қызмет еткен. Ал еге­­мендігін 1991 жылы жа­риялаған Қазақ­стан күні бүгінге дейін шикізаттық, аграр­лық аймақ атауынан арыла алмай келеді. Өмірдің парадоксы осы. Ғылым болған және бар, бірақ ғылыми өндіріс ошағы жоқ. Қайнар бұлағы Әбу Насыр әл-Фараби заманынан бастау алатын бүгінгі қазақ ұл­ты­ның ғылымы қашанда қуатты болған. Біз­дің мақтанышымыз да, сүйенеріміз де ұлты­мыздың таланттылығы болса керек. Пре­зидент Н.Ә.Назарбаев егемендік алған­нан бергі кезең ішіндегі өз қызметін әрқа­шан­да бүкпесіз ашық баяндауымен халық алдында зор беделге ие болған тұлға. Ел үшін аса ауыр соққан рецессиялы, гипе­рин­фля­циялы егемендіктің алғашқы жыл­да­рында Елбасымыз шикізаттық саланы мейлінше дамытуға ерекше көңіл қойды. Өйткені, бізді қоршаған дүниенің қызы­ға­тын “көз құрты” осы екенін түсінді. Сөй­тіп, мұнай-газ және металлургия өндірісін қарқынды дамытып алды. Бұлардан түскен қаржымен елдің еңсесін көтерді. Ал мұнай сатудан табатын пайданың ауқымды бө­лігінен Ұлттық қор жасақтады. “Ең бірінші – экономика, сонан соң басқасы” деген саясатты ұстанатынын жасырмайтын бар­ша­ға ашық Президентіміз осылайша елі­мізде демократияландыру үрдістерін де бір­тіндеп өмір ақиқатына айналдыра бастады. Ал егемендіктің алғашқы жылдарында-ақ қолда бар ядролық қарудан бас тартқан Нұрсұлтан Әбішұлы көп ұзамай әлемдік дәстүрлі діндер жетекшілерінің барлығын дерлік Астанадағы мәміле дастарханы ба­сы­на жинай алды. Бұл үрдіс қазір дәстүрге ай­на­лып кетті. Осымен бір мезгілде Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның өмірлік ұста­нымы – көп жақты саясат екенін мәлім­деді. Ақыр аяғында біздің түркі тілдес мем­ле­кеттер – бауырларымыз, ислам әлемі – діндестеріміз, Ресей мен Қытай – тату көр­шіміз, Америка мен Еуроодақ және Жа­по­ния – стратегиялық әріптесіміз бо­лып шық­ты. Өз араларында бір-біріне қы­рын қарайтын осынау мемлекеттер Қазақ­станға келгенде түсіністік тауып жатты. Осындай өміршең саясаттың нәтижесінде Қазақстан ТМД көлемінде, түркі дүние­сінде, ислам әлемінде, Азия аумағында тұңғыш рет Еуропадағы ынтымақтастық пен қауіпсіздік ұйымына төраға болып шықты. Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің, Еуразиялық экономикалық қау­ым­дастықтың ұйытқы-мүшесі Қазақстанды бүкіл әлем құрметтейді. Әлемнің ерекше құрметі мен сыйына Қазақстан Республикасының жоғары бас­шылығы 2007 жылдың тамызында бастал­ған дүниежүзілік қаржы-экономикалық дағдарысы кезіндегі жемісті қызметімен де лайықты екенін көрсетті. Айталық, бас­қаны былай қойғанда, ежелгі Грекия күні бүгін дефолдтық жағдайда қалды. Испания, Португалия, Англия осындай жағдайға таяу. Жапония мен Италия өндірісінде 2009 жылы 5 пайыздық рецессия қалып­тас­ты. Ресей Федерациясында 2010 жылғы бюджет дефициті 10 пайызға жетеқабыл. Ал әлем­нің алыбы екендігін былай қой­ғанда дүние жүзіне доллар басып шыға­рып, таратушы АҚШ мемлекеті бюджетін­дегі дефицит 1,54 триллион доллар бола­тын­дығын конгресс мақұлдады. Осындай жағдайда Қазақстан 2009 жылды 1,1 пайыздық ішкі жалпы өнімнің өсімі­мен қорытындылады. Елдің қаржы жүйесінде үлкен қиындық туса да Н.Ә.Назарбаевтың кемеңгер басшы­лы­ғы­мен жұмыс істеген атқарушы билік бірде-бір банктің дағдарыс құрбаны болуына жол бермеді. Кейбіреулер білместікпен мұны мұнайға және басқа шикізатқа байлықтың нәтижесі дейді. Меніңше, мүлде олай емес. Өйткені әлемдік қор биржаларында мұнай мен металл, минерал мен астық бағасы әлі күнге дейін 2007 жылдың тамызына дейінгі жағ­дайдан екі есе арзан күйінде тұр. Екіншіден, біздегі бар шикізат басқа елдерде де бар. Айталық, Ресей­дегі шикізат қоры және оны тасымал­дау жолы біздегіден әлдеқайда пайдалырақ. Десек те Қазақстан дағдарысты онша қиналмай еңсерген ел болып шықса, Ре­сей­де бір жағынан рецессия, екінші жағынан 10 пайыздан асып бара жатқан жұмыс­сыз­дық, үшінші жағынан рубльдің құнсыз­дануы орын алып тұр. Міне, әлемнің кез келген елімен салыстырғанда Қазақстанның беделдірек болуына осылайша шикізаттық фактор емес жоғары биліктегі білімділік қа­сиет оң әсерін тигізгенін жоғарыдағы са­лыс­тырмалы ақиқаттардан-ақ көруге болады. Мақаланың бұған дейінгі бөлігінде халқымыздың ғылыми тарихы мен әлеуеті, мемлекетіміздің экономикалық-қаржылық қуаты, халықаралық саясаттағы ұстанымы және жоғары биліктегі менеджменттің бі­лім­ділігі мен іскерлігі жайлы әңгімені мен себепсіз мысалға алған жоқпыз. Соның бәрі бүгінгі төрткүл дүниеге түгел танымал, бе­дел­ді, экономикалық қуатты, шикізатқа бай, ақыр аяғында, ежелден дамыған және бүгінгі дүние сұранысына толыққанды жауап бере алатындай ғылыми әлеуеті бар Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2010-2020 жылдарға арналған индус­триал­ды-инновациялық даму бағдарламасын өмірге әкелу үшін басты қажеттіліктер еді. Кез келген қолбасшы, мейлі ол соғыс ала­ңын­да немесе бейбіт еңбек майданында бол­сын қарауындағыларынан шабуылға бастау үшін жеңіске жеткізетін мықты негіз қалап алады. Демек, Елбасымыздың бүкіл қыз­меті ұлттың “қайта өрлеу” дәуірін бас­тау үшін негіз қалауға жұмсалған еді деуге толық қақылымыз. Осындай берік негіз болғандықтан да білімді көшбасшы дамуы­мыздың ең ауқымды бағдарламасын жария­лады деп ойлаймын. Шын мәнінде он жылдыққа арналған бағдарлама ауқымы жа­ғы­нан Қазақстан басшылығы осы уақытқа дейін ауызға алмаған жоспар екені даусыз. Мұны он жыл ішінде ішкі жылдық жалпы өнімнің 170 пайызға өсетіндігінен де бай­қауға болады. Шамамен әр жылға шаққанда 17 пайыздан. Мұндайды соңғы 20 жыл бойына даму қарқыны жағынан дүние жү­зін таң қалдырып келе жатқан Қытай мем­лекеті де қамтамасыз ете алмаған. Бағдар­ламаның ауқымы енді түсінікті шығар. Қазақстанның 2010-2020 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шын мәнінде ұлттық “қайта өрлеу” дәуірінің алғашқы баспал­да­ғы болмақ. Бұлай дейтін себебіміз, осы уа­қытқа дейінгі өсім толығымен шикізат­тық, аграрлық саладағы өндірісті экстен­сивті дамыту арқылы қамтамасыз етілсе, жаңа бағдарламалар Қазақстан өнімдерінің ин­тен­сивті даму жолымен молаятынын негізгі мақсат етіп алған. Жаңадан кен орындары, айталық, Қарашығанақ кеніші өндіріске қосылар, бірақ ол өнім көлемінің өсімінде басты қызмет атқармайды. Басты қызметті атқарушы нысандар – озық техникамен, технологиямен жұмыс істейтін өңдеуші, ұқсатушы кәсіпорындар болып шығады. Ал ол кәсіпорындарда жұмыс істейтіндер негізінен жоғары білікті инженер-техниктер, яғни жоғары интеллектуалдылар. Осындайда тағы бір маңызды шегініс жасауға тура келеді. Жоғарыда мен есім­де­рін атап кеткен ғалымдар мүлде шағын топ­тың өкілдері еді. Жалпы алғанда КСРО державасының стратегиялық мақсаттағы ғылыми зерттеу нысандарында жұмыс істеуге аз ұлттың өкілдері аса талантты бол­ма­са қабылданбайтын. Бұл – бір. Екін­шіден, КСРО кезіндегі Қазақстан индус­трия­сы деп аталатын саланың сүбелі бөлігі екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Украи­на­дан, Белорусиядан, ішкі Ресейден біздің елге “эвакуацияланған” зауыттар еді. Стра­тегиялық мақсаттағы бұл өндіріс орын­да­рын­да КСРО ыдырағанша жергілікті ұлт өкіл­дерінің жұмыс істеуіне тыйым салын­ған болатын. Сондықтан “қазақ проле­та­риа­ты” деген ауқымды топты тек қана шо­пырлар мен тракторшылар, машинистер және жеңіл өнеркәсіп нысандарында жұмыс істейтіндер құрады. Нақты аса біліктілікті талап ететін жоғары дәлдікті ста­ноктарда жұ­мыс істейтін қыз-келін­шектер болмады. Үшіншіден, жоғарыда аталғандардың сал­да­рынан Алматыда және еліміздің облыс орта­лықтарында тұратын­дар­дың арасында қазақтардың саны аз болды. Бұл жағдайды мен Елбасымыздың 2010-2020 жылдарға ар­налған индустрия­лық-инновациялық даму бағдарламасы туралы мақалада арнайы ай­тып отырған себе­бім, ұлт көшбасшысының 2010 жылдан басталатын жаңа жоспарын орындау – түптеп келгенде жоғарыдағы аталған кем­ші­лігімізді жойып, ұлттық про­ле­тариаты­мыздың қалыптасуына жол ашатын бірден бір іс болып шығатындығы. Пролетариат дегенде мен осы заманғы озық техника­мен, технологиямен жұмыс істеуге қабі­летті, өркениеттің озық талабына сай на­ғыз білікті жұмысшы қызметкерлер “армиясы” туралы айтып отырмын. Бұл Елбасымыздың бұдан бұрынғы бір сөзінде мәлімдеген еліміз жүретін жолға жет­кізуші қызме­тін атқарып шы­ға­тын іс болмақшы. Орайы келгенде айта кетейін, бұ­дан бір жылдай бұрын Президент Н.Ә.Назарбаев шет елдердің та­нымал жоғары оқу орын­дарын­да “Бо­­ла­шақ” бағ­дар­­ла­ма­сымен білім алған жас­тар­дың алдын­да сөз сөй­леп, “біз­дің түпкі мақ­са­тымыз – интел­лек­туалды ұрпақ тәрбиелеп, интел­лектуалды ұлт қа­лыптастыру” де­ген еді. Міне, сол ин­теллек­туал­ды ұлт қалып­тас­тыру мақ­сатына жет­кі­зе­тін жол 2010 жылдан бас­та­ла­тын бағдар­ламаны жүзеге асыру бой­ын­ша негізделеді. Ақыр аяғында бұл тұ­тастай ұлттың сапалық жақсару ке­зеңінің баста­ла­тындығын білдіре­тін бағ­дарлама болып шыққандығы да сондықтан. 2010-2020 жылдарға арналған индус­трия­лық-инновациялық даму бағдарламасы негізінен екі кезеңге бөлінеді. Оның ал­ғаш­қы бесжылдық жоспарын Үкімет жасап шықты. Ал ол “НұрОтан” ХДП ХІІ съезін­де сөй­леген партия Төрағасы Н.Ә.Назар­баев­тың сөзінде айқын тұжырымдалған. Сол сөзінде Елбасымыз таяудағы бесжыл­дықта атқарылуға тиісті жеті міндетті жіктеп көрсетіп берген еді. Мұның ішінде елімізде осы уақытқа дейін ақсап келген дәрі-дәр­мек өндірісі мен мұнай-газ химия­сы, мүлде болмаған әскери қорғаныс өндірісі секіл­ділерден үмітіміз зор. Бұларды бағдарла­ма­ның “шырайын шығаратын” нағыз ин­но­ва­циялық нысандар деуге болады. Ғалым­дары­мыз Қазақстанда дәрі-дәрмектік қа­сиеті бар және әлемнің біздің елден басқа бірде бір жерінде шықпайтын жүзден астам өсімдік түрі бар екенін айтады. Сондай-ақ, химия, фармацевтика саласындағы ғалым­дар аса сапалы, жоғары қасиетті дәрі түр­ле­рін ғылыми негіздеп жатса да олар кон­вейерлік өндіріске жол таба алмауда. Жағ­дай осындай болып тұрғанда Қазақстан өзі­не қажетті дәрі-дәрмектің 85 пайызын им­порттап келді. Бұл түптеп келгенде, отан­дастардың “тағ­дыры қыл үстінде” дейтіндей жағдай еді. Ал біздер, экономистер мұн­дайға “мил­лиард доллар амалсыздан шет­ел­ге шығары­лып жатыр, шетелдік фарма­цевтикалық компаниялардың инвесторлары болғанша соншама мол қаражатты елімізде қалдыра­тын­дай өндіріс ошағын неге аш­пай­мыз?” деуші едік. Енді міне, Н.Ә.На­зар­баев бағдарламасының алғашқы бесжыл­ды­ғын­да-ақ Қазақстан ішкі рынок сұраны­сы­ның 50 пайызын отандық өндіріс өнім­дері­мен қамтамасыз ететін елге айналмақшы. Демек, біз “дәрі-дәрмекке тәуелді” елдер тізімінен кетеміз, өйткені БҰҰ қалыбы бойынша ішкі рынок сұранысын отандық өнімдермен 30 пайыз мөлшерінде қамтама­сыз ете алмаған елдер ғана әлгіндей “қара ті­зімге” ілігеді екен. Ал мұндай ілгері басу­шылықты сапалық жаңғыру демеске амал да жоқ. Ақиқатқа тура қарар болсақ, миллион­да­ған тонна металл немесе жүздеген мил­лион тонна металл рудасын шетелдерге экс­порттап келген Қазақстан күні бүгінге дейін өз жерінде қорғаныс қару-жарақтары түгіл, соқа да соғып шықпаған ел болған еді. Енді міне, 2015 жылға дейін Қазақстан өзіне қажетті қару-жарақ түрлерінің бір­азын ішкі өндірістен алатын ел қатарына қосылмақ. Бұл тәуелсіздіктің сенімді де баянды бо­луына бір негіз. Сонымен қатар, бұл сала да еліміздің сапалық дамуының бір көр­сет­кі­ші болмақ. Бір шындықтың беті ашық, өз басым кезінде КСРО дер­жавасының әскери қорғаныс, ғарыштық бағдарламаларында жұмыс істеген ғалым­дарымыздың болуы себептен де мұндай өн­діріс ошақтарының өмірге келіп, тиім­ділікпен жұмыс істей­тініне сенімдімін. Ал қару-жарақты импорт­таған кезіміздегі жағ­дайымыз белгілі еді: басқаның жарамсыз дүниесін миллиондаған долларға сатып алып, онымыз жұмыс істе­мегендіктен та­лай адамдардың “жауапқа тартылғандығы” ұмытылған жоқ. Әрине, бұл мәселенің ақ-қарасын тиісті қызметтер анықтай жатар, ал біздер, экономистер тек қана қару-жа­рақ сатып алу үшін сыртқа кететін жүзде­ген миллион доллармен есеп­телетін мол қаржының отанымызда қала­тынына қуа­намыз. Қазіргі әлемде дүние жүзі бойынша ең табысты өндіріс көзі – қару-жарақ өндірісі екені баршаға белгілі. Демек, біз бұл саладан белгілі бір мөлшерде пайда да таба аламыз ғой. Олай болса жүздеген мил­лион тонна руда экспорттап, шикізат айма­ғы атанған, өзімізде соқа да өндірмейтін елден ең құрығанда әлемге кең тараған “Калашников” автоматын сататын елге айналсақ, бұл да ілгері басқанымызды білдіретін жағдай. Иә, жасыратын несі бар, “соқа соға­тын” бір өндіріс орны болмаған Қазақ­стан­да қазір бесінші буындағы локомотивтер шығаратын зауыт жұмыс істей бастады. Бұл да еліміздің индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасының шеңберінде осы уақытқа дейін атқарылған істің бір жемісі. Қазір Шығыс Қазақстанда пойыз вагон­да­рын құрастыру, шетелдік авто­көліктер құ­рас­тыру кәсіпорындары жұмыс істеп жа­тыр. Ескерте кетейік, салада жұ­мыс істеген мамандардың айтуына қара­ғанда Қазақ­стан­да егемендік алғанға дейін темір жол ке­рек-жарақтарының бірде бір түрі өнді­ріл­ме­ген екен. Жүздеген миллион тонна ме­талл рудаларын Ресейге немесе Украинаға аттандыратын Қазақстанда ең құрығанда шойын жол доңғалақтары қосарларын құя­тын да бір өндіріс орны болмапты. Егеменді Қазақстанның темір жолын басқарған әр кезеңдегі менед­жмент­тің білімділік және патриоттық қа­сиет­терінің нәтижесінде бұл күндері салаға қажеттінің 90 пайыздайы елімізде шығары­латын болыпты. Бұл егемендіктің алғашқы жылдарындағы Елбасымыздың атқарушы билікке импорт алмастырғыш өндіріс құру турасында берген тапсырмасының нақты жүзеге асуының көрінісі іспетті. 2010-2020 жылдарға арналған индус­трия­лық-инновациялық даму бағдарламасы негізінен өндірісті интенсивті дамыту есебінен өсім алу саясатын ұстанғаны жай­лы жоғарыда айттық. Биылғы өз Жол­дауын­да Елбасымыз бұл жөнінде былай деді: “Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнім­ділігі ең төмені және жылына бір жұмыс істеушіге 3000 доллар шамасында келеді. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50-70 мың долларды құрайды екен. Сон­дық­тан біздің міндетіміз – 2014 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешенде өнімділікті кем дегенде екі есе арттыру”. Иә, еліміз бой­ынша еңбек өнімділігі дүние жүзінің көптеген елдерінен төмен екені бізге, эко­но­мист ғалымдарға белгілі еді. Өйткені мақа­ланың жоғары жағында бірнеше рет айтып кеткенімдей, біз дүние жүзіне осы уақытқа дейін тек парафин мен күкірттен тазартылған шикі мұнай, темір рудасын сол қалпында экспорттап келдік. Бұлар жүз­де­ген миллион тоннаны құрайтын шикізаттар ғана. Сондай-ақ, қанша сапалы десек те таза бидай экспорттадық. Бұл да бар бол­ға­ны бастапқы шикізат. Мұндай жағдайда еңбек өнімділігінің төмен болуы табиғи құбылыс. Айталық, руданың бағасы темір­ден арзан, темірдің бағасы одан жасалатын балтадан арзан. Тіпті, біздің рудамыздан өзімізге бар болғаны қарапайым айыр, кү­рек, орақ, балға, балта, ине жасап сатушы­лар ең кемі 10 еседей артық пайда табады. Енді міне, 2010-2020 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдар­ламасын жүзеге асыру арқылы біз өз ши­кізатымыздан түсіретін табысты көбейте түсуге ұмтылып отырмыз. Айталық, енді Ресейге таза руда балшығын экспорттамай өзімізде одан металл қорытып шығаратын зауыттар салатын боламыз. Бұл іспен осы уақытқа дейін де “Қазақмыс”, “Қазцинк” компаниялары айналысқан болатын. Енді оларға темір кенін өндірушілер қосылмақ­шы. Әрине, біз бірінші кезекте руда экс­порттауды мейлінше азайтып, таза құйма ме­талл экспорттай алсақ та еңбек өнімді­лігін шамамен 3-4 есе өсіруге қол жетер еді. Мұны қарапайым тілмен былай түсіндіруге болады: жүз миллион тонна металл рудасын экспорттауға кететін тасымал шығыны мен бар болғаны миллион тонна таза металл экспортына кететін тасымал шығыны бір­дей емес. Теміржолшылар мұндайда бол­мыс­ты көз алдыңа дәлме-дәл келтіретін бір мысалды алға тартады. Олар “40 вагон көмір тасығаннан бір вагон электрондық-тұрмыстық техника тасымалдаған әлдеқайда тиімді” дейді. Міне, бұдан артық ештеңе айта алмаспыз. Күні бүгінге дейінгі жағдайымыздың қалай болғанын, бұдан кейінгі жағдайымыздың қалай өрістейтінін осыдан-ақ байқауға болатын шығар. Мә­селен, өз басым бұқаралық ақпарат құрал­дарында сөйлеген сөздерімде, жариялаған мақалаларымда “таза бидай экспорттаудан Қазақстанның бас тартуы керек” деген ойды айтып келдім. Себебі, бұл біз үшін тым қымбатқа түсетін іс болып шығады. Елі­міз су жолымен шекараласпаған. Сон­дықтан да бар күш темір жолға түседі. Ал бұл жолмен тасымалдау су жолына қара­ғанда үш есе қымбат. Сондықтан Қазақстан ешқашан да Канадамен, АҚШ-пен, Ресеймен, Украинамен, тіпті Қытайдың өзімен бәсекеге түспеуге тиіс. Оның орнына егер аграрлық саладағы еңбек өнімділігін екі есе арттырамыз десек етті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара шаруашылығына көңіл бөлгеніміз дұрыс. Олай дейтін себебім, бір тонна астық экспорттағаннан 100 кило ет экспорттаған әлдеқайда тиімді. Оның үстіне мынадай бір мысалға көңіл бөлген дұрыс секілді. Статистикалық дерек­тер ақиқатында бидайдың соңғы 20 жылда ең жоғары бағасы тоннасына 230 доллардан болуы тіркелген. Бұл доллардың бағасы 150 теңге деп алғанның өзінде бір тонна бидай 34,5 мың теңге болады деген сөз. Ал әлем­де, дәлірек айтсақ, Еуроодақ елдерінде еттің килосы 20 доллар тұрады. Демек, бір тонна бидайдан гөрі жүз кило ет алынып, экспорт­та­дық дейтін болсақ онда біздің кірісіміз 2000 доллар болады екен. Бұл — ет экспорттағанда астық экспорттағаннан 8 есе артық кіріс кіргізесің дегенді дәлелдейтін мәлімет. Сондай-ақ, қазіргі кезде биязы жүнді қой өсіруге ден қоюшылар көбейіп кетті. Иә, былай қарағанда биязы жүннің бағасы қымбат, экспорттық әлеуеті жоғары. Солай бола тұрса да Қазақстан жүн экспорттап пай­даға шыға алмайды. Тағы да сол су жолының жоқтығы біздің елге кедергі болады. Бұл күндегі болмыс ақиқатына көз жүгіртсек, әлемнің жүн экспорттап пайда тауып отырған елдері – түгелдей су жолына тікелей шығатын мемлекеттер. Демек, эко­номикада, оның ішінде нарықтық эконо­микада “көрпеңе қарап аяғыңды көсіл” деген бабалар өсиеті естен шықпауы тиіс. Олай болса Елбасының еңбек өнімділігін арттыруға қатысты нақты тапсырмасын орындауға ұмтылушылар бүгінге дейін инвестицияланған әрбір теңгеден екі теңге өсім алып келсек енді үш, әйтпесе төрт теңге өсім алатын жолды іздеуі қажет. Қазір еліміздің Ауыл шаруа­шылығы министрлігі суармалы егістікті ұлғайтып, жылыжайлар алқабын кеңейтіп, тамшылатып суару технологиясын пайда­ла­нып жатқандықтары жайлы көбірек айта­тын болды. Мұндайды, әрине құптай­мыз. Бірақ бүкіл Қазақстан аумағында аграрлық саладағы өнімділікті екі есе арт­тыру мәселесін жоғарыда аталған ауқым­мен шешіп тастау мүмкін емес. Сондықтан да қазіргі статистикалық мәлі­меттерде “өзін өзі қамтамасыз етуші” бабы бойын­ша тізімде жүргендерге ерекше көңіл бөлу керек. Өйткені олар бүкіл мемлекеттегі малдың тең жартысынан астамын ұстап отырған ауылдықтар. Демек, ауылдардағы әр албарда тұрған оншақты қой мен екі-үш бас сиырды ұстайтындарды коопера­тив­тер­ге біріктіру, олардан сойыстық малды, сауылған сүтті қанағаттанарлық бағамен сатып алу, ал бұл үшін сол ауыл малын жем­мен қамтамасыз ету мәселесін шешуге тиіспіз. Қазіргі таңда ауыл­дықтардың ма­лы­нан қырқылған жүн, алынған тері болмашы тиын-тебенге кетіп жатыр. Ал сол жүннен ең болмағанда пима басатын, сол тері­лерден былғары, құрым илейтін цехтарды ең құрығанда әр облыс орталығында ашуға болады ғой. Өкінішке орай, лауазымды шенеуніктердің біразы әлі де болса ауыз­дарымен “Елбасы тапсырма­сын орындап жатырмыз” дейді де іс жү­зінде “велосипед ойлап тапқысы келетін” қиялдың жетегінде жүр. Демек, ауыл шаруашылығындағы ең­бек өнімділігін арттыруды ірі қалалар төңі­регінде ірілен­дірілген шаруа қожалықтарын ашудан емес сол әр ауылға барудан, сол ауылдардың албарларындағы әр малға қам­қор болудан бастау қажет. Орайы келгенде айта кетейін, отандық химиктер дақылдар өсімін жедел­детуші және шығымдылықты арттырушы жаңа химиялық препараттар тапқандығы жайлы ертеден айтып келеді. Ғалымдар бұл жаңалықтарының өзіндік құны дәстүрлі минералды тыңайтқыш­тар­дан әлдеқайда арзан болатынын да жазды. Бірақ, не Ауыл шарушылығы министрлігі, не индус­трия­лық-инновациялық даму бағдарлама­сын жүзеге асырушы Индустрия және сауда министрлігі тарапынан осынау “пай­да­лы жаңалықты өндіріске енгізетін бол­дық, мына инвестициялық қаржы соған құйы­лады” деген сөзді әлі күнге естіген жоқ­пыз. Сонда саладағы еңбек өнімділігін төрт жыл ішінде қалайша екі есеге арт­тыр­мақпыз? Елбасымыздың өз Жолдауында көңіл бөлген бір тұсы – шағын және орта кәсіп­керлікті дамыту мәселесі. Жолдауда “он­жыл­дықтың соңында шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға дейін көтерілуі тиіс” делінген. Бұл Мемлекет басшысының атқарушы билікке жүктеген басты тапсырмасы. Орайы келген­де айта кетейін, әлемнің дамыған елдерінде шағын және орта кәсіпкерлік ішкі жалпы өнімнің ең кемі 50 пайызын береді. Ал Италияда бұл көрсеткіш 80 пайызды құ­рай­ды. Жасыратыны жоқ, біздің елде шағын және орта кәсіпкерлік мешеулеп қалу жағдайын бастан кешуде. Макроэкономика қазіргі локомотивіміз. Парадокс. Өйткені, макроэкономикамыз Жапониядағыдай Тойота, Ниссан, Тошибо секілді озық тех­ни­калар шығаратын алып трансұлттық компаниялардан құралмай, көмірсутектері мен металл өндірісі секілді шикізаттық са­ла­дан ғана жинақталған. Мінекей, еліміздегі еңбек өнімділігінің бы­лай­ғыларға қарағанда төмендігі де сон­дықтан. Сол себептен де Елбасымыздың индустриялық-инновация­лық даму бағ­дар­ламасын жүзеге асыруда орта және шағын кәсіпкерлікке басымдық беруі “екі қоянды бір оқпен ату” болып та­былады. Біздіңше ұлттық дамудың негізгі бастауы дәл осы тұста жатқан секілді. Ай­талық, Германия, Ита­лия, Грекия көмірсу­тек­терін импорт­тай­тын елдер. Қытай да, Оңтүстік Корея да солай. Бірақ олар әлемге мұнай-газ хи­мия­сы өндірісі өнімдерін таратушы елдер. Бізде мұнай экспорт­та­ла­ды. Керісінше, мұнай-газ химиясы өнім­де­рін импорттап келеміз. Полиэтилен, поли­пропилен, полистирол өндіретін шағын кәсіпорындар ашу қанша қиын? Еліміздің аэроғарыш саласын дамытамыз дейміз, бірақ елімізде авиациялық керосин өндіре­тін бірде бір зауыт жоқ. Мінекей, осы мә­се­лелердің бәрін шағын және орта кәсіп­керлікті дамыту арқылы шешуге болады. Өз басым Елбасымыз өзінің 2010 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында тұсауын кескен онжылдық индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасы толығымен жүзеге асырылатынына сенімдімін. Өйткені, бағдарламамыз қанша ауқымды болса да оны жүзеге асырудың барлық қажетті тетіктері бізде бар. Біріншіден, Қазақстанға дүние жүзі мемлекеттерінің бәрі сенетін саяси ахуал бар. Екіншіден, шетелдердің қаржылы топтарына инвестициялық кепіл­дік беретін заңымыз бар. Үшіншіден, ин­дустриялық-инновациялық даму бағдар­ла­ма­сын жүзеге асырушыларға арнайы жеңіл­діктер қарастырылатын болды. Төртін­ші­ден, елде индустриялық-инновациялық нысандар пайдаланатын шикізат қоры жеткілікті. Бесіншіден, Қазақстан геогра­фия­лық орналасуына орай қайта жаң­ғыруы­на бүкіл әлем мүдделі болып жүрген “Ұлы Жібек жолының” өзегінде жатыр. Де­мек, Еуропаның да, Азияның да рыногына төте шығатын ел. Алтыншыдан, жобаны жү­зеге асыруда қолданылатын консенсус­тық желі құру үшін Ұлттық қорында ұйыт­қы болатындай қаржысы бар ел болып тұр­мыз. Осы Жолдауда Елба­сы­мыздың өзі атап көрсеткеніндей, индус­трия­лық-инновация­лық даму бағдар­лама­сын жүзеге асыру мақ­сатында Үкіметке жыл сайын 8 миллиард доллар көлеміндегі трансферт несиесін Ұлттық қордан бөлуге рұқ­сат етіледі. Жетіншіден, және ең ше­шуші қызмет атқаратын ұлттық сауаттылық әлеуетіміз әлемнің еш мемлекетіндегіден кем емес. Қорыта айтқанда, 2010-2020 жылдарға арналған еліміздің индустриялық-инно­ва­циялық даму бағдарламасын жүзеге асыру түптеп келгенде, ұлттық “қайта өрлеудің” алғашқы баспалдағы болғалы тұр. Бұдан мың жыл бұрын әлемге Әбу Насыр әл-Фараби секілді ғұлама ғалымды беріп, ал ол өз кезегінде бүкіл адамзаттың дамуына өл­шеу­сіз үлес қосқан көшпенділердің бүгінгі заңды жалғасы – қазақ ұлты сөйтіп, өрке­ниеттің ұлы көшінде өзіне лайықты орнын алатын болады. Н.Ә.Назарбаевтың осы Жолдауында мәлімдеген бағдарламалық идеясында осындай ұлттың сапалық өсу мақсаты жатқандығын осылайша түсіну керек секілді. Мұндайда тек қана Алла алдымыздан жарылқағай деу керек. Сағындық САТЫБАЛДИН, экономика ғылымдарының докторы, ҚазҰУ-дің профессоры, академик.