Аймақтар • 22 Сәуір, 2019

Жамбыл облысы аумағындағы ірі жол апаты 11 адамның өмірін қиды

674 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Апат айтып келмейді. Өткен аптаның соңын ала Жамбыл облысында қайғылы жол апаты орын алды. Нақты мәлімет бойынша 20 сәуір күні таңғы сағат 04:15-те Алматы – Ташкент автожолының 181-шақырымында Toyotа Camry жеңіл автокөлігі (мемлекеттік нөмірі 811 IJA 02) осы бағытта жүріп бара жатқан Mercedes-Benz 814 (мемлекеттік нөмірі 209 HOA 08) жүк көлігіне барып соғылған.

Жамбыл облысы аумағындағы ірі жол апаты 11 адамның өмірін қиды

Апат салдарынан жеңіл көлікте отырған әйел оқиға орнында көз жұмды. Сол сәтте Шымкент қаласынан Алма­ты қаласына бағыт алған Van Hool (мемлекет­тік нөмері 8213 FA 13) автобусы апатқа ұшыраған көлікті айналып өтпек болып, аударылып, 8 жолаушы оқиға орнында қаза болды. Сонымен қатар 42 адам зардап шеккен. Көлік ішінде 46 азамат болған болса, кейіннен олардың қатарында Өзбекстан және Тәжікстан азаматтарының болғаны анықталды. Ал қалған 2 жолаушы – қазақстандық азамат.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға орнына жедел түрде Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөле және жедел жәрдем, төтен­ше жағдай қызметтері жетіп, зардап шеккендерді Отар стансасындағы және Қордай ауданындағы ауруханаларға жеткізді. Апатқа ұшырағандардың 2-еуі ауруханаға жетпей көз жұмғаны белгілі болды. Сонымен апат салдарынан 11 адам қаза тапты. Сондай-ақ 5 адам ота үстелінде, ал 3 адам жан сақтау бөлімінде жатыр. Жарақат алған басқа жолаушыларға тиісті көмек көр­сетілуде. Зардап шеккендерге жедел көмек көрсетуге облыстық денсау­лық басқармасының басшысы Марат Жұ­ман­құлов бастаған 3 оташы-дәрігер тікұшақпен Қордай ауданына барды. 

М.Жұманқұловтың айтуынша, бүгін­гі таңда 31 азаматқа медициналық көмек көр­сетілген. Сонымен қатар 9 азамат Өзбек­стан Республикасы Төтенше жағдай­лар министрлігінің желісі арқылы Өзбекстан Республикасына ауыстырыл­ған. Ал 4 азамат Қордай аудандық ауруханасына жатқызылған болса, 5 жолау­шы №1 Тараз қалалық ауруханасына жат­қызылған. 

Ал 9 адамды туыстары Алматы қаласына алып кетсе, 4 адам туыстары­ның көмегімен Шымкент қала­сы­на жеткізілген. «Әскери госпи­таль­ден барлық науқастар Қордай аудан­дық орталық ауруханасына ауыстырылды. Ауруханада жатқан науқастар қажетті дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілген», дейді М.Жұманқұлов.

Орын алған оқиғаға қатысты облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен Тараз қаласында арнайы комиссия құрылды. Сонымен қатар тәулік бойы қауырт желі іске қосылды. Комиссия құрамында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, облыстық полиция департаментінің бастығы, полковник Арман Оразалиев және басқа да тиісті лауазым иелері бар. Комиссия оқиға орнына барып, жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтап, зардап шеккендерге сапалы көмек көрсетуді ұйымдастыруда. Сонымен бірге оқиға орнында облыс прокуроры Жарқын Құсайынов жұмыс істеді. Ал апатқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-тармағына сай қылмыстық іс қозғалды.

Бүгінгі таңда Жамбыл облысында жалпы ұзындығы 266 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар «Мерке-Шу-Бурылбайтал» автожолының қайта жаңарту жобасы 101 миллиард теңгені құрайды. Жамбыл облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтің айтуынша, қытайлық «Синь-Синь» және отандық «АБК Автодор НС» біріккен компаниялары тарапынан аталған автожолды қайта жаңарту жұмыстары биылғы 7 сәуірден басталған. Жоба 2019-2022 жылдары іске асырылатын болады. 

Жамбыл облысы