Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік тілді еркін меңгеруі тиіс деген мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен баяндама жасады. Онда ол Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгеруін (Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының талабы) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен құрылған құрамында тіл мамандары және өзге де мамандар бар кем дегенде 5 адамнан тұратын лингвистикалық комиссияның қорытындысы анықтайтындығын айта отырып, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Білім министрлігімен, жетекші университеттің ректорларымен кеңес өткізіп және Орталық сайлау комиссиясының жанындағы лингвистикалық комиссияның құрамына қазақ тілі мен әдебиеті саласындағы көрнекті ғалымдардың ұсынылғанын жеткізді. Атап айтқанда, елімізге белгілі ғылым докторлары, профессорлар Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Ғарифолла Есім, Сейіт Қасқабасов, Гүлтас Құрманбай және Ерден Қажыбек ұсынылды.
Міне, осыған байланысты Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының «Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияны құру туралы» 2015 жылғы 27 ақпандағы №6/263 қаулысының лингвистикалық комиссия құрамы бөлігіне өзгерістер енгізілді.
Ал Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің «Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы» 1998 жылғы 9 қазандағы №280 қаулысына сәйкес, «Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 2-тармағы нормасының «мемлекеттік тілді еркін меңгеретін» деген бөлігін қазақ тілінде сауатты түрде оқиды, жазады, өз ойларын қиналмай оңай жеткізеді және көпшілік алдында сөйлей алады деп ұғу керек» деп анықталғандығы белгілі. Соған орай президенттікке кандидатты мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үшін олардан лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көлемі екі беттен аспайтын жазбаша тапсырма жазу, сосын лингвистикалық комиссия ұсынған көлемі үш баспа беттен аспайтын мәтінді оқу және лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көпшілік алдында он бес минуттан кем емес сөз сөйлеу талап етілмек.
Ол үшін жазбаша жаттығу, қазақ әдебиеті классиктерінің туындыларын оқу және еркін тақырыпқа сөйлеу үшін бірнеше тақырыптарды лингвистикалық комиссия алдын ала айқындайды, үміткер емтихандағыдай тапсырмалардың үш түрінің әрқайсысынан бір бірден таңдап алады. Бұл орайда президенттікке кандидатқа емтиханның әр кезеңіне дайындалу үшін жеткілікті уақыт беріледі. Ал жазбаша тапсырмаға қажет болса, бір сағаттан кем емес уақыт беріледі. Сонымен қатар 15 минут көпшілік алдында сөз сөйлеуге дайындалу үшін 1 сағат уақыт беріледі. Сөйтіп лингвистикалық комиссияның отырысы ашық және жариялы болады, деді Л.Сүлеймен.
Ал кандидаттарды тіркеудің кейбір мәселелері туралы сөз алған Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Бақыт Мелдешев, сайлау туралы заңның 59-бабының 2-тармағында кандидаттың және оның зайыбының тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніндегі, яғни 2019 жылғы 1 сәуірдегі кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынуы көзделген, деді.
Сондай-ақ кандидаттың республика Президентінің міндеттерін орындауына кедергі келтіретін ауруларының жоқтығын растау үшін оған медициналық куәландыру жүргізіледі, оның қорытындысы денсаулық жағдайы туралы тиісті медициналық қорытындымен ресімделеді. Ал медициналық қорытындыға қойылатын талаптар Денсаулық сақтау министрлігімен бірлескен нормативтік-құқықтық актімен белгіленеді.
Жалпы бірлескен нормативтік-құқықтық актісінде Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде тіркеуге кедергі келтіретін 107 ауру тізбесі көрсетілген. Денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындыны кандидат «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 59-бабында көзделген құжаттармен бірге кандидат ретінде тіркелу үшін Орталық сайлау комиссиясына ұсынады.