Саясат • 22 Сәуір, 2019

Шындық айтылуы тиіс десек те...

631 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қандай да бір елдің мемлекеттік құпиясы саналатын мәліметтер түрлі жолдармен әлемге жайылып кетсе, оның сол ел үшін оңай соқпасы белгілі. Өйткені бұл жерде әлгі елдің ұстанған саясатының, қабылдаған шешімдерінің терең иірімдері, өзге тараптарға қолданатын саяси тәсілдерінің нағыз шынайы мазмұны, дәлірегі, бетпердесі ашылып қалады да, соның салдарынан бірінші кезекте мемлекеттің беделі түседі, содан кейін өзге әріптес елдермен жасасқан екіжақты, көпжақты және халықаралық ұйымдар аясындағы келісімдеріне зияны тиеді. Жалпы, мемлекеттің саяси ақыл-ойында нендей «сұмдықтар» жатқанының жария болуынан туындайтын зардаптар туралы айтудың өзі қиын.

Шындық айтылуы тиіс десек те...
Жақында, яғни осы жылғы 11 сәуірде құпия ақпараттарды жария­лаумен шұғылданатын Wikileaks сай­тының негізін қалаушы, 2012 жылдан бері Лондондағы Эквадор елшілігінде бой тасалап келген Джу­лиан Ассанжды Ұлыбритания полиция­сы қамауға алды. Бұл жағдаят халық­аралық қоғамдастықтың назарын өзіне бірден аударды. 

Көп нәрсені «бүлдірген», осыдан 8 жыл бұрын Швеция жағынан айып тағылған, Британия қамауға алмақ болған,  АҚШ-қа экстрадициялану қаупі туындаған Дж.Ассанж 2012 жылы Эквадордың уақытша баспана бергенін пайдаланып, осы мемлекеттің Лондондағы елшілігін паналаған еді. Содан бері ол елшілік ғимаратында тұрып келген-ді. Бірақ кенеттен ол өзін қорғап келген Эквадордың жаңа президенті Ленин Мореноға тиісемін деп жаза басты. Дәлірегі, осыдан екі жарым ай бұрын Wikileaks сайты Л.Мореноның және оның отбасының сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар екенін жариялап жібереді (бұл Дж.Ассанжды тығылып жатқан жерінен шығару үшін екінші бір күштердің жасаған әрекеті болуы да мүмкін). Ел президенті сайт арқылы өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды. Іле Эквадор оған саяси баспана беруден бас тартты. Содан Эквадор елшісі Лондон полициясына Дж.Ассанжды ұстап алып кетуіне рұқсат берді. Осылайша, Вестминстерлік магистраттық соттың 2012 жылғы 29 маусымда берген ордері бойынша сотқа келмегені үшін Дж.Ассанжды Лондон полициясы тұтқындады. Енді Дж.Ассанж сотқа дейін Лондондағы орталық полиция бөлімшесінде отырады. Ал оның тағдыры одан әрі қай соқпаққа түсетіні әзірге белгісіз.

Өздеріңіз білетін боларсыздар, Дж.Ассанж негізін қалаған Wikileaks сайты 2006 жылы құрылған. Содан бері сайт жасырын ақпарат берушілерден алған құпия құжаттарды жариялаумен болды. Сайт арқылы алпауыт елдердің «ыстық нүктелердегі» әрекеттері жөніндегі небір жантүршігерлік деректер, белгілі тұлғалар жөніндегі ақпараттар көптеп жарияланды. Әсіресе сайт ұсынған Ирак пен Ауған­стандағы АҚШ-тың әскери операциялары туралы құжаттар, Гуантанамо түрмесіндегі ахуа­л жөніндегі және бас­қа да мәліметтер халықаралық қо­ғам­дастықты әрі-сәрі күй кештірген бола­тын.

Осындай деректерді айдай әлемге таратуға ұйытқы болған Дж.Ассанж­дың емін-еркін жүруі қиын екені ә деген­нен-ақ белгілі болған. Оны алғашқыда Швеция жағы «зорлау» фактісі бойынша қудаламақ болды, АҚШ «Ресеймен құпия келісімге келді» деп айыптады және басқа да түрлі күдік­ке ілінді. Бірақ Дж.Ассанж өзіне та­ғылған кінә­ларды жоққа шығарумен келді.

Қазіргі таңда мемлекеттік құпияны сақтауда қанша жерден озық технологиялар мен жаңа техникалар қол­данылып жүргенімен, оның кілтін ашу соншалықты қиын болмай тұрғандай. Өйткені бұл жерде құпияны сақтаушы мен оны ашушы технологиялар бір-бірімен оңай «тіл табысатын» секілді немесе қорғаушы тех­нологияға қарағанда шабуылдау­шы технология басым тә­різді... Десек те, біздің бұл пайымдауымыз негізгі түйткілдің шешімін көрсетіп бере алмайды. Өйткені бұл технология­ларды адам басқарады. Демек, мәселе өздігінен келіп адами факторға тіреледі.

Ақиқат қанша жерден айтылуы тиіс болғанымен, өз кезегінде мем­лекет­тердің өзіндік құпиялары да сақ­талғаны маңызды. Өйткені тұтас ел түгілі шағын отбасының өз құ­пия­сы мен шындығының болуы өмір заңдылығы. Міне, осы екі «ма­ңыз­дының» салмағын сана таразысына салып өлшесек, олардың қай­сысы ауыр тартады? Пәлен деп дөп баса жауап беру қиын. Сондықтан біз Дж.Ассанждың құпия ақпаратты жариялаудағы қадамын дұрыс не бұрыс істеп кесіп айта алмаймыз.