Өткен жұма күні «Ақ жол» демократиялық партиясы Ақтөбе облыстық филиалының конференциясы Ақтөбе қаласында өткізіліп оған 150-ге жуық делегат қатысты. Бұл жолы президенттіктен үміткер ұсыныла қойған жоқ. Конференцияға қатысушылар «Ақ жол» демократиялық партиясының 24 сәуір күні өткізілетін съезіне жеті делегат сайлады. Оның біреуі Парламент Мәжілісінің, екіншісі Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаттары болса, бесеуі өңірдегі аудандық мәслихаттардың «Ақ жол» партиясы атынан сайланған депутаттары. Съезд делегаттарының тек бірыңғай депутаттық фракция мүшелері атынан сайлануы оларды саяси қызметке дағдыландыра беру және тәжірибелерін арттыру қажеттігінен туындапты.
– Облысқа жұмыс сапары кезінде Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинмен кездесті. Бұдан соң ол тұрғындарды қабылдады, деп мәлімдеді газет тілшісіне «Ақ жол» партиясы Ақтөбе облыстық бөлімшесінің төрағасы Асқар Садықов.