Үкімет • 22 Сәуір, 2019

Ә.Смайылов: Инвестициялар тарту бойынша жұмыстың жаңа архитектурасы жасалды

456 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңа архитектурада Премьер-Министрдің төрағалығымен инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі ерекше рөл атқаратын болады. Бұл туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә. Смайылов Үкімет отырысында айтты.

Ә.Смайылов: Инвестициялар тарту бойынша жұмыстың жаңа архитектурасы жасалды

«Қолданыстағы тетіктерге егжей-тегжейлі талдау жүргізілді, осал жерлер анықталды, ағымдағы қызметтің тиімсіздік себептері белгіленді. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы іс-қимылдарды жалпы үйлестіру жоқ. Инвестициялық климатты қалыптастырумен министрліктер, ұлттық компаниялар, әкімдіктер және басқалар айналысады. Бірақ олардың арасында байланыс жоқ», деді Ә.Смайылов.

Бұдан соң ол Астана халықаралық қаржы орталығында жасалған құралдар пайдаланылмайтынын атап өтті.

«Әлемдік инвестициялық қоғамдастық үшін түсінікті форматта рәсімделген және ұсынылған тартымды жобалардың саны жеткіліксіз. Елдің инвестициялық имиджін шетелде ілгерілету жөніндегі жұмыс тиісті деңгейден әлі алыс. Осы жүйелі проблемаларды шешу үшін жұма күні (2019 жылғы 19 сәуірде) Жұмыс тобының ұсыныстары негізінде Үкімет «Қазақстан Республикасына шетелдік инвестициялар тарту жөніндегі шараларды күшейту туралы» қаулы қабылдады. Осы қаулымен шын мәнінде инвестициялар тарту бойынша жұмыстың жаңа архитектурасы жасалды», деді ол.

Оның айтуынша, бұл еліміздегі инвестициялық қызметтің жағдайын сапалы түрде жақсарту үшін серпін болмақ.

«Жаңа архитектурада Премьер-Министрдің төрағалығымен инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі ерекше рөл атқаратын болады. Оған стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асырудың ерекше шарттарын ұсыну жөніндегі өкілеттіктер заңнамалық деңгейде бекітілетін болады. Бұл инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру үшін қажетті шешімдерді тез және жедел қабылдауға мүмкіндік береді», деді министр.

Министрліктің ақпаратына сәйкес, кеңес құрамына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің инфрақұрылымдық даму мәселелері жөніндегі орынбасары, негізгі министрліктердің (әділет, сыртқы істер, ұлттық экономика, индустрия және инфрақұрылымдық даму, энергетика, ауыл шаруашылығы, ішкі істер), Астана халықаралық қаржы орталығының, Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық компаниялардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірінші басшылары, сондай-ақ Жоғарғы Соттың, Бас Прокуратураның және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары кірді.

«Инвестициялар жөніндегі Омбудсмен болып Қазақстанның Премьер-Министрі тағайындалғанын атап өту маңызды. Астана халықаралық қаржы орталығы инвестицияларды тарту және Қазақстан Республикасының инвестициялық имиджін ілгерілету жөніндегі жұмысты үйлестіру бойынша бірыңғай орталық болып айқындалатын болады. Ол Өңірлік инвестициялық хаб болады», деді Ә.Смайылов.