Үкімет • 22 Сәуір, 2019

Қаржы орталығы аумағында тәуелсіз сот және Халықаралық төрелік орталығы құрылды

419 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында АХҚО мәселесі бойынша жұмыс шаралары талқыланды.

Қаржы орталығы аумағында тәуелсіз сот және Халықаралық төрелік орталығы құрылды

Әділет министрі М. Бекетаев баяндама барысында, АХҚО құқықтық қамтамасыз ету үшін Негізгі заңға өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Конституцияға сәйкес Нұр-Сұлтан қаласында қаржы саласында ерекше құқықтық режим орнатылды.

Сондай-ақ, Конституциялық заң қабылданды. Халықаралық қаржы орталығы аумағындағы инвесторлардың қызметі ағылшын құқығымен реттеледі. Ресми тіл - Ағылшын тілі.

«Қаржы орталығы аумағында тәуелсіз сот және Халықаралық төрелік орталығы құрылды, онда сот әділдігін ағылшын судьялары жүзеге асырады», деді М.Бекетаев.

Министрдің айтуынша, аталған шаралардың барлығы меншік құқығын қорғауға және сот төрелігін тиімді іске асыруға кепілдік береді. Бұл ірі жобаларды іске асыруды қамтамасыз ететін шетелдік инвесторлар үшін аса маңызды.

«Инвестициялар әділ құқықтық қорғауға сенімділік болған жағдайда салынады. Мұндай сенімділік жылдар бойы қалыптасады, кейде ол үшін онжылдықтар қажет. Бизнес үшін қажетті сенімділікті ағылшын құқығы, ағылшын тілі және ағылшын соты береді. Өйткені әлемдік бизнестің 80 пайызы ағылшын құқығын таңдайды. Осы себептен ағылшын құқығына негізделген Гонконг және Дубай сияқты қаржы орталықтары өз елдерінің экономикаларына ірі инвестицияларды табысты тартып отыр», деді министр.

Сондай-ақ ол Қазақстанға инвестициялар ғана емес, инвестициялармен қоса жаңа технологиялар да  қажет екенін атап өтті.

«Қаржы орталығы аумағында зияткерлік меншікті халықаралық тіркеу бойынша ыңғайлы сервис қамтамасыз етіледі. Ағылшын тілін еркін меңгерген және үздік әлемдік университеттерде білім алған халықаралық деңгейдегі заңгерлер даярланды», деді М.Бекетаев.

Министрліктің ақпаратына сүйенсек, халықаралық құқық үстемдігі индексінде Қазақстан 7 жыл ішінде 10 тармаққа өсім көрсетіп, 126 елдің ішінде 65-ші орында тұр.