Үкімет • 22 Сәуір, 2019

Инвестициялық омбудсмен функциялары Премьер-Министрге жүктелді

593 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында инвестициялар тарту жұмыстарын жетілдіру мәселелері қаралды. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз орталығы хабарлады.

Инвестициялық омбудсмен функциялары Премьер-Министрге жүктелді

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ə. Смайылов, Сыртқы істер министрі Б. Атамқұлов, Әділет министрі М. Бекетаев, өңірлердің әкімдері инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты жетілдірудің жаңа тәсілдері туралы баяндады. Мәселені қарау барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қ. Келімбетов, Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі қауымдастығының басқарма төрағасы А. Прейманис сөз сөйледі.

«Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономика өсімінің тұрақты қарқынын қамтамасыз ету міндетін қойды, бұл негізгі капиталға ЖІӨ 30% деңгейіне дейін инвестициялар көлемін ұлғайтуды талап етеді. Тікелей шетелдік инвестициялар негізгі драйверге айналуы тиіс», деді А. Мамин. 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 15,8% өсіп, $22,4 млрд құрады.

Инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту және инвестициялар тарту жұмыстарын жетілдіру мақсатында Үкімет жаңа тәсілдерді қабылдады. Премьер-Министрдің төрағалығымен Инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды. Инвестициялар тарту мәселесі бойынша барлық жауапты шешімдер Үйлестіру кеңесінің қарауына шығарылатын болады. Кеңестің бірінші отырысы биыл мамыр айында өтеді.

Инвестициялық жобаларды іске асыруға және инвесторлардың құқықтарын қорғауға қатысты мәселелерді шешу үшін инвестициялық омбудсмен функциялары Премьер-Министрге жүктелді.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы, өз кезегінде, инвестициялар тартудың аймақтық орталығына айналуы тиіс. АХҚО қызметін қамтамасыз ету үшін ерекше құқықтық режим белгіленген: Конституциялық заң қабылданған, инвесторлардың қызметі ағылшын құқығымен реттеледі. Бүгінде инвесторларға қолайлы жағдайлар қарастырылған: тәуелсіз реттеу, сот пен Халықаралық арбитраждық орталық жұмысы әлемдік стандарттарға сай келеді және шетелдік инвесторлардың құқықтық жайлылығын қамтамасыз етеді; тәуелсіз қорлардың әлемдік басқарушы компанияларын тартуға жағдайлар жасалған.

Инвестициялар ағымын арттыру үшін АХҚО алаңында инвесторлармен жұмыс жүргізетін бірыңғай экожүйе құрылады, бұл жүйеге барлық даму институттары кіретін болады және «бір терезе» қағидасы аясында жұмыс жасайды.

«Шетелдік инвестицияларды тарту экономиканың дамуына жол ашып, халықтың тұрмыс сапасына қатысты мәселені шешуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін нақты түсінуіміз керек. Әкімдіктер инвесторлармен жұмыстарды өзгертіп, инвестициялар тартудың жаңа алгортиміне қосылуы қажет», деді Премьер-Министр А. Мамин.