Аймақтар • 22 Сәуір, 2019

Ардагерлерге арналған «Ашық есік» акциясы басталды

967 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Б.О Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы алдағы Жеңіс күніне орай 22 сәуір мен 5 мамыр аралығында «Ашық есік күні» акциясын өткізеді. Акция барысында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне дәрігерлер тегін кеңес беріп, ем қолданылады. Жақында ғана Урология ғылыми орталығының дәрігерлері 90 жастағы тыл ардагеріне күрделі операция жасап, қуығынан алты бірдей тас алды. Жеңіс күні қарсаңында Урология ғылыми орталығының ұжымы қарияны атаулы мерекемен құттықтап, ауруханадан шығарып салу рәсімін өткізбек.

Ардагерлерге арналған «Ашық есік» акциясы басталды

Соғыс ардагерлері мен қарияларды Урология ғылыми орталығының терапевт, кардиолог, гастроэнтеролог, уролог, нефролог дәрігерлері тегін қабылдап, кеңес бермек. Стационарлық ем қажет болған жағдайда Урология ғылыми орталығы тегін ем көрсетеді. Дәрігерлердің қабылдау уақыты: күнделікті сағат 9:00-16:00. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, ата-әжелеріміз аман болсын. Біз олардың жасаған жақсылығын ұмытпаймыз. Үлкендерге құрмет көрсету – біздің басты парызымыз», деп санайды дәрігерлер. Сондықтан да бұл шара Жеңіс күні қарсаңында көнекөз қарияларымызға арналып отыр.  

Өткізу орны Алматы қаласы, Бәсенов көшесі,  2в.

 – Осыдан он күн бұрын тыл ардагері Мұқанов  Игенкүл зәр шығару жүйесінің қиындауы мен қуығының сыздап ауруы мазалап, Урология ғылыми орталығына келген болатын. Бұған дейін пациент медициналық тексеруден өтіп, дәрі-дәрмекпен емделіп келген. Көптеген аурухана дәрігерлері науқастың жасын, қосалқы ауруларын ескеріп, Урология ғылыми орталығына жіберген. Мұндағы білікті  дәрігерлер мен профессорлар қарияның қуығында тас жиналып қалғанын анықтап, 16 сәуір күні күрделі операция жасады. Андрология бөлімшесінің дәрігерлері Қожамжаров Алижан Қожамжаров пен Якуб Хахазов жасаған операция 2  сағатқа созылып, науқастың қуығынан 6 тас алынды. Урология ғылыми орталығында тиісті ем шараларын қабылдаған қарияның денсаулығы қазір бірқалыпты. Енді уролог-дәрігерлер 23 сәуір күні науқасты үйіне салтанатпен шығарып салады, – дейді орталықтың баспасөз хатшысы Айғаным Алипова.


АЛМАТЫ