Аймақтар • 22 Сәуір, 2019

Жеңілдікпен несиелеуге банкілер белсенділік танытуда

450 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысындағы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов облыс әкімдігінде өткен «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту шеңберінде жеңілдікпен несиелеу бағдарламасының аймақта іске асырылу барысы жайында баяндады.

Жеңілдікпен несиелеуге банкілер белсенділік танытуда

Негізінде, «Қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту бойынша бағдарлама әзірленіп, бағдарламаның іске асырылуына жәрдемдесу мақсатында Кәсіпкерлер палатасы жанында Жобалық кеңсе құрылған.

Жобалық кеңсе құрамына Кәсіпкерлер палатасы, облыстық кәсіпкерлік және туризм, индустриялық-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы басқармалары, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, екінші деңгейлі банк филиалдарының басшылары енген.

«Бүгінгі күні жобалық кеңсе мүшелері кәсіпкерлер арасында кең көлемді ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуде. «Даму» қорымен бірлесіп, Палатаның алаңында осы бағдарламаның іске асырылуына тікелей жауапты қалалық және аудандық кәсіпкерлік бөлімдері, Палатаның филиал басшылары, екінші деңгейлі банк өкілдеріне арнайы семинар ұйымдастырылды. Бағдарламада басымдық берілген жобалар азық-түлік, жиһаз, жеңіл өнеркәсіптері және құрылыс тауарларын шығаруды қамтығандықтан, осы салалардың 200-ге жуық кәсіпкерінің қатысуымен төрт кездесу өткізілді», - дейді Ғалымбек Жақсылықов.

Палата директоры мәжілісте өңірлік Жобалық кеңсенің жұмысында жалпы құны 8,3 млрд.теңгені құрайтын 90 жоба бар екендігін, оның ішінде қазірдің өзінде 2 жоба мақұлданғандығын жеткізді.

Мұнан өзге, бүгінде 5 жоба банктің қарауында, 21 жобаның құжаттары жинақталып, 58 жоба бойынша келісімдер жүргізілуде.

«Қарапайым заттар экономикасын» дамыту шеңберінде жеңілдікпен несиелеу бағдарламасын облыста іске асыруға «Халық банк», «Сбербанк», «АТФ Банк», «ForteBank», «ЦентрКредитБанкі», «Цеснабанк» және «Еуразиялық Банктің» филиалдары қатысып жатыр.