Аймақтар • 22 Сәуір, 2019

Инвестор Солтүстiк Қазақстанда майлы дақылдарды өңдейтiн үлкен зауыт салмақ

472 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов «Маслодел» ЖШС серiктестiгiнiң бас директоры Павел Селивановпен кездестi. Кездесуде кәсiпорынның өңiрдегi даму перспективалары талқыланды. Бұл туралы СҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Инвестор Солтүстiк Қазақстанда майлы дақылдарды өңдейтiн үлкен зауыт салмақ

Биыл «Маслодел» Петропавлдағы зауытында сүт өнiмдерiн өңдейтiн жаңа желiнi iске қоспақ. Бұл 36 мың тонна дайын өнiм. Жалпы инвестиция құны 3 млрд.теңге. Қосымша 45 жаңа жұмыс орны ашылады.

Павел Селиванов майлы дақылдарды өңдейтiн жаңа зауыттың жобасын ұсынды. Жаңа кәсiпорын жылына 500 мың тоннаға дейiн рапс, зығыр және күнбағысты өңдейтiн болады. Жобаға 9 млрд.тг инвестиция құйылмақ. Жаңа зауыт 135 адамды жұмыспен қамтиды. Бюджетке 800 млн.тг жуық салық түседi.

Өңiр басшысы мемлекет инвестжобалардың iске асуына барынша көмек беретiндiгiн айтты.

«Өте маңызды жобалар. Бiз бiрнеше рет кездестiк. Сiздiң зауыттың жаңғыртылуы сүт өндiрiсiнiң ұлғаюына әкелдi. Былтыр бiз 4 сүт-тауар фермасын аштық. Биыл тағы 3 сүт кешенi iске қосылады. Келесi жылға да осындай жоспар бар. Қазiр бiздiң облыс өндiрiлген сүттiң 44 пайызын өңдейдi. «Маслодел» зауытының жаңа желiсi iске қосылғанда, 50 пайыз болады. Жыл сайын бұл көрсеткiш ұлғайып тұруы керек. Бiз өндiрудi бiлемiз, бiрақ өңдеуге көңiл бөлмеймiз. Сондықтан, сүт, ет, бидай және майлы дақылдарды қайта өңдеу бағытын жалғастырамыз. Мемлекет сiзге жобаларды iске асырудың барлық сатыларында көмектесетiн болады» дедi Құмар Ақсақалов.