Аймақтар • 22 Сәуір, 2019

Енді ет бағытындағы құс өсіреді

492 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Енді ет бағытындағы құс өсіреді

Қазақстанға шетелдерден күні бүгінге дейін құс еті өнімдері тасымалданып келеді. Ұланғайыр даласы бар, ауылшаруашылығының барлық түрлерімен айналысуға жағдайы жететін елімізде осы олқылықтардың орнын толтыруға кәсіпкерлеріміз қатты атсалысып жатыр. Шиелі ауданында үш жыл бұрын 165 млн. теңгеге «Мөлдір и К» серіктестігі құс фермасын іске қосқан болатын.

Құс фермасына 2016 жылдың желтоқсан айында 12 мың балапан әкелінген. Одан бергі уақытта фермадағы 11 мың тауықтан тәулігіне 10 мың дана жұмыртқа алынып келді.

2017 жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы екінші деңгейлі банктен 33 млн 500 мың теңге қосымша қаражат алынып, құс фермасының 2 цехы іске қосылды. Сонымен қатар, Түркістан облысынан тағы 12 мың балапан әкелінді.

Бүгінде құс фермасында 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Фермада өнім көлемі де артып, мұнда тәулігіне 20 мың дана жұмыртқа алынады.

Өз еңбектерінің жемісін көрген серіктестік енді ет бағытындағы құстарды өсіруді жоспарлап отыр. Осылайша, жылына 66 тонна құс етін дайындауға бекінген ферма бұл жұмыстардың көкжиегін алдағы уақыттарда кеңейте бермек.