Аймақтар • 22 Сәуір, 2019

Өткен жылы елордаға инвестиция рекордтық көлемде тартылды

617 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сырттан түскен қаржы көлемі триллион теңгеден асты деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Өткен жылы елордаға инвестиция рекордтық көлемде тартылды

«Бұл көрсеткіштерге құрылыс жұмыстарының есебінен қол жеткізілді. Ал биыл құрылыс жұмыстарының азаюына байланысты инвестиция көлемі де төмендеп отыр. Өйткені инвестиция құрылымының 70-80% құрылыс саласы құрайды. Біз өткен жылдардағы инвестицияларға талдау жасап, 2019 жылға арналған болжамдық көлемдерді жинап Жоспар құрдық. Егер оны орындасақ, былтырғы көрсеткішке, яғни инвестициялар көлемін триллион теңгеге қол жеткізе аламыз», – деді қала әкімі Бақыт Сұлтанов «Инвестицияларды тарту мәселелері» тақырыбында өткен Үкімет отырысында. 

Жалпы қала басшылығы қаланың инвестиция тарту әдістерін қайта қараған. Әкімнің айтуынша, Халықаралық қаржы орталығында құрылған экожүйе - бірегей құқықтық режимі бар жалғыз алаң. Ол қауіпсіз инвестициялауға барлық жағдай жасап жатыр. 

«Сондықтан Халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп инвестиция тарту бойынша  Жол картасын әзірледік», – деді ол. Қазір қалада инвесторлардың мәселелерін тез арада шешетін «Астана Инвест» арнайы ұйымы жұмыс істейді («бір терезе» қағидасы бойынша). Инвестиция тарту жұмыстарында синергия құру мақсатында Халықаралық Қаржы орталығының аумағында «Астана Инвесттің» фронт-кеңсесі ашылады.

«Жалпы бізде жұмыс барысында сомасы 3 трлн теңге шамасындағы 200-ден астам жоба бар, оның 45-і шетел инвесторлары мен трансұлттық корпорациялардың қатысуымен іске асуда. Биыл аталған жобалардан 120 млрд.теңге инвестиция түседі деп күтілуде», – деді Б. Сұлтанов. Қала әкімі, арнайы экономикалық аймақтың аумағын 8 мың гектарға кеңейту қажет екендігін айтты. 

«Осы жерлерге келгісі келетін әлеуетті инвесторлар бар, оның ішінде 10 ірі компания 430 млрд теңге сомасындағы Көп функционалды тұрғын үй кешендерінің құрылысын бастауға дайын. Тек осы жобалардан биыл 100 млрд теңге инвестиция тартуға болады», – деді қала әкімі. Уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп елорданың халықаралық көліктік қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізілуде. «Әуе қолжетімділік – Нұр-Сұлтан қаласын өңірдегі алдыңғы қатарлы қаржы орталықтарының бірі ретінде жайғастыратын басты фактор. Ірі қаржы астаналары арасындағы тұрақты тікелей рейстер шетел инвесторлары мен туристердің келуін арттырады. Елбасының тапсырмасына сәйкес АҚШ, Жапония, Еуропа, Таяу Шығыс және Азия елдерімен тұрақты тікелей әуеқатынастарын орнатуды әрі қарай жалғастыру қажет», – деп атап өтті Б. Сұлтанов.