Аймақтар • 22 Сәуір, 2019

Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ілгерілету жөніндегі насихаттық топ жасақталды

657 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы «Достық» үйіндегі өткен жиында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ілгерілету жөніндегі насихаттық топ жасақталып, қазақстандық этностарға арналған алғашқы «Қазақтану» лекторий өтті.

Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ілгерілету жөніндегі насихаттық топ жасақталды

«Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты негізінде «Бірыңғай ортақ құндылықтарды қалыптастыру, сондай-ақ Қазақстан этностары арасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ілгерілету» тақырыбындағы жобаны жүзеге асырып отыр.

Жаңадан жасақталған ақпараттық-насихаттық топ мүшелері тұрақты түрде жұмыс істеп, мектептер мен колледждерде, ЖОО-дарда, этно-мәдени орталықтар мен жастар ұйымдарында ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізіп, түрлі шаралар ұйымдастырып, лекциялар оқитын болады», дейді ұйым басшысы Жаңыл Әпетова.

Алматы қаласы ҚХА мүшелері – Грек мәдени орталығының төрағасы Георгий Иорданиди, Алматы қаласы ҚХА төрағасының орынбасары, Осетин мәдени орталығының басшысы Казбек Мамсуров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер Асылы Осман, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Сауық Жақанова, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері Құсман Шалабаев, Майра Сағымбекова, ҚР экономикалық қоғамдастықтарының және басқа да нысандағы кооперативтердің ұлттық қауымдастығы» ЗТБ президенті Қазбек Шайых, «Халифа Алтай» қорының төрағасы Қабден Алтайұлы, «Бәйтерек» жастар орталығының жетекшісі Мейіргүл Қазыбаева, Сервистік қызмет көрсету колледжі жастар ұйымының жетекшісі Тұрсын Бекжан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ілгерілету жөніндегі пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Отырыс нәтижесінде ақпараттық-насихаттық топ құрылып, құрамы бекітілді.

Топ құрамына ҮЕҰ мен сараптамалық қауымдастық өкілдері, этно-мәдени орталықтардың көшбасшылары, мәдениет, әдебиет және өнер қайраткерлері, тарихшылар мен этнографтар  топтастырылды.

Отырысты «EDTECH-KZ» Халықаралық білім орталығының бас директоры, Қазақ психологиялық қоғамының вице-президенті Ғани Бейсембаев жүргізді.

Сондай-ақ, отырыстан кейін ақпараттық-насихаттық топ мүшелерінің алғашқы «Қазақтану» лекторийі өтті. «Ұлы мұра – ұрпаққа аманат» атты алғашқы лекторийде этнограф-зерттеуші, Қазақстан мен ҚХР-дағы қазақ мәдени мұралары жайлы 10-ға жуық этнографиялық еңбектің авторы, жазушы Баяхмет Жұмабайұлы, филология ғылымдарының кандидаты, Алматы қаласы ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының төраға орынбасары Светлана Ананьева, «Нұр-Мүбәрак» ислам мәдениеті университетінің Жалпыгуманитарлық пәндер кафедрасының доценті, антропология, этнология, этнография мамандығы бойынша тарих ғылымдарының кандидаты Досымбек Қатран, Алматы қаласы мен Алматы облыстық Түркiмен этно-мәдени орталығының төрайымы, экономика ғылымдарының кандидаты Гульнара Аннакулиева сынды зерттеушілер «Рухани жаңғыру» бағытындағы зерттеулерімен бөлісіп, ойлары мен пікірлерін, ұсыныстарын ортаға салды. Лекторийге Алматы қаласы ҚХА кафедраларының студенттері қатысып, аға буынның лекциясын тыңдады.