Аймақтар • 22 Сәуір, 2019

Қостанай қаласында 270 көп балалы отбасы пәтер кезегінде тұр

708 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының ХҮШ съезіндегі тапсырмаларының бірі «Халыққа көмек» жобасы Қостанай өңірінде де жүзеге асып жатыр. Жобас аясында партияның Қостанай қалалық филиалындағы қоғамдық қабылдауға әлеуметтік жағынан әлжуаз және көп балалы отбасылар өз жағдайларын айтып жиі келеді.

Қостанай қаласында 270 көп балалы отбасы пәтер кезегінде тұр

Бұл жолы партияның Қостанай қалалық филиалы төрағасының орынбасары Манарбек Сұлтанғазин, қалалық мәслихаттың депутаты Ольга Игимбаева, Қостанай қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақбөпе Манатова келгендерді қабылдап, олардың барлығын да мұқият тыңдап, өтініштерін жаздырып алды. Үш отбасына азық-түлік берілді. Тұрмыс тауқыметін тартқан отбасыларының жағдайы «Халыққа көмек» жобасы аясында талданып, екшеліп, оларға тиісті көмек көрсетілетін болады.

Бүгінде Қостанай қаласында 730 көп балалы және әлеуметтік тұрмысы әлжуаз отбасы бар. Олардың арасында 270 отбасы баспана кезегінде тұр. Қостанай қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақбөпе Манатованың айтуынша, табысы аз отбасыларына адрестік әлеуметтік көмек көрсетіледі.

– Оның сыртында кәсіпкерлер қолдауымен қыс айларында 28 отбасына 64 тонна көмір түсірілді, 168 отбасына азық-түліктей көмек берілді. 34 отбасынан 90 бала мектептерде тегін тамақтандырылады. Бір баланы Нұр-Сұлтан қаласына емдеуге апару үшін 90 мың теңге көмек жасалды, 1 студенттің оқу ақысы төленді. 8 бала асырап отырған көп балалы отбасына кәсіпкер 3 бөлмелі пәтер алып берді, дейді Ақбөпе Рахымжанқызы.

Жалпы «Nur Otan» партиясының Қостанай қалалық филиалында жыл басынан бері 15 қоғамдық қабылдау өткізіліп, оған 54 адам жағдайын айтып, қажетті көмегін алған.