Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның арасындағы екіжақты және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықтың достық пен өзара сенімге негізделген дәстүрлі жолы қалыптасқан. Қос тарап та осы ынтымақтастықты уақыт талабына сай одан әрі жетілдіре түсуге мүдделі.
Сонымен Ақорда резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін мемлекеттер басшылары бірінші кезекте шағын құрамда келіссөздер өткізді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Иннің елімізге алғашқы мемлекеттік сапары Қазақстан-Оңтүстік Корея арасындағы саяси диалог пен экономикалық іс-қимылдардың дамуына серпін беретінін атап өтті. Қазақстан Президенті күн тәртібіндегі барлық мәселелерге қатысты табысты келіссөздер өтіп, екіжақты тиімді шешімдер қабылданатынына сенім білдірді.
– Президент мырза, Нұр-Сұлтан қаласына қош келдіңіз! Біз кеше екіжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқыладық. Бұл Сіздің Қазақстан Республикасына алғашқы мемлекеттік сапарыңыз. Кеше Сіз ұлттық батырларыңыздың мәйіттерін Отанға қайтарған маңызды рәсімге қатыстыңыз. Осы оқиғаға орай құттықтауымды қабыл алыңыз, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Ин Қазақстанға мемлекеттік сапармен шақырып, жылы қабылдағаны үшін ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, бұл сапар биыл атап өтілетін Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестіктің 10 жылдығы қарсаңында ерекше маңызға ие.
– Қазақстан – Еуразия құрлығында бейбітшілік орнатуға және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған Корея Республикасының «Жаңа солтүстік саясатын» жүргізудегі негізгі әріптесі. Менің бұл сапарым екіжақты қарым-қатынастарды ғана емес, сонымен қатар Корея Республикасы мен Орталық Азия елдері арасындағы көпжақты өзара іс-қимылдарды нығайтуға серпін береді деп үміттенемін, – деді Оңтүстік Корея Президенті.
Кездесуде тараптар саясат, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты, сондай-ақ екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдарын талқылады.
Бұдан кейін тараптар кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. Келіссөздер барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Корея Республикасының сенімді әрі стратегиялық әріптес екенін атап өтті.
– Екі халықтың мәдени және сауда байланыстары Ұлы Жібек жолы заманында өркендеп, ғасырлар бойы жалғасып келеді. Қазақ және корей тілдерінің Орал-алтай тобында болуы халықтарымыздың тарихының да жақындығын көрсетеді, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мен Оңтүстік Корея қарым-қатынастарының қалыптасып, нығаюына зор үлес қосқанын ерекше атап өтті.
– Екіжақты серіктестіктің бастауында Елбасы тұр. Ол елдеріміз бен халықтарымыздың арасындағы достық пен ынтымақтастықтың берік іргетасын қалады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында екі елдің қарым-қатынастары іс жүзінде барлық бағыт бойынша ықпалдастықтың сапалы әрі жаңа деңгейіне көтерілгенін айтты. Сондай-ақ Үкіметаралық комиссия мен Қазақстан-Оңтүстік Корея іскерлік кеңесінің жұмысын жоғары бағалады.
– Оңтүстік Корея – Қазақстан үшін сауда-инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан маңызды 10 елдің бірі. Өзара тауар айналымы көлемінің қарқынды өсуін ерекше атап өтемін. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша оның көрсеткіші рекордтық деңгейге, яғни 4 миллиард долларға жетіп, 2017 жылға қарағанда екі еседен астам өсті. Инвестиция саласындағы ынтымақтастығымыз жоспарлы түрде дамып келеді. Оңтүстік Кореядан Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі 7 миллиард долларға жетті. Оңтүстіккореялық бизнес тамақ өнеркәсібі, кен байыту, автомобиль және экономикамыздың басқа да салаларында табысты еңбек етуде, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайтуға корей диаспорасы зор үлес қосқанын атап өтіп, корейлердің Қазақстандағы ірі этностық топтардың қатарына кіретінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде тұратын корейлердің этномәдени ерекшелігін сақтау үшін Қазақстан Үкіметі бұдан былай да барлық жағдай жасайтынын айтты.
– Қазақстан Корей түбегіндегі бейбіт үдерісті қолдайды. Осы сәтті пайдаланып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқаннан кейін экономикалық дамуға қол жеткізді. Бұл Корей түбегі үшін өте маңызды үлгі, – деді Мун Чжэ Ин.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі өркендету тұрғысынан қарағанда, бүгінгі сапардың мәні зор екенін, Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның достығын одан әрі нығайтуға ықпал ететінін жеткізді.
Бұдан кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Президенті Мун Чжэ Ин жүргізілген келіссөздердің қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізді.
Журналистер алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Мун Чжэ Ин бастаған оңтүстіккореялық делегацияны қонақжай қазақ жерінде қабылдау үлкен мәртебе екенін айта келіп, бұл мемлекеттік сапардың екі елдің стратегиялық қарым-қатынастарының 10 жылдығына орай өтуі өзіндік мәнге ие екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы Корея Республикасын сауда-экономикалық тұрғыдан Азиядағы ең ірі екінші әріптес екеніне және жаһандық, аймақтық деңгейлердегі әртүрлі мәселелер бойынша ынтымақтастықтың жоғары деңгейі қалыптасқанына тоқталды.
Қазақстанның әлемдік ядролық қаруға қарсы қозғалыстағы көшбасшылық рөлін атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев Корей түбегін денуклеаризациялау бойынша Сеулдің қадамын қолдайтынын айтты. Президенттің пікірінше, бұл мәселе әлем бойынша қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін өте маңызды.
– Біз корейаралық диалогтың дамуын жіті бақылап отырмыз. Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Ин мырзаның осы тағдыршешті үдерісте бейбітшілік пен мүдделі тараптар арасындағы келіссөздерді қайта бастауға бағытталған еңбегін жоғары бағалаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы журналистерге корейлік әріптесімен болған келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер талқыланғаны жөнінде айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне арнайы тоқталды.
– Қазақстан Оңтүстік Кореямен Біріккен Ұлттар Ұйымы, Дүниежүзілік сауда ұйымы, «Орталық Азия – Корея Республикасы» форумы және тағы басқа құрылымдар аясында тығыз қарым-қатынас жасап отыр. Бүгінгі сапардан кейін біздің әріптестігіміздің аясы кеңейе түсетіні сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, бұл жұмыстардың негізгі басымдығы Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында бүгін қол қойылған «Самал жел» жаңа экономикалық ынтымақтастық бағдарламасында көрініс тапқанын айтты.
– Біздің елдеріміз қазірдің өзінде машина жасау, жол құрылысы және инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, қаржы секторы, денсаулық сақтау, ақпараттық және коммуникациялық технология салалары бойынша ірі жобаларды жүзеге асырып жатыр. Корея бизнесінің ынтымақтастықты жандандыруға мүдделілік танытуы қуантады. Бүгінде 500-ден астам бірлескен кәсіпорын Қазақстан аумағында белсенді жұмыс істейді. Бұлардың қатары арта түседі деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Брифинг барысында Қазақстан Президенті еліміздің кореялық инвестициялық технологияның енгізілуіне мүдделілігін тағы да нақтылады. Сондай-ақ сауда-экономикалық және ғылыми-технологиялық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыруға қатысты уағдаластық туралы және Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан – Оңтүстік Корея халықаралық IT-орталығын ашу жөнінде айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы көлік-инфрақұрылым салу жөніндегі ынтымақтастықты тереңдету мәселесіне ерекше назар аударып, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы мен оңтүстіккореялық «Жаңа солтүстік саясат» бағдарламасының стратегиялық басымдықтарының жақындығын айтты.
– Біз бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды қатар жүзеге асыра отырып, көлік-транзит бағдарын дамыту қажеттігі жөнінде өзара түсіністікке қол жеткіздік. Қытайдың Тынық мұхиты жағалауындағы Ляньюньган портында жұмыс істеп тұрған қазақстандық терминалдың мүмкіндігін корей тарапының белсенді пайдалану мәселелері туралы түсіністікке қол жеткізілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысты шағын және орта бизнестің мүмкіндіктерін ынталандыру ісіндегі екі елдің банктері мен қаржы институттарының өзара ықпалдастығының маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ оңтүстіккореялық кәсіпкерлерді Орталық Азия нарығына шығу үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңын пайдалануға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында білім, денсаулық салалары, Арал теңізінің проблемасын шешу, экологиялық апат аймағындағы жағдайды оңалту және парламенттік дипломатия сияқты бірқатар мәселелер бойынша уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтты.
Соңында Қазақстан Президенті оңтүстіккореялық делегацияға және Президент Мун Чжэ Ин мырзаға мазмұнды келіссөздер үшін ризашылығын жеткізіп, бұл сапар Қазақстан мен Кореяның арасындағы достық пен өзара сенімге, әріптестікке негізделген ынтымақтастықтың одан әрі дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.
Брифинг барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Инге корей халқы үшін құнды кітап сыйлады.
– Сіздердің тарихтарыңыздың тағы бір парағынан сыр шертетін кітапты сыйға тартқым келеді. Осынау бірегей кітап 1937 жылы Қиыр Шығыстан Қазақстанға корейлердің күштеп көшірілуі жайында тереңірек білуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Бұл кітапта сталиндік тоталитарлық жүйе кезеңіндегі қайғылы оқиғаларға қатысты сирек кездесетін құжаттар мен суреттер жинақталған. Кітап ХХ ғасырдың 30-40-жылдарындағы корей халқының тарихын барынша ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді деп үміттенемін, – деді Қ.Тоқаев туындыны оңтүстіккореялық әріптесіне сыйға тарту барысында.
Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылды. Олар: Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының бірлескен мәлімдемесі (Мәлімдеме мәтіні бөлек жарияланып отыр); Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы Сотталған адамдарды беру туралы шарт; Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының «Самал жел» жаңарған экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы; Қазақстан Республикасының Цифрлы даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Корея Республикасының Ғылым және ақпараттық-коммуникативтік технологиялар министрлігі арасындағы Төртінші өнеркәсіптік революциясы жөніндегі меморандум; Қазақстан Республикасының Цифрлы даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Корея Республикасының Ғылым және ақпараттық-коммуникативтік технологиялар министрлігі арасындағы Бірлескен Халықаралық ІТ-орталығын құру жөніндегі ниеттестік туралы хаттама; Қазақстан Республикасының Цифрлы даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Корея Республикасының Ғылым және ақпараттық-коммуникативтік технологиялар министрлігі арасындағы Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта бірлесе зерттеу және пайдалану саласында өзара түсіністік туралы меморандум; Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Корея Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі арасындағы Денсаулық саласында «Самал жел» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жоспар; Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитеті мен Корея Республикасының Кеден қызметі арасындағы уәкілетті экономикалық операторларды мойындау жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.