Халық санының күрт артуына соғыс болмаған елдер мен демографиялық өсімге мүдделі мемлекеттердің саясаты себеп болды. Ал әлеуметтік сала мамандарының мәліметінше, бұдан бөлек адамзатты алаңдататын тағы бір себеп бар. Ол – адам санының сапалық жағынан артпауы. Яғни, күтпеген, жоспарланбаған немесе әйелдерге зорлық көрсетуден туған балалардың көбеюі. Соның салдарынан тастанды, болмаса денсаулығы кінәратпен дүниеге келетін сәбилер саны артуда. ХХ ғасырдың 60-жылдары адамның репродуктивтік құқығы үшін күрескен дүниежүзілік қозғалыс орын алды. Осы қозғалыстан кейін 1969 жылы БҰҰ жанынан UNFPA (United Nations Fund for Population Activities – БҰҰ-ның халықтың қоныстануы саласындағы қоры) құрылды. Ол – репродуктивті және жыныстық денсаулықты қорғау бойынша мамандандырылған мекеме. Сондай-ақ әлемдегі қыздардың тағдырына алаңдайтын, жасөспірімдер арасындағы некеден сақтануға шақыратын, дені сау баланы туу мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейтін жетекші агенттік. UNFPA кедейлікті жоюға бағытталған саясат пен бағдарламаларды жасау кезінде халық қоныстануы бойынша мәліметтерді пайдалануға, сонымен қатар әрбір жүктіліктің қалаулы, әрбір босанудың қауіпсіз болуын және барлық жастар өз потенциалдарын жүзеге асыру мүмкіндігін иеленуін қамтамасыз етуге жәрдемдеседі. Осы ұйымның көптеген түйткілдердің түйінін тарқатуды көздеуі мен аталған қозғалыстың орын алуы өз тағдырын өзі билеу, өз болашағын өзі жасау арқылы қашан балалы болуды өзі шешу мүмкіндігін беріп, миллиондаған әйелдердің өмірін өзгертті.
UNFPA-ның құрылғанына биыл жарты ғасыр толды. Жеткен жетістіктеріне қарамастан, жақында жарыққа шыққан «Аяқталмаған жұмыс: барлық адамның таңдау құқығы мен мүмкіндігін қамтамасыз ету» атты UNFPA-ның баяндамасында көрсетілгендей, аталған ұйым әлем халқымен әлі де бірқатар шаруа тындыру қажет.
UNFPA-ның ұйымдастыруымен 1994 жылы Каирде Халықтың қоныстануы және дамуы (ХҚД) бойынша халықаралық конференция өтті. Оған әлемнің 180 елінен, оның ішінде Қазақстаннан да арнайы делегаттар қатысты. Бас қосқан мемлекеттер «барлық әйелдер мен қыз балалардың репродуктивті денсаулығын қорғау, білім алуға қатысты құқықтарын қамтамасыз ету және олардың мүмкіндіктерін кеңейту – тұрақты даму кілті» деген тұжырымға тоқтаған. Баяндамада жазылғандай, әйелдер мен қыз балалар осы құқықтарын пайдалана алатын болса, олар өздері үшін пайдалы болатын шешімдерді жиірек қабылдай алады және жалпы әлеуметтік, экономикалық, тіпті экологиялық тұрақтылықты да сақтайды. Дегенмен, ХҚД конференциясы өткеннен бергі 25 жыл ішінде жүктіліктің алдын алуды немесе кейінге қалдыруды қалайтын 200 миллионнан астам әйел заманға лайық контрацепция әдістеріне және оны ұсыну қызметтеріне, оған қоса осыған байланысты репродуктивті таңдауға қол жеткізе алмауда. Нәтижесінде олар өз тәніне қатысты босану немесе жүктілікті жоспарлау сияқты шешімдерді қабылдай алмайтын көрінеді.
Аталған халықаралық ұйымның 50 жылдығы мен Қазақстан
қатысқан ауқымды конференцияның 25 жылдығына орай елордада еліміздегі
демографиялық ахуал,
репродуктивті денсаулық сақтау мәселелері талқыланған жиын өтті. UNFPA-ның
Қазақстандағы өкілі Джулия Валезе ұйымның соңғы бес жылдағы жетістіктері мен
алда атқарылатын істер туралы баяндады. Ол еліміздегі негізгі мәселелер
ретінде жасөспірімдер арасындағы жүктілік, гендерлік теңсіздік, қыз
балалардың таңдау құқығын атады. «Әйелдер үшін еркімен, сүйіспеншілікпен ана
болуға және жұмыс істеуге болатындай атмосфера қалыптастыру қажет. Бұл
тұрғыда ерлердің де жарын, жұбын қолдауы маңызды. Сондай-ақ жастарды отбасын
құру және оның құндылықтары туралы сауаттандыруды ерте, оқушы кезден қолға
алған жөн. Сонда ғана жоспарлы, мақсатты және ерікті отбасы құрылады. Ал
ондай отбасында дені сау әрі саналы бала дүниеге келеді», дейді Д.Валезе. Оның
айтуынша, Қазақстан саясаты демографиялық өсімді қолдайды, соның әсерінен болар
– басқа мемлекеттермен салыстырғанда әйелдердің босану жиілігі жоғары ел. Яғни,
елдегі әйелдер босанғаннан кейінгі әлсіздікті, ағзадағы ауытқуларды қалпына
келтіріп үлгермей, келесі жүктілікке жол береді. Бұл өз кезегінде ана мен
бала денсаулығының нашарлауына және кей жағдайда өліміне алып келеді. Сондықтан
репродуктивті денсаулық сақтау шараларын тұрақты түрде жүзеге асырып отыру
керек.
Ал Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаменті директорының орынбасары Зауре Ахметова аталған халықаралық конференцияда қабылданған бағдарламаның елдегі өзгерістерге әсері болғанын айтады. Соңғы 25 жылда атқарылған іс-шаралар нәтижесінде Қазақстандағы туу көрсеткіштері 19,6 пайызға өскені, бала өлімі көрсеткіші 3,4 есе азайып, ана өлімінің көрсеткіштері 5 есе азайғаны байқалады. «Осындай нәтижеге жетуге халықаралық ұсынымдарға сәйкес акушерлік пен педиатрия саласында заманға лайық технологияларды енгізу, халықты отбасын жоспарлау туралы ақпаратпен, профилактикалық тексерістермен қамту да жақсы жәрдемдесті», дейді З.Ахметова.
Қазақстандық қыздардың таңдау құқығы мен мүмкіндігін көрсететін әлеуметтік ролик аталған халықаралық конференцияның 25 жылдығына арналып жасалған. Видео режиссері Екатерина Суворова еліміздегі әйелдер мен қыз балалардың құқығы, мүмкіндігі және олардың таңдауына деген көзқарастың қаншалықты өзгергенін көрсеткісі келген. Ондағы 8-13 жас аралығында балалар болашақта кім болғысы келетінін айтады. Арасында қыздар хирург, ұшқыш немесе басшы секілді қазақы көзқарастағы қызға тән емес мамандықтарды атайды. Балаларының таңдауы туралы ата-аналарынан сұрағанда бір бөлігі «Ол қыз балаға сай емес сала ғой. Мүмкін өскенде ойын өзгертер» деген пікірде болса, екінші біреулері «Мен балама сенемін! Оның қолынан бәрі келеді» деп демеу береді. Ал ата-аналарының (көбісі аналар) өздерінен кішкентай күнінде кім болғысы келгенін сұрағанда 90 пайызының бала-арманына жете алмағаны анықталды. Демек, олардың таңдау құқығы мен мүмкіндік аясы шектеулі болған.
«Ширек ғасырдан бері не өзгерді?» деген сауалға жауап іздеген шарада әнші әрі UNFPА-ның Қазақстандағы спикері Ақмарал Көшербаева: Қазақстанда әр 1000 бойжеткеннің 20-сы 15-19 жасында балалы болады және жүкті болу көрсеткіші одан да жоғары. Өткен жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесі бойынша, осы жас шамасындағы қыз балалардың үштен бір бөлігі сексуалды белсенді және көпшілігі қорғалмаған жыныстық әрекеттерді қолданады», дейді. Оның айтуынша, бұл да – Қазақстанда әлі де тындыратын шаруалардың көп екеніне дәлел.
UNFPA өкілдері мен мерейтойға орай ұйымдастырылған шараға қатысушылар әлемдегі демографиялық жарылысты болдырмауға және Қазақстандағы халық санының сапалы артуына жоспарланбаған және жасөспірімдер арасындағы жүктілікті тоқтату, таңдау құқығы мен мүмкіндік аясын шектемеу, сауаттылықты арттыру арқылы қол жеткізуге үндеді.