Сенат Төрағасы отырысқа қатысушыларға арнаған сөзінде жергілікті билік – мемлекеттік басқарудың негізгі буыны екенін атап өтті. Әкімшілік реформа жергілікті билікке елеулі өкілеттіктер берді, мәслихаттар ауыл, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала деңгейіндегі бюджетті дербес қалыптастыра алады. Коммуналдық меншікті дербес басқару; жер ресурстарын басқару саласын бақылау; лицензиялаудың, атестаттаудың, басқа да бақылаулардың түрлері бар. Алайда, өңірлердің бірінші кезектегі міндеттері тиісті деңгейде шешілмей отыр.
Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева, сондай-ақ жедел шешуді талап ететін аймақтық дамудың бірқатар мәселелеріне, атап айтқанда өңірлердің әлсіз инфрақұрылымына назар аударды. «Өңірлерді ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелеріне тәуелсіздік жылдары 540 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Сонда да көптеген елді мекендерге әлі күнге дейін ауыз су неге жетпеген? Бұл бағдарлама Бермуд үштағаны сияқты, қаражат жұмбақ жағдайда жоғалып кетеді», деді Д.Назарбаева.
Сенат Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев өзінің баяндамасында мәслихат депутаттығына кандидаттарды іріктеу талаптарын өзгерту, оларды мемлекеттік басқару академиясында оқытуды, мәслихат хатшыларының мәртебесін арттыруды, тексеру комиссияларының жұмысын жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова, Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев, Қостанай облыстық мәслихатының хатшысы Сайлаубек Ещанов баяндама жасады.
Д. Назарбаева жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің қызметіне қарқын беруге шақырды.
«Кеңес жергілікті өзін өзі басқарудың қалыптасуы мен өңірлік дамудың өзекті мәселелері талқыланатын, туындаған мәселелерді шешу жөніндегі ұсыныстар жасалатын тұрақты жұмыс істейтін алаңға айналуы тиіс», деді Сенат басшысы.
Кездесу қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленетін болады. Олар мерзімі мен жауапкершілігі көрсетілетін нақты сипатқа ие болуы тиіс, ал сенаторлар олардың іске асуы барысына тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуі тиіс, деп тапсырды Сенат Төрағасы.
Кездесу соңында Парламент Сенаты жанындағы Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес пен «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі болды.