Шығармашылығы көп жанрлы болғанымен, суретші ауыл тақырыбын, табиғат пейзаждарын жырлағанда талант қуаты тасқындай түсетіндей. Оның қаламындағы айрықша бағаланған шоқтығы биік туындылар осы тақырыптарға тән. Ауыл көрінісінің лирикалық пейзажы мен табиғаттың шексіз сұлулығы өмірге әсемдік сыйлайды. Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде шымылдығын түрген «Менің көрмем» атты жеке шығармашылық көрмесінде қылқалам шеберінің әр жылдары жазылған 40-тан астам туындысы ұсынылған.
«Суретші бояу массасын теңестіруге, композицияның барлық элементтерін ырғақты ұйымдастыруға, әлемнің мәнерлілігін бұзбай, формалардың өзіндік әуенін жасауға тырысады. Өз автопортретіндегі ашық бет әлпеті мен ойлы көздері суретшінің рухани ішкі дүниесін көрерменмен бөліскендей. Ал «Ауылдағы күз» шығармасында жоғары қарай өрлеген қаздардың қимыл-қозғалыс формаларының дәл бейнеленуі байқалады. Сонымен қатар «Балалық шақ туралы естелік», «Құрбылар» атты туындыларында ақ кимешектегі ұршық иіріп отырған әжелердің бейнелерінен сонау балалық шақтың естелігі мен туған жерге деген сағыныш лебі еседі. Суретші табиғат жағдайының нюанстарын, сырғып бара жатқан сезімтал бір сәттік сұлулықты нәзіктікпен қабылдап, лириктің көзімен көреді», дейді өнертанушы Лаура Әбілдаева.
Алмабақ ішінде адал еңбектің жемісіне кенеліп отырған ақсақал бейнесі, ұршық иірген қос әже, сағындырған күзгі бақ көзге ыстық, көңілге жылы ұшырайды. Суретші сезімінің нәзік қылын тербеген кенеп бетіндегі мың сан бояулар сырбаз өнердің сиқырына қарай тартады. Үміт пен күдікке толы тынымсыз тіршілік алуан ойлармен арпалысқан адам көңілінің ішкі ырғақтарын тап басқандай. Көрерменді өзіне баурап әкететін алып қуат – кенептегі мейірім шуағы. Сезім жаңбырын сіркіреткен сағыныш ескен сұлбалар.
АЛМАТЫ