Саясат • 23 Сәуір, 2019

Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке кандидат ретінде құжаттарын тапсырды

829 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тиісті құжаттарын тапсырды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке кандидат ретінде құжаттарын тапсырды

«2019 жылғы 23 сәуірде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 55-бабына сәйкес «Nur Otan Партиясы» Қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мынадай құжаттарын ұсынды: 

1. «Nur Otan Партиясы» Қоғамдық бірлестігі жоғары органының Қазақстан Республикасының Президенттікке кандидат ұсыну жөніндегі отырысының хаттамасынан үзінді; 

2. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенттiгіне кандидат болып дауысқа түсуге келiсiм бергені туралы өтiнiші; 

3. Өмірбаяндық деректері; 

4. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын енгiзгенiн куәландыратын құжат; 

5. Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; 

6. Жоғары оқу орнындағы білімі туралы дипломдарының көшірмелері; 

7. Мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесінің бар екенін растайтын құжаттар. Мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтайтын лингвистикалық комиссиясының отырысы 2019 жылғы 23 сәуірге тағайындалды», делінген хабарламада.