Съезді партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев ашып, жүргізіп отырды. Ол съезге аймақтық партия конференцияларында сайланған делегаттар, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері қатысып отырғанын жариялады. Съезге 630 делегат сайланған болса, соның 623-і қатысып отырғаны да хабарланды. Одан әрі күн тәртібі бекітіліп, съезд өзінің жұмысын бастап кетті.
Сөз кезегі алдымен партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді. Өзінің сөзінде Елбасы Қазақстан жаңа кезеңге қадам басып отырғанын айта келіп, «19 наурызда мен президенттік өкілеттігімді тоқтаттым. Еліміздің жарқын болашағы үшін ойланып, толғанып, осындай оңай емес шешім қабылдадым. Мемлекетті басқаруға басшылардың жаңа буыны келетін заман болды. Уақыт солай, өмір солай. Бұл іс Қазақстанның абыройын арттырып, беделін биіктете түседі деп сенемін. Біздің қазіргі шешіміміз соған қолдау көрсетіп, жағдай жасайтын болады», деді.
Одан әрі Елбасы ауыр дағдарыс жағдайында басталған тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру жолы оңай болмағанын еске салды.
Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық сақтау ісі мен мәдениет саласындағы жетістіктерге де тоқталды.
– Маған өз халқыммен бірге тәуелсіз Қазақстанды құру мәртебесі бұйырғанын мақтан тұтамын. Қиын заманға қарамастан халқым менің бастамаларыма әрдайым қолдау көрсетті. Соның арқасында біз барлық нәтижеге қол жеткіздік. Мен еліміздің халқына ризашылығымды білдіремін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
– Төртінші өнеркәсіптік революция талаптарына сәйкес елімізді технологиялық және инфрақұрылымдық тұрғыдан дамытудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Цифрландыру және инновацияны енгізу есебінен еңбек өнімділігі мен экономиканың бәсекеге қабілеттілігі артты. Осы ауқымды жұмыстардың бәрі бүкіл қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Конституция бойынша өзіне бекітілген өкілеттіліктерге сәйкес Отанымызды өркендету үшін жұмыс істей беретінін айтты.
– Мен Төраға болып қала беретін Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында атқаратын жұмыстар көп. Қоғамдық келісім мен ұлтымыздың бірлігін нығайту үшін ісімізді жалғастыра береміз. Қауіпсіздік Кеңесін басқара отырып, мен өзімнің көпжылдық тәжірибемді ішкі және сыртқы саясатты анықтай отырып, елімізді дамытудың бірқатар негізгі мәселелерін шешуге бағыттаймын. Мен бұрынғысынша ең ірі Nur Otan саяси партиясының Төрағасы болып қала беремін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев таңдап алған саяси және экономикалық бағдар сабақтастығының сақталуына партия кепіл болуға және белгіленген міндеттердің бәрін жүзеге асыруға тиіс екенін айтты.
– Жаңғырудың тиімділігін, соның ішінде партияның «Бақытты отбасы», «Құтты мекен», «Ауыл – ел бесігі» және «Халыққа көмек» жобаларын жүзеге асыру аясында әрбір қазақстандықтың қамқорлықты сезінуіне қол жеткізуіміз керек, – деді Nur Otan партиясының Төрағасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті ел азаматтарынан өз атына көптеген хаттар келіп жатқанын айтып, қазақстандықтардың достығы мен құқықтарының теңдігі өзгермейтініне сенім білдірді.
Одан әрі Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты еліміздегі жоғары лауазымға лайықты үміткер ретінде атап, оның Отан алдындағы сіңірген еңбегі мен жеткен жетістіктеріне тоқталды.
– Қасым-Жомарт Тоқаев менімен бірге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қызметтің түрлі саласында жұмыс істеді. Ол – ұзақ жылдар Сыртқы істер министрлігіне жетекшілік етіп, Қазақстанның сыртқы саясатын бірге қалыптастыруға атсалысқандардың бірі. Оның дипломатиялық дәрежесі шетелде жоғары бағаланады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болғанын және тәжірибелі мемлекет саясаткері екенін жақсы білесіздер, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Сондай-ақ Елбасы республикалық қоғамдық сайлау штабының жұмысын үйлестіруді тапсырып, азаматтардың барлық санатымен жұмыс жүргізудің қажеттілігіне назар аударды.
Сөзінің соңында Елбасы қазіргі жағдайда тұрақты дамып, өсіп-өркендеу үшін халықтың бірлігі бекем болуы және барша қазақстандықтардың бірлесе күш-жұмылдыруы қажет екенін атап өтті.
– Біз бұл кезеңді еш қиындықсыз еңсеретінімізге сенімдімін. Біздің мақсатымыз – халқымыздың әл-ауқатын арттыру және елімізді одан әрі ілгерілету. Мемлекетке құрмет көрсету, азаматтардың бір-бірін сыйлауы – тұрақтылықтың белгісі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Партия Төрағасы сөзін аяқтаған соң съезд жұмысын жүргізіп отырған Мәулен Әшімбаев оның стратегиялық саясатының сабақтастығын және алда қойылған міндеттерді қамтамасыз ету үшін барлық қажетті іс-шаралар атқарылады деп сендірді.
Одан әрі күн тәртібіндегі мәселені талқылау басталды. Алғашқы болып сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов бүгінгі съездің ел тарихының тағдыршешті кезеңіне дөп келіп тұрғанын айтты.
– Өткен айдың 19-ы күні Тұңғыш Президентіміздің халқымызға жүрекжарды үндеуі жарияланып, ол президенттік билігін өз еркімен тоқтатып, ендігі жерде билік тізгінін Ата Заңымызға сәйкес, Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлына ұсынатынын мәлімдеді. Әрине, бұл тарихи шешімнің оңай болмағанына халқымыз түсіністікпен қолдау білдірген болатын. Елбасының тағылымды шешімі ел ішінде ғана емес, халықаралық алаңда да үлкен резонанс тудырды. Әлемдік ақпарат құралдарында іле-шала жарық көрген саясаткерлердің пікірлері еліміздегі президенттік билік алмасу үдерісінің конституциялық заңға сәйкес ұласқанын атап жатты. Бұл еліміздің болашақ көшбасшыларына ауадай қажет саяси билік сабақтастығының ерекше үлгісі болды. Екіншіден, еліміздің маңдайына қонған егемендік жылдары қол жеткен биіктерден көкжиекке көз жіберсек, 1991 жылы бір сәтте шашылып қалған Кеңес өкіметінің күйрендісінен қайта түлеген Қазақ елі бүгінгі таңда сындарлы ішкі саясат пен көпвекторлы сыртқы саясаттың арқасында мемлекеттік билік институттарын толық қалыптастырып, экономикалық дамудың тұрақты жолына түсті. Мәдени мұраларымызды қайта тірілтіп, талантты жастарға білім ұштауға үлкен жол ашып берді.
Елбасының тікелей бастамасымен «Болашақ» стипендиясы аясында 1993 жылдан бері 10 мыңнан астам қазақстандық жас мұхит асып, шетелдік университеттерде білім жетілдіріп, бұл күнде ел экономикасының дамуына өз үлестерін қосуда. Сондай-ақ ел-жұрттың денсаулығын құнттауға бағытталған озық медициналық кластерлер де жолға қойылды. Қарулы күштеріміз күшейіп, ел қауіпсіздігі нығайтылып, экономиканың қозғаушы күші болып табылатын қаржы институттары, оның ішінде заманауи Астана халықаралық қаржы орталығы да құрылды. Тұңғыш Президенттің тікелей бастамасымен елордада «ЭКСПО-2017: болашақ энергиясы» айдарымен өткен халықаралық көрме де еліміздің рухын оятып, діттеген мақсатқа жетті.
Өткен айда жарияланған тарихи үндеуінде Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаевты билік тізгінін ұстауға ең лайықты тұлға деген еді. Енді міне, бүгінгі съезде Президент сайлауына Nur Otan партиясының атынан ұсынылатын бірегей кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы екенін Елбасы түбегейлі айшықтады. Бұл ұсынысты съезд делегаттары ғана емес, халқымыз да, БҰҰ секілді іргелі халықаралық ұйымдар да қолдайтыны күмәнсіз. Өйткені Қасым-Жомарт Кемелұлының өзіңізбен ширек ғасыр үзеңгілес бола жүріп, еліміздің ішкі-сыртқы саясатына сіңірген сүбелі еңбегі мен дипломатиялық аренадағы салмағын әлем қауымдастығы да өте жақсы біледі, деп атап өтті Ә.Ахметов. Қасым-Жомарт Кемелұлы ел бірлігі мен тұтастық туын түзу ұстап, қасиетті де қастерлі егемендігімізді көздің қарашығындай сақтап, еліміздің халықаралық аренадағы абырой-атағын асқақтатарына сенімді екенін айтты.
Келесі сөз кезегі Атырау облысының әкімі, Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Ноғаевқа берілді.
– Тәуелсіздігіміздің таңы бозарып атқан 90-шы жылдары, болашағымыз бұлыңғыр болды, мемлекетімізді де, халқымызды да дүние жүзінің көбі білген жоқ, – деп бастады ол өзінің сөзін.
– Сол кездері саясатта, экономикада, әлеуметтік салада Тұңғыш Президенттің қабылдаған батыл шешімдері уақтылы, дер кезінде қабылдаған шешім екенін бүгінгі күннің биігінен тарих дәлелдеп отыр. Ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымының арқасында Елбасына сенген әлемдегі Chevron, Exxonmobil, ENi, Total, Shell секілді алпауыт инвесторлар еліміздің экономикасына аса ірі көлемде инвестициялар құйды. Ел экономикасы қысқа мерзімде аяққа тұрып, қарқынды даму жүйесіне түсіп, әлемдік деңгейдегі ірі жобалар нәтижелі жүзеге асты. Қазіргі таңда, төрткүл дүниені қаржылық дағдарыс шарпып отырған жағдайда, шетелдік инвесторлар Елбасына сеніп, тәуелсіздігіміздің мұнай-газ секторындағы алғашқы қарлығаштары – «Теңіз», «Қарашығанақ», «Қашаған» жобаларын кеңейтуде. Тек «Теңіз» жобасын кеңейтуге 37 млрд доллар инвестиция салынады.
Былтыр бұрын-соңды болмаған рекордтық 90 млн тонна мұнай мен газ конденсаты өндірілді. Еліміз әлемдегі ірі мұнай өндіруші мемлекеттер қатарына қосылды. Үш мұнай өңдеу зауытының технологиялық жаңғыртылуы аяқталып, халықаралық стандартқа сай бензин мен авиациалық керосиннің өндірісі еліміздің өз қажеттілігін толық қамтамасыз етті.
Тұңғыш Президенттің басшылығымен іске асып жатқан индустрияландыру саясатының бірегей жобасы – «Атырау газ-химия кешеніне» осы саланың көшбасшылары – шетелдік инвесторлар 6,5 млрд доллар салуға ниетті. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өңірлерде сапалы автомобиль жолдарының құрылысы жүргізілуде, соның бірі «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тас жолының жаңғырту жұмыстарының басталуын тұрғындар үлкен қуанышпен қабылдады.
Іске асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар арқасында барлық өңірлерде әлеуметтік нысандар бой көтеріп, инфрақұрылым дамып, қазақстандықтардың тұрмысы жақсарып, әл-ауқаты артты. Атырау облысында, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда, тұрғын үй салу көрсеткіші бес есеге артып, ол жылына 800 мың шаршы метрді құрады. Тұрғын үй қоры 2001 жылмен салыстырғанда, екі есеге өсіп, 12,5 млн шаршы метр болды.
Nur Otan партиясының XVIII съезінде жария етілген «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» партиялық жобалары өңірлерде бастау алып, азаматтардың мұқтажына дәйекті жауап және үлкен қолдау болды. Өңірімізде көп балалы аналарға жәрдемдесуге бағытталған «Isker ana» жобасы іске қосылып, ниет білдірген 500-ден астам ананың бүгінгі күні 100-і 8 мамандық бойынша білім алды, курсты сәтті аяқтаған қатысушыға өз істерін бастау үшін гранттар беру көзделуде.
Алдымызда тұрған ендігі басты мақсат – Тұңғыш Президентіміз – Елбасы саясатының алтын арқауы, басты өзегі болған ел бірлігі мен ынтымағының жарасымды жалғасын қамтамасыз ету. Елбасының сенімді көмекшісі, үзеңгілес серігі, әлемдік саясаттың аужайын жақсы түсінетін, ел мүддесі жолында қажет шешім қабылдай алатын саясаткер ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Елбасының стратегиялық бастамаларын жалғастырып, халқымызды бір мақсат, бір мүддеге жұмылдыра алатынына сенімдіміз.
Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракциясы төрағасының орынбасары Ирина Аронова өз сөзін «бүгін біз ерекше съезд өткізіп отырмыз» деп бастады.
– Бүгінгі оқиға Қазақстан тарихының жаңа бетіне жазылары анық. Өйткені ол еліміздің болашақ тағдырын айқындайды. Тұңғыш Президенттің өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқаны миллиондаған қазақстандықтарды толғандырған оқиға болды. Алайда бұл оқиға Елбасы сипатының тағы бір күшін көрсетті.
Тұңғыш Президент әрқашанда халқымен бірге болып, өзінің дана шешімдерімен бізді қолдап отыратынына сенімдімін. Оның ең дұрыс және бірден бір тапқыр шешімдері Қазақстанның көркейе түсуіне әлі де қызмет ететін болады, – деді ол.
Елбасының «Елдің ең басты саяси күші болу дегеніміз – бұл басқару емес, қызмет ету» деген сөзін еске алған И.Аронова, бұл сөздер барлық нұротандықтардың негізгі лейтмотиві болатынын атап өтті.
– Тәуелсіздік жылдарында біз бұрын мүлде аталмаған биік табыстарға қол жеткіздік, біздің партиямыз елдегі негізгі саяси күшке айналды. Ол көпшілік халықтың партиясы атағына да қол жеткізді. Соның бәрі партия көшбасшысының халық арасындағы зор беделінің арқасында болды, – деді.
Сондай-ақ ол 90-жылдары Елбасының Қостанай облысы диқандарымен кездескенде айтқан: «Жер қанша керек болса, сонша алыңдар! Менің сендерге одан басқа қазір беретінім жоқ», деген сөздерін еске алып, оның әрқашанда халықпен жақын болғанын еске салды.
Сөзінің соңында И.Аронова Елбасының ұсынған кандидатурасын нұротандықтардың бір кісідей қолдайтындықтарына сенім білдірді.
Ал спорт ардагері, Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровтің айтуынша, қаласы нұрға, даласы жырға толы мемлекетіміздің мерейі үстем, келешегі кемел екені баршаға аян.
– Ұлы дала елі – Елбасының парасатты шешімі, ерен ерлігінің арқасында әлемдегі қарыштап дамыған 50 мемлекеттің бірі ретінде еңсе тіктеді. Күллі әлем Қазақстанның әлеуетін мойындады. Әлеуметтік-экономикалық ахуалы зор екеніне сенім артты. Тұңғыш Президентіміздің қашанда парасатты шешім шығаратын асқақ тұрпаты мен қабілетіне ел болып сүйсінеміз. 19 наурыз күні президенттік өкілеттікті тоқтатуды ұйғардыңыз. Осынау асыл ойыңыз алты Алаштың жүрегін толқытқаны жасырын емес.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы сіздің ұлы жолыңызды жалғастыруды мұрат етіп, арналы істерді әрі қарай іске асыру туралы жалпы халыққа Үндеу жолдады. 9 маусым күні Президент сайлауын өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл дер уақытында қабылданған, өте дұрыс шешім болды. Өйткені ел тұрақтылығы мен әрі қарай дамуындағы негізгі міндеттерді уақыт күттірмей жалғастыруымыз қажет, деп атап өтті Еңбек Ері.
Ж.Үшкемпіров көк байрағымыз көк жүзінде желбіреген күннен бүгінге дейін ұлы істер жасалғанына, соның бірі ретінде қыдыр дарыған «Жер жәннаты Жетісу» жеріндегі жетістіктерге де тоқталды.
– Аграрлы аймақ саналатын Алматы облысында 2 миллионнан астам халық бейбіт тұрмыс кешуде. Олардың 80%-ы ауылдық жерде тұрады. Біздің облыс Қазақстанның басқа аймақтары секілді сан сала бойынша ел экономикасының артуына айрықша ықпал етуде.
Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші де жоғары. Қант қызылшасы, жүгері, картоп өндіру ісі бойынша көрсеткішін жылда жаңартып жатыр. Сол секілді спорт саласында Жетісу жерінен шыққан саңлақтар әлемдік, халықаралық, республикалық дүбірлі додаларда қоржынды алтынға толтырып келеді. Мәселен, 2018 жылы 637 спортшымыз жеңіс тұғырынан көрінді. Көк туымызды көкке желбіретті, – деді ол.
Сөзінің соңында Ж.Үшкемпіров партияның осы бір дәулетті, сәулетті бағытын әрі қарай жалғастыру қажеттігіне тоқталып, бұл үшін партия ұсынған кандидат – Қасым-Жомарт Тоқаевты бірауыздан қолдайтынын айтты.
Келесі сөз кезегі Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовке берілді.
– Мемлекет тәуелсіздігін алғаннан бергі уақытта елімізде теңдессіз оң өзгерістер жасалды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жаңа әрі дамыған Қазақстанның іргесін қалады. Зауыттардың тоқтап, азық-түлік тапшылығын сезінген 90-жылдары болған үлкен дағдарысты өткіздік. Ол жылдары жекеменшік және жеке кәсіпкерлік деген ұғым да қалыптаспаған болатын, – деген А.Мырзахметов одан әрі Елбасының инвесторларға жайлы, ашық экономикалық саясат жүргізуінің арқасында ел экономикасына 300 млрд АҚШ долларына тең инвестиция құйылғанын атап өтті.
– Біз қазір әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына ендік. Енді дамыған 30 елдің қатарына ену стратегиясы жүзеге асырылып жатыр, – деді.
А.Мырзахметов елде жүргізіліп жатқан экономикалық реформалардың дұрыстығына тоқталып, олардың ұтымдылығын саралап берді әрі шағын және орта бизнестің жедел дамып келе жатқанын қанағатпен атап өтті.
– Біздің мақсат – шағын және орта бизнестің ІЖӨ-дегі үлесін 50 пайызға жеткізу. Бұл Елбасының бизнестің алдына қойған нақты тапсырмаларының бірі. Бүгінгі таңда Қазақстанда бизнеспен 1,2 миллион адам айналысуда. Олар 3 миллионнан артық жұмыс орындарын ашты, – деген ол сөзінің қорытындысында былай деді:
– Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті сайлауына партия атынан кандидат ұсынылып отыр. Кәсіпкерлік қауымдастығы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағыты жалғаса беретініне сенімді. Бұл – экономиканы модернизациялау, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық пен бейбітшілік. Бизнеске ең алдымен тұрақтылық пен ертеңге деген сенімділік керек. Бұл айқын экономикалық жағдайда ғана қалыптасады. Сондықтан партия атынан ұсынылатын кандидаттың Елбасы бастаған бағытты әрі қарай жалғастыратынына сенімдіміз.
Өз кезегінде республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп ел өміріндегі ең жауапты кезеңде жиналып отырғандарына назар аударды.
– Елбасының президенттік өкілеттігін өз еркімен тоқтату туралы ақыл мен парасатқа толы шешімін саяси сарапшылар «Билік транзитінің қазақстандық үлгісі» деп бағалап жатыр. Кез келген саясаткер үшін мұндай шешім қабылдау – үлкен мәселе, – дей келіп, Тұңғыш Президент – Елбасының тарихи шешімдеріне тоқталып өтті. Соның ішінде Қазақстанның жаңа даму жолын таңдап, нақты реформаларды жүзеге асырғанын, ата-бабамыз армандаған Тәуелсіз Қазақстанды өз қолымен құрғанын, Сарыарқаның төсіне байтақ астана салғанын, шекарамызды шегендеп, ел іргесінен ши де, шу да шықпайтын қылғаны айтылды. Сонымен бірге Елбасының Қазақ деген ұлтты айдай әлемге танытқанын, БҰҰ төрінен қазақша саңқылдап сөз сөйлегенін, жүздеген ұлт пен ұлыс өкілдерін біріктіргенін айтты. Ұлттың рухын көтеруге арналған «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларына тоқтала келіп, «Жоғымыз түгенделді! Тарихымыз, көне мәдениетіміз, ұлттық рухымыз қайта жаңғырды!» деген ол, ұлттық баспасөздің де қалыптасып, Қазақстан журналистикасының Тәуелсіздік тұсында айтарлықтай шыңдалғанын атап айтты. «Елбасымыздың барлық бастамаларының мәні мен маңызын халыққа жеткізу, түсіндіру, насихаттау жолында БАҚ өкілдерінің еңбегі өте зор. Ақиқатты жоқтаған, аталы сөзге тоқтаған елміз. Бүгінгі қазақ журналистикасы – қоғамдағы татулық пен тұрақтылықтың, береке мен бiрлiктiң ұйытқысы. Әсіресе, қазақтілді басылымдар Ұлттық Тәуелсіздіктің шынайы жанашырлары болды. Қиналғанға – демеу, мұңайғанға медет болды. Бір заманда Наполеон: «Журналистер – күңкілдек, сыншы әрі кеңесші. Мыңдаған жау әскерінен гөрі, жат пиғылды төрт газеттен көбірек қорқу керек», – деген екен. Біздің ұлттық журналистика ешқашан жат пиғылды бола алмайды! Елдік пен Мемлекеттік идея, Ұлттық Тәуелсіздік мәселелері басты басымдық бола береді», – деді Н.Жүсіп.
Сөзінің қорытындысында кезектен тыс президент сайлауын өткізуді бүкіл Қазақстан халқы қолдап отырғанын айтқан ол:съезд ұсынып отырған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев елге – танымал тұлға. Бәріміз жақсы білеміз. Қазақ мәдениетіне, әдебиетіне, өнеріне шынайы жанашыр жан. Елде, халықаралық деңгейде құрметі мен абыройы бар азаматтың қазақ мүддесі үшін адал қызмет жасайтындығына сенім мол», – деді ол.
Бұдан кейін де бірнеше адам сөз сөйлеп, Елбасы Н.Назарбаев ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдайтындықтарын білдірді. Жарыссөздер аяқталған соң бұл ұсыныс дауысқа салынғанда барлық делегаттар Қ.Тоқаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдады.
Одан әрі Қазақстан Республикасының Президенті, 9 маусымда болатын кезектен тыс президент сайлауында Nur Otan партиясының атынан түсетін үміткер Қ.Тоқаев сөз алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне зор сенім артып, Nur Otan партиясы атынан Қазақстан Президенттігіне үміткер етіп ұсынған Елбасына шын жүректен алғыс айтты.
– Мемлекетіміздің негізін қалаған ұлы тұлғаның маған артқан жауапкершілік жүгін бүкіл болмысыммен сезінемін! Сондықтан сенімге серт беріп, үлкен үміттің үдесінен шығу үшін бар қажыр-қайратымды жұмсаймын. Партия Төрағасы, Елбасы 19 наурыз күні өзінің тарихи Үндеуінде: «Тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, мәңгілік елімізді сақтай біліңдер» деді! Әрбір қазақстандықтың жүрегіне жол тапқан бұл сөздер менің де бойтұмардай бұлжымас ұстанымым болады. Қазіргі аумалы-төкпелі заманда құбыламыздан жаңылмау үшін біздің бағытымыз айқын! Байтақ елімізді бекемдеп, болашағымыздың бағдарын бекітіп берген Елбасы аманаты бізді биік белестерге жетелейді. Кешегіні ұмытпай, келешекті ұлықтау – киелі Тәуелсіздік алдындағы басты парызымыз! – деді.
Сондай-ақ Қ.Тоқаев сайлауда жеңіске жеткен жағдайда Тұңғыш Президенттің стратегиялық жолын, атап айтқанда, әлеуметтік саясатын, Бес институттық реформасын,«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын және өзге де ауқымды бастамаларын жалғастыруды өзіне парыз санайтынын атап көрсетті.
Сөзінің соңында Қ.Тоқаев тарихтың жаңа тарауын бастаған Қазақстан тағы бір маңызды кезеңнің алдында тұрғанын айта келіп, «Осындай аса жауапты сәтте Елбасының сенімі, партияның қолдауы маған ерекше күш-қуат береді! Мен дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, игілік және әділет жолын ту етіп, қарқынды дамуды жалғастыруға бар күшімді саламын!» – деді.
Ақан БИЖАНОВ,
Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры:
– Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев өзінің президенттік өкілеттігін өз еркімен тоқтатқаннан бері алғашқы президент сайлауына Nur Otan партиясы өзінің кандидатурасын ұсынды. Біздің мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатының болашағы біздің бүгінгі ұсынған кандидатымыздың іс-әрекетіне тікелей байланысты.
Жалпы тарихта «бәрін де кадрлар шешеді» деген сөз бар ғой. Сондықтан біздің ұсынған кандидатымыз елдің болашақ дамуын қамтамасыз етіп, барлық биік ареналарда елдің мүддесін қорғай алатын болуы керек. Осы тұрғыдан алғанда қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты барлық талаптарға жауап бере алатын тұлға, лайықты кандидат деп санаймын. Біз ол кісімен бірнеше жыл бойы Сенаттың қабырғасында бірге қызмет еттік. Сол кезде оның жоғары деңгейдегі мемлекетшіл, ірі тұлға екендігіне әбден көзімізді жеткізген болатынбыз.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев съезде оның біраз қырларын атап берді. Соның ішінде дипломатиялық қызметтің барлық қыр-сырын меңгергенін де айтты. Ал біздің болашақ Мемлекет басшысына осы өнер қажет екені белгілі.
Берік Әбдіғалиұлы, саясаттанушы:
– Бүгін Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың айқын саясат жүргізудің қаншалықты маңызды екенін білетінін, әрбір іске үлкен жауапкершілікпен қарайтынын айтып, зор сеніммен алдағы өтетін Президент сайлауына партия атынан кандидат ретінде ұсынды.
Nur Otan партиясы – халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған әлеуметтік бағдарламалардың бастамашысы. Осы партияның атынан сайлауға түсетін Қасым-Жомарт Кемелұлы Елбасының стратегиялық жолын жалғастыратын лайықты кандидат деп санаймын. Ол – халық арасында терең ойлы, таза адам ретінде танылған, өзі қызмет атқарған салаларда жағымсыз сөз шықпаған, әлемдік саясатта беделі бар білікті маман. Халықаралық деңгейдегі сарапшылардың пікірі осыған саяды.
Елбасының жолы – егемен еліміздің дамып-өркендеуінің, тыныштығы мен татулығының айшықты көрінісі. Осы ынтымағымыз бен бірлігіміздің негізі – сабақтастық. Сондықтан Елбасының сенімді ізбасары Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын съезге қатысқандар бірауыздан қолдады. Бұл шешімді ертең сайлау кезінде халық та қолдайды деп ойлаймын.
Асқар НҰРША, Алматы менеджмент университетінің Мемлекеттік саясат және құқық жоғары мектебінің деканы:
– Nur Otan партиясының кезектен тыс ХІХ съезі Президент сайлауының алдындағы маңызды оқиға болды. Себебі бұл съезде еліміздегі басты партияның атынан түсетін кандидат нақтыланды. Партияның таңдауы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қасым-Жомарт Тоқаевқа білдірген зор сенімі, жүктеген үлкен жауапкершілігі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президентінің міндетін атқарған алғашқы күнінен бастап өзінің басты ұстанымы әділеттілік екенін, онсыз қоғам ешқашан дамымайтынын айтты. Бұл өз кезегінде ілгерілеуге, Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде алға жылжытуға жол ашады. Ал оның негізі – сабақтастық, тұрақтылық, Елбасы саясатын жалғастыру.
Nur Otan партиясының бұл таңдауын мен де қолдаймын. Қ.Тоқаев шын мәнінде халықаралық саяси алаңда беделі бар мемлекет қайраткері, тәжірибелі маман, білікті саясаткер. Елбасының стратегиялық бастамалары – елімізді өркендетудің, халықтың тұрмысын жақсартудың айқын бағыт-бағдары. Осы жолдан айнымайтын Қ.Тоқаев ел күткен үміттің үдесінен шығады деп сенемін.
Мұхтар ЕРКЕТАЕВ,
Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық кеңесінің хатшысы:
– Біздің партия елдегі тұрақтылық пен тыныштықтың нығая түсіп, елдің іргесі одан әрі нықталғанын қалайды. Ол үшін мемлекет басындағы адамның сенімді, білікті болғаны керек. Осы орайда мен алдымен президенттің халық атынан сайлануы да өте дұрыс шешім болды деп санаймын. Бүкіл елдің атынан мәлімдемелер жариялайтын тұлғаның халықтың қолдауына ие болғаны дұрыс қой. Міне, бүгін біздің кандидатымыз белгілі болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президентіміздің сенімді серігі, Қазақстанның Тәуелсіздік алған шағынан бастап оның жанында бірлесіп қызмет етіп келеді. Өзіне жүктелген барлық міндеттерді абыроймен орындаған. Халық ол кісіні тек жақсы жағынан біледі.
Әрине, барлық саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар да өз кандидаттарын ұсынады ғой. Халық сол үміткерлердің ішінен лайықтысын таңдайды деп сенемін.
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесі төрағасының орынбасары:
– Съезде өте маңызды шешім қабылданды. Ол Қазақстан қоғамының бірлігі мен тұтастығының дәлеліндей болып өтті. Съезд бірауыздан еліміздегі ең жоғарғы лауазымдық қызметке сайлануға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын қолдады.
Бұл шешім өте дұрыс болды деп есептейміз. Өйткені елімізде тұрақтылық орнатқан бұрынғы саясатты бұл адам жалғастыра алатынына сенімдіміз. Елімізде рухани жаңарудың, жалпы жаңғырудың басталған шағында Мемлекет басына осындай жаңа тұлғаның келгені орынды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің қалыптасуына, халықаралық беделінің артуына Елбасының серігі ретінде өлшеусіз көп еңбек сіңірді. Оны халқымыз жақсы біледі. Мен халқымызға баянды бейбітшілік, бақытты тұрмыс, серпінді даму тілей отырып, өздерінің лайықты көшбасшысына адаспай дауыс беруін тілеймін.