Аймақтар • 24 Сәуір, 2019

Туризм бренді – түркілер өркениеті

1446 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орталық Азиядағы көрнекті «Туризм және саяхат» халықаралық ХІХ KITF дәстүрлі көрмесінде әлемнің жиырмадан астам елінен келген үш жүзден аса компания өкілдері халықаралық туризм индустриясының жаңалықтарын көрсетіп, ықпалдастық мәселелерін ортаға салды.

Туризм бренді – түркілер өркениеті

«Мың бояулы Алматы» өз қо­нақтарын биылғы жылы ерекше қар­сы алды. Аталған көрме директоры Виктория Павленконың айтуынша, бүгінде KITF ішкі туризм рейтингінде медициналық және іскерлік туризмнен көш ілгері тұр. Маркетингтік зерттеулер нәтижесіне сәйкес осы 19 жылда 350-ден аса келісімшарт жа­салса, биылғы көрме аясында мыңнан астам келісімге қол жеткізілген.

Туризм басқармасының басшысы Мақсат Қиқымов атап өткеніндей, өт­кен жылдың қорытындысында Алматы қаласында туристер саны бір миллионнан асып, салыстырмалы кезеңмен алғанда 12 пайызға артқан. Бұл көрсеткіштің төрт жүз мыңға жуығын шетелдік туристер құрайды. Бүгінде туризм көрсеткіштері меди­циналық, спорттық, оқиғалық, мә­дени-танымдық, іскерлік, тау туризмі, т.б. түрлерінің дамуына тәуелді.

Елімізге келетін шетелдік турис­тердің басым көпшілігін көшпен­ділер тарихы мен мың жылдық тарихы бар Алматы қаласының қалыптасуы қызық­тырады. Осы мақсатта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Боралдай сақ қорғандары» сақ мә­де­ниет орталығының, «Сақ қор­ғаны» және «Райымбек батыр» мұ­ражайларының, «Қазақфильм» аумағында «Ethnoland» этномәдени кешенінің құрылысы жоспарланып отыр. Болжам бойынша, «Ethnoland» және Боралдай сақ қорғандарын орта есеппен жылына миллионнан астам турист қызықтайтын болады. Сондай-ақ Аустрияның «Master Concept» компаниясымен бірлесіп Алматы агломерациясының тау кластерін дамыту жоспары әзірленгендігін айта кеткен абзал. 2025 жылға дейін Алатау баурайында кластерлік тау шаңғысы туризмін дамыту жоспарланып отыр. Шығыс – Түрген таулары, Орталық – Алматы қаласы және Батыс – Қаскелең таулары сияқты үш кластер бойынша жасалатын шаңғы жолының ұзындығы 456 шақырымды құрайды әрі оның бойын­да ондаған демалыс орындары бой түземек. Ал «Ойқарағай», «Алматау» тау шаң­­­ғысы курорттарына дейін тұрақты маршруттар жүргізіледі. Сонымен қатар туристерге арналған ақпараттық орталықтардың жұмысы да тұрақты жетілдіріліп отырады.

Қазақстан Туристік қауымдас­тығының директоры Рашида Шай­ке­нованың айтуынша, туризм са­ла­сындағы шағын және орта кә­сіп­кер­лікті дамытуда мемлекеттік қол­даудың алғышарттары қалып­тасып келеді. Қазақстан бүгінде шетелдік туристер үшін тарихи маз­мұнымен тартымды аймақ. Сондық­тан да еліміздің туристік нысандарына өз өнімдерін р­ухани мазмұнмен байытуды жолға қоюы қажет, яғни түркілер өркениеті, көшпелілер мәдениеті мұрасына оралу уақыт күт­тірмейтін мәселе, дейді Рашида Рашидқызы.

Қазақстан туризмінің алдында тұрған тағы бір келелі мәселе – цифрландыру. Бүгінде туристік нысандардың 90 пайызы интернет арқылы өз өнімдерін насихаттау мәселесін дұрыс жолға қоя алмай ке­леді. Кез келген турист үшін жылдам ақпарат маңызды, олай болса туристік өнімді онлайн жүйеде ұсынудың әлеуеті зор. Бұдан бөлек аймақтық туризмді дамыту да уақыт күттірмейді. Арақашықтық мәселесін ескеретін болсақ, шетелдік туристер Орталық Азияның бірнеше мемлекетінде болып қайтуды жос­парлайды. Осы орайда туристерді Өзбекстаннан Қазақстанға, одан әрі қарай көрші Қырғызстанға, т.б. ба­ғыттардағы жұмыстар жасалуы қажет.

Рашида Рашидқызының айтуынша, туризм нысандарындағы кәсіби мамандарға қойылатын талап та ерекше. Білікті мамандар туризм саласының алғы шебіндегі бетке ұстар бейнесі. Тіптен, туризм менеджерлерін оркестрмен салыс­тырған Рашида Рашидқызы кәсіби маманның туристік нысанның бет-беделін қалыптастырудағы рөлінің жоғары екендігін айтады.

Ал «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиевтың айтуынша, бүгінде отандық туризм қалыптасу кезеңінде тұр. Көптеген жылдар бойы туризм қазақстандықтардың қандай да бір шетелдерге баруымен байланысты болғандығын түсін­дірген Тимур Талашұлы тек соң­ғы он­жылдықтарда ғана Қазақстан өз на­рығын туристерге ұсына алатын жағдайға жетті. Мысалы, өткен жылы Алакөлде миллионннан астам турист демалса, Щучинск-Бурабай аймағынан, Каспийге, Жібек жолы бағытымен, Түркістанның киелі жерлеріне баратын туристер саны артқан. Тіптен, бір Тянь-Шань ғана емес, Жоңғар Алатауына барғысы келетін турис­тер саны артып келеді. Шетелдік туристер, оның ішінде Ресейден Сарыарқаның сакральды аймақтарына көптеп келе бас­тады. Қабылданатын мем­лекеттік бағдарлама отандық туризмнің жаңа бір тынысын аша­тыны анық. Алдағы мақсат – Қа­зақстанды шетелдік нарықта насихаттау.

Бүгінде Қазақстанға келетін 6,5 млн туристің тең жартысынан астамын еңбек мигранттары құрап отыр. Таза туристер саны 1,5-2 млн шамасында. Саладағы статистикалық мәліметтерді реттеу бағытында, яғни туризмнің экономикаға үлесін анық­тауда мем­­ле­кеттік органдармен бірлескен жұ­мыстар жолға қойылған. Таяуда қабыл­данатын бағдарламада осындай тиімді жұмыстың жемісі. Осы орайда жоғары сұранысқа ие, сапалы туризм желісін құру уақыт күттірмейді. Бүгінде оқ­­шау­ланған аймақтардың ондығына кіретін Алматы тау кластері, Каспий, Алакөл, Щучинск-Бурабай аймағы, Баянауылда жоғары стандартты қызмет түрлерін дамыту қажет. Ал туризм нысандарына тұрақты жағдай туғызу, қызметіне қолдау көрсету сапаға да кә­сіби деңгейге де ықпал ететіні сөзсіз.

Туризм басқармасының бөлім басшысы Арқау Шантаевтың айтуынша, Алматы облысы өткен жылы екі миллион шамасында турист қабылдаған. Оның ішінде Алакөлге барып демалған туристер бір миллионды құрайды. Облыстағы туризм саласын дамытуға байланысты кешенді жұмыстар нә­тижесіне орай тиісті басқарма тарапынан жүргізілген арнайы тексеру барысында 4463 нысан түгенделіп, олар­дың қызмет барысына сараптама жасалған. Анықталғанындай, өт­кен жылы жалпы туризм саласы бойынша 13 млрд теңгеге қызмет көрсетілген. Арқау Шантаев бүгінде туристерді табиғат баурайларындағы қарапайым әрі қызықты демалыс­тар­­ қызықтыратындығын айтады. Об­лыс аумағында бес ұлттық парк­тің орна­ласқандығын назарға алатын бол­сақ, Жоңғар Алатауы, Іле Ала­тауы, Ал­тын емел, Шарын, Көлсай аумағы ту­ристер үшін тартымды өл­келер. Десек те ұлттық парктерде турис­терді қа­был­дауда арнайы талаптар қалып­тасқан.

Алматы облысындағы тау туризмі нысандарына 2025 жылға дейін төрт миллионға жуық саяхатшы тарту көзделіп отыр. Туристік кластерді дамыту картасына оннан астам нысан енген. Облыстағы туристік кластерді дамыту мақсатында әлемнің үздік туристік фирмаларымен тығыз байланыстар орнатылуда.

Сарапшылар отандық туризмнің дамуына қатысты жағымды ойларын ортаға сала отырып, жуырда қа­былданатын заңнамалық құжаттар са­ланың дамуына тың серпін бере­тін­дігіне сеніммен қарайды.

 

АЛМАТЫ