Спорт • 24 Сәуір, 2019

Дене тәрбиесінің тетігі – жаңашылдықта

1523 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дене тәрбиесі пәнін оқытудың сапасын жақсарту өте маңызды. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақтың, әсіресе қала балаларының тән саулығы, шымырлылығы мен еңбекке қабілеттілігі осы пәннің қай деңгейде өтетініне байланысты.

Дене тәрбиесінің тетігі – жаңашылдықта
Таяуда «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының база­сын­да Жастар жылы шеңберінде «Дене шынықтыру пәнінің үздік мұға­лі­мі-2019» ІV республикалық байқауы өтті. Бірден айта кетейік, байқау­дың негізгі мақсаты – дене тәрбие­сі пәні мұғалімдерінің кәсіби білік­тілігін жетілдіру. Еліміз бойынша пән мұғалімдерінің білімі мен білігі, кәсіби шеберліктері сын тезіне түскен бұл байқауды Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Ұлттық дене тәрбиесі ғылыми-тәжірибелік орталығы өткізіп отыр. Жастар жылы шеңберінде болғандықтан, байқауға 30 жасқа дейінгі талапкерлер қатысты. Тек жасы ғана емес, тәжірибесі де еске­ріл­ген. Үміткерлердің жалпы білім беретін мектептерде өз пәні бойынша жұмыс істеген жеті жылдық тәжірибесі болуы шарт. 

Республикалық сынаққа өз өңірлері үкі­леп үміт артқан кіл жүйріктер жи­нал­­ды. Олай болатыны, алдымен аудан­дық, облыстық байқаулар ұйым­дас­тырылып, жүзден жүйрік, мың­нан тұлпар шыққандар сын тезінен өткен. Бурабайдың баурайында көрігі қызған байқауға Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларымен қатар, еліміздің 13 облысының және «Балдәурен», «Балдәурен-Шымкент» республикалық оқу-сауық­ты­ру орталықтарының өкіл­де­рі қатысты. 

Алдымен салтанатты ашылу рәсімі өтті. Кәсіби біліктіліктерін сарапқа салғалы тұрғандардың алдында «Балдәу­рен» орталығының бас директоры Мұхитдин Төлепбай және байқаудың бас төрешісі Ұлттық дене тәрбиесі ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Садық Мұстафаев сөз сөйлеп, аталған байқаудың мән-маңызына тереңірек тоқталды. Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, мұндай жиын өткізудің пайдасы мол. Біріншіден, еліміздің әр түкпірінен келіп отырған үміткерлердің бойындағы кәсіби білім-біліктілігі арқылы әр аймақта дене тәрбиесі пәнінің қаншалықты дамып жатқанын сараптауға болады. Екіншіден, өзара бақ сынасқан пән мұғалімдері әріптестерінің озық әдіс-тәсілдерін, тәлімді тәжірибелерін тереңірек танып, бойларына сіңіреді. Айналып келгенде, үздікке ілесу арқылы ортақ іс алға жылжиды. 

Байқау барысында біліктілікті сараптау және жаңашыл педагог бағыттары бойынша талапкерлердің өресі таразы басына тартылды. Алғашқы сынақта пән мұғалімдері дене тәрбиесі бойынша 30 сұрақтан тұратын сауалнамаға жүз минуттың ішінде жауап берсе, 20 сұрақтан тұратын педагогика және оқыту әдістемелері орайындағы білік­ті­ліктері безбенделді. Сондай-ақ осы бағытта әр мұғалім баскетбол, волейбол тә­різді спорт түрлерінен нақты іс-қимыл үлгі­лерін көрсетті. 

Байқаудың екінші кезеңінде қатысу­шы­лар өз мамандықтарына орай озық ойларымен, ілкімді істерімен, нәтижелі жұмыстарымен ерекшеленді. Пәнді оқыту барысындағы тиімділігі мол жаңалықтарымен бөлісті. 

Байқаудың үшінші, төртінші ке­зең­­дері де тартыс­ты өтті. Ашық сабақ өткізілді. Мектептегі спорт шараларын ұйымдастырудың үздік үлгілері сарапшылардың назарына ұсынылды. Мәселен, 5-9-сыныптарда бұл пән білім беру саласындағы жаңартылған бағ­дар­ла­ма бойынша өткізіледі. Жарыстың бір ерекшелігі – конкурсқа қатысушылар тақырыптарды өздері таңдап алды. 

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Батыс Қазақстан облысының өкілі Абзал Наурызбаевқа бұйырса, бірінші орынға Жамбыл облысынан Дмитрий Воронько, екінші орынға Маңғыстау облысының өкілі Көбен Нұрсұлтан ие болды. Ал үшінші орынға Ақтөбе облысынан келген Самғат Есқараев жайғасты. 

Ақмола облысы, Бурабай ауданы