Климаты құрғақ, шөлді, жаз мезгілі ұзақ болатын Түркістанды көгалдандыру үшін ең алдымен суландыру жүйесін жетілдіру керек. Жаздың аптап ыстығында егілген ағаштар мен гүлдер, шалғындарға су жеткізу өзекті мәселелердің бірі.
Осы мақсатта қаланың бірнеше бағытынан келетін кіші каналдарды күрделі жөндеуден өткізіп, қала ішіндегі арықшаларға су тарту жоспарланған болатын. Осы бағыттағы жұмыстар жүзеге асырылып бүгінде Қарашық өзенінен бастау алатын 5,2 шақырымды Қотырбұлақ каналы тазаланып, 7 көпір орнатылды. Аталған каналдан қазіргі таңда 5-10 м3 су «Арыс – Түркістан» магистралды каналына құйылуда.
Сонымен қатар, қала аумағын суландыру мақсатында «Арыс – Түркістан» магистралды каналынан босатылатын кіші каналдарда іске қосылды. Мәселен, ұзындығы 3,1 шақырым Р-32 каналы қалаға кіре беріс қақпаның төменгі жағындағы көшелер мен Саттарханов даңғылы бойындағы ағаштар суландырылуда. Ал, Р-32,2 каналы арқылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты ботаникалық бақтағы ағаштар су алып жатыр. Одан ары қарай қаладағы көшелерге су келтіруге болады. Сондай-ақ, ұзындығы 3 шақырым құрайтын Р-33 каналы арқылы ағын су келіп, «Түркі бағы» және «Қаракөз» қорымы маңындағы егілген ағаштар суландырылуда. Ал Р-33.1 каналы арқылы Ғ.Мұратбаев көшесіндегі ирригациялық арықшаларға су босатылды. Бұған қоса, ұзындығы 4,5 шақырым Р-34 каналы арқылы Тәуке хан даңғылы мен С.Ерубаев көшелерін суландыруға толық мүмкіндік бар.
Қазыбек би көшесіндегі су ұңғымасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сағатына 25 м3 су тарататын құрылғы қойылып, ирригациялық арықшалар арқылы Қазыбек би көшесі бойындағы ағаштарды суғару мәселесі шешілді. Бұған қоса, қаладағы қосымша 6 дана су ұңғымасы көше бойына егілген ағаштарды суландыру үшін іске қосылады.
Жоғарыда аталған каналдар арқылы қаладағы көшелерді суландыру мақсатында барлық каналдарды жөндеу, тазалау бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады.
Сонымен қатар, жуық арада негізгі көшелердегі (С.Қожанов, Тәукехан, Б.Саттарханов даңғылдары) ирригациялық арықшалар қалпына келтіріліп, ағын су жүйесі іске қосылады. Қала бойынша 17 көшеде 2016-2018 жылдары қайта қалпына келтірілген ұзындығы 70,2 шақырым құрайтын ирригациялық арықшалар бар. Сондай-ақ, ағымдағы жылы орталық аймақтың 47 көшесіне 54,1 шақырым арықшалар орнатылатын болады.
Алдағы уақыттарда Рухани-мәдени орталықта, Әкімшілік іскерлік орталықта және іргелес жатқан аумақтағы көшелерде салынатын жолдардың бойына жобамен 100 шақырым арықшалар орнатуды қарастырылуда. Бұл жобалардың барлығы Түркістанның экологиясын оңалтып, климатын жақсарту үшін жасалатын оң қадамдар.