27 Ақпан, 2013

Ой, өмір-ай…

346 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ой, өмір-ай…

Зәулім үйдің иесі

Бала кезімнен осы  бір келістіріп салынған үй иелерін жақсы білетін едім. Осы ауылдағы ең еңселі шаңырақ – солардікі. Сырты биік дуалмен қоршалған ауланың ортасындағы қызыл кірпіштен соғылған ғимарат елдегі көп адамның қораш үйіне қарағанда зәулім сарайдай, заңғар болып көрінетін еді. Үлкен үйдің жанында жаздық айвандары тағы бар.

Бақуатты үйдің бір қызы менімен тете. Сондықтан да мен бейсауат адам басын сұға бермейтін аулада емін-еркін ойнаймын. Сирек болса да ауылдағы ең әдемі үйге кіріп, ішін тамашалап, сервантқа қойылған әсем ыдыстарына қызығып қарап қалушы едім.

 

Зәулім үйдің иесі

Бала кезімнен осы  бір келістіріп салынған үй иелерін жақсы білетін едім. Осы ауылдағы ең еңселі шаңырақ – солардікі. Сырты биік дуалмен қоршалған ауланың ортасындағы қызыл кірпіштен соғылған ғимарат елдегі көп адамның қораш үйіне қарағанда зәулім сарайдай, заңғар болып көрінетін еді. Үлкен үйдің жанында жаздық айвандары тағы бар.

Бақуатты үйдің бір қызы менімен тете. Сондықтан да мен бейсауат адам басын сұға бермейтін аулада емін-еркін ойнаймын. Сирек болса да ауылдағы ең әдемі үйге кіріп, ішін тамашалап, сервантқа қойылған әсем ыдыстарына қызығып қарап қалушы едім.

Көздің жауын алатын құрақ көрпелер дестеле­ніп, тап-тұйнақтай болып жиналып тұрады. Кең үйдің бөлмелері де көп. Жататын бөлме,  шамдалдары жарқыраған хан сарайындай зал, ас ішетін бөлме, балалар бөлмесі дейсің бе, бәрі де бар.

Алайда, бұл үйдің адамдары қысы-жазы зәулім үйдің түбіндегі тоқал тамда өмір сүрді. Бала-шағасымен сол екі бөлмеде бөлініп, тығылып жататын. Ұл-қыздары осылай ержетті.

Зәулім үйдегі әсем ыдыстар жылына екі-үш рет қонақтар келгенде ғана серванттан шығары­ла­ды. Көздің жауын алатын ауылдың ең ісмер әйел­де­рі тіккен құрақ көрпелер де сол кезде жайылады.

Сан жылдар өткенде бала кезімде бақуат­ты­лықтың белгісіндей  болып көрінетін сол үйді көріп, бұрынғы сурет көз алдыма елестеді.

Білгенім, үй иелері зәулім ғимаратта  бір рет те еркін жайланып жатпай бұл өмірден озыпты. Бала-шағасы да ескі ыдыспен ас ішіп есейіпті.

Қожайыны рахатын көрмеген үй әлі де сол күйінде мізбақпай қарап тұр.

 Өз малының құлы

Зәулім үйдің иесі сияқты, біздің жақта мыңғырған малы бар міскін өмір сүрді. Ауылдың малсақ адамдары Қазығұрттың баурайынан бастап, Өгем тауларына дейін мал жайлап жатады.

Бала күнімде Кеңес өкіметі тұсындағы елдегі ең бай адамның неге сонша жүзі жұпыны, өзі арық, киімі көнетоз екендігін түсінбейтін едім. Өз малын кеңшардың қойына қосып бағатын еді.

Таудағы отардан ұзай алмайтын бұл кісі етекте отырған ауылдың өзіне сирек келеді. Онда да шай-қант алу үшін төменге түседі. Ең әрі ұзап барған жері аудандағы мектеп-интернат.

Көктемде сақман болғанда осы кісінің таудағы киіз үйіне бірнеше рет жолым түсті. Соншама малы бола тұра, олардың етсіз тамақ ішіп отырғанын көріп таң қалатын едім.

Шуынан арылтып, өзі баққан малын бауыздауға аяйтын шығар деген ой келетін. Өйткені, біздің көкеміз де есігінің алдындағы аз малының ішіндегі біреуін бордақыға байлап қоятын да, артынан көпке дейін көз алдында өскен тұяғын бір күн болса да тірі  болсыншы деп, пышаққа қимай жүретін. Әбден қызылсырағанда ғана, бауыздауға көршіні алып келеді. Пышақ малдың тамағына тақала бергенде, өзі үйдің сыртын айналып кетеді.

Алайда, әлгі бай балаларын оқытуға да малын қимады. Жаздың аптабында да, қыстың аязында да қой соңында жүріп өмірден өтті. Малын көбейтумен, малын қорумен, бағумен күндері азая берді. Шөп шапты, қора салды. Ешкімге бақтыр­ма­ды, ешкімге сенбеді. Сойып жемеді, сатып киінбеді…

Ол кісі де өтті өмірден.

 

Қап-қап ақша қойсаң да, қайтып олар келер ме?

Менің Құдай қосқан жақсы көршілерім – Ринат пен Аққайың ауылдарына барып-қайтуға қамданып жатыр екен. Туған жерлері де қайын жұрт, төркіндері бір қоңсыларым екі жақты да ренжітпей, сый-сияпат апаруды қызу ойласып жатқанда орталарынан түстім.

Ешкімді бөліп-жармай, аузындағысының жартысын жырып беретін ақкөңіл Аққайың көбінесе көрпені бала-шаға жағына тартып, соларға сыйлық апарғысы келеді. Абысын-келін, қайын-қайнағаны қуантқысы келіп, көйлек-көншекті жастар жағына ысырмақшы.

Ал Ринат үлкен кісілерді алға тартып, тарту-таралғының жақсысын қария­лар­ға апаруға үгіттеуде. Балажан Аққайың бұл ұсынысқа бірден көне салғысы жоқ.

– Асарын асап, жасарын жасаған адамдарға жаңа көйлек не керек? Күнде қыдырып жатқан жоқ.

Ақжарқын болса да  айтқанынан қайтпайтын Аққайыңды Ринат бір ауыз сөзбен тоқтатты.

– Бала-шағаны қуантуға барлық кезде үлгере­міз. Апарған кәмпит-сәмпитіңді жеп болған соң-ақ ұмытып кетеді. Сыйлықты үлкен кісілерге апарайық. Сонда әке-шешемізді қай уақытта қуантамыз? Бақилық болып кетсе, қап-қап ақша қойсаң да қайтып олар келе ме?

 

Өртенген бесік

Бұл қазаққа  бесіктің қасиетін безбендеп берудің жөні бар ма деп ойлайсың. Алайда, бүкіл ұлтымызды тербеткен бесіктің киесін білмей өскен, бесікті көрмей өскен ұрпақ та бар.

Бала күнімізде бос бесік дегенің үйдің төрінде тұратын немесе  жоғары жерге таза матаға орап, шығарып қоюшы еді. Ұрпақтың жалғасқанын тілеп, жақсы ырымды шақырып тұрушы еді. Үйге іңгәлаған сәбидің үні кіргенде бесікке де жан бітіп, жаңадан сатып алғандай болып жарқырап шыға келетін.  Апамыз оны жақсылап адыраспанмен, отпен аластайтын.

«Бос бесікті тербетпе! Бесікті теппе! Бесіктен аттама!» деп үйдегі үлкендер әулеттің тілекшісін тірі жандай қастерлеуші еді.

Сөйткен қазақтың оюлы бесігін кім болса да бір күні подъезге шығарып тастапты. Темекінің күлі мен қоқыс арылмайтын жерде жатқан бесікті көріп әрине, таң қалдым. Артынып-тартынып келе жатып, кімнің бесігі екен, көршілердің қайсысы мұны сыртқа шығарып тастауға дәті барды деп ойлап, ойым он саққа жүгірді. Кәдімгі оюлы, бүп-бүтін, қоңыр бесік.

Дәу де болса, пәтер жалдап, баспанасыз қаңғып жүрген қандастарымыздың бірінің әкетіп үлгермеген бесігін өзге ағайындар басы артық бұйым құсатып, сыртқа шығарып тастаған болар…

Дөңбекшіп жатып, біреудің бесігі болса да үйге әкеп, балконның биік жеріне қоя тұрайын, иесі табылар деп көзім ілініп кетті.  Таңертең тұра салып, бесік жатқан бесінші қабатқа қарай шықсам, кеше ғана бүтін болып, томсырайып тұрған қоңыр бесік қап-қара күлге айналыпты…

Темекінің тұқылын біреу үстіне тастай салған ғой.

Мұны көрсе біздің апам: «Тұқымың құрығыр-ай», деп налыр еді…

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.