27 Ақпан, 2013

Қара қылды қақ жарған заңдар

845 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қара қылды қақ жарған заңдар

Ежелден халқымыздың төл заңдары болғаны анық. Қазақ хандығының іргесін қалаушы бабаларымыздың бірі Қасым хан қазақ халқының әдет-ғұрыптық ереже тәртібіне мәнді өзгерістер енгізіп, дамытып, зор «Жарғы», яғни заң жасады. Кейін келе жұрт оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кетті. Бұл заңға кірген ережелер: Мүлік заңы (мал, мүлік, жер дауын шешу). Қылмыс заңы (кісі өлтіру, ел шабу, мал талау, ұрлық қылмыстарына жаза қол­­дану). Әскер заңы (қосын құру, аламанның міндеті, қара қазақ, ердің құны, тұлпар ат). Елші­­лік жоралары (майталмандық, заң­­­­гер­лік, шешендік, халықаралық қа­тынастарда сыпайылық, әдептілік).

 

Ежелден халқымыздың төл заңдары болғаны анық. Қазақ хандығының іргесін қалаушы бабаларымыздың бірі Қасым хан қазақ халқының әдет-ғұрыптық ереже тәртібіне мәнді өзгерістер енгізіп, дамытып, зор «Жарғы», яғни заң жасады. Кейін келе жұрт оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кетті. Бұл заңға кірген ережелер: Мүлік заңы (мал, мүлік, жер дауын шешу). Қылмыс заңы (кісі өлтіру, ел шабу, мал талау, ұрлық қылмыстарына жаза қол­­дану). Әскер заңы (қосын құру, аламанның міндеті, қара қазақ, ердің құны, тұлпар ат). Елші­­лік жоралары (майталмандық, заң­­­­гер­лік, шешендік, халықаралық қа­тынастарда сыпайылық, әдептілік). Жұртшылық заңы (ас, той, мереке үстіндегі ережелер, жасауыл, беке­уіл, тұтқауылдардың міндеті).

«Қасым ханның қасқа жолы» бір ғасырдай қолданылған соң, Есім ханның тұсында оған тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгі­зіліп, оны «Есім ханның ескі жолы» деп атап кетті. Ел аузында сақталған деректерге қарағанда, Есім хан тұсында «Қасқа жолға» қосылған жаңалық: «Хан болсын, ханға лайық заң болсын. Батыр болсын, абыз сөйлеу парыз болсын. Би болсын, би түсетін үй болсын», деген ережелер екен. Бұл Қазақ хандығы құрылысының саяси-әлеуметтік, әскери, рухани және сот істері жөніндегі негізгі заң сипатындағы төрт тұғыр екенін байқатады. «Ескі заң» деп аталуы­на қарағанда, сірә, бұл ережелер бұрыннан келе жатқан дәстүрлі үлгімен жасалған болуы ықтимал. Аталған осы екі заңдар ХVІІ ғ. аяқ кезімен ХVІІІ ғ. басында қайта толықтырылып, елеулі өзге­рістер енгізіліп дамытылды. Тәуке хан тұсында «Күлтөбенің басында күнде кеңес» өткізіліп, «Қасқа жолдың» бұрынғы бес тарауына тағы да екі тарау қосылды да «Жеті Жарғы» жасалды. Бұл жаңадан қосылған екі тарау жер дауы туралы заңмен құн дауы туралы заң болатын. Тәуке хан тұ­сында қазақ хандығының шығыс жағындағы жайылымдарды ойрат-жоңғар феодалдарының басып алуына байланысты жердің тарылуы, мал жайылымдарына орай туындаған жанжалдардан адам өлімінің жиі болуы себепті жер дауын мүлік заңынан, құн дауын мүлік заңынан, құн дауын қылмыс заңынан бөліп алып, жеке-жеке тарау енгізуге тура келді. «Жеті Жарғы» заңы үш жүздің ойшыл саңлақ билері: Төле, Қазыбек, Әйтекелердің қатысуымен билер талқысынан өтті.

Тәуке хан кезіндегі құқық ере­желерінің жеке салаларына (қыл­мыстық заң, отбасы, неке) шариғат ережелері ықпалын тигі­зеді. «Жеті Жарғы» заңындағы «бір еркектің төрт әйел алуына болады», «ұр­ға­шының жарым басы кем, екі әйелдің куәлігі бір еркекке тән», «еркекке толық құн, әйелге жарты құн» дейтіндер Тәуке хан тұсында ислам шариғатынан қазақ заңына енген ережелер. Осы сияқты жекелеген қағидалар Тәуке хан тұсында да ежелгі ерекшелігін сақтаған.

Кейбір зерттеушілер заңдардың түп-төркіні Шыңғыс ханның «Жа­сақ» заңынан алынған деген пікір айтады, енді біреулері Қа­зақ хандығының заңы «Жасақ заңынан мүлде бөлек заң» дейді. Ұлы және Орта жүздегі қазақтарда Жеті Жарғының Тәуке ханнан бұрын шыққанын дәлелдеді, бұған қысқаша мысал келтірсек: Қасым ханның Жарғысы: «қанды қанмен жою керектігі» «кекпен жою» деп өзгертілген. Ұрлық пен зорлыққа өлім жазасын және өлген адамның туыстары өлтірген адамға жаза беру керек делінген. Мәселен, жазаланған адам өз өмірін құт­­қарып қалу үшін өзі өлтірген еркек адам үшін 1000 қой, ал әйелге 500 қой төлеуге тиіс. Адам мүшелері үшін де, мәселен, үлкен саусағына – 100 қой, шынашағына – 20 қой т.б. Кімде-кім сұлтанды немесе қожаны өлтірсе, жеті адамның құнын төлеген. Сұлтанға немесе қожаға қарсы сөз айтқан адамға 9 қой, қарсы шыққандарға 27 қой төлеу белгіленген. Егер әйелі күйеуін өлтірсе, әйеліне өлім жазасы берілген. Жүкті әйелдер ондай жазадан босатылған, бірақ олар өмір бойы жазалы болып жүрген. Ал егер күйеуі әйелін өл­тірсе, құнын төлеп жазадан құ­ты­ла алған. Баласын өлтірген ата-аналарға жаза қолданбаған, бірақ әйел қайғыдан өлуге мәжбүр болған. Өзін-өзі өлтіргендер бөлек жерге жерленген. Егер әйел жараланып, өлі бала тапса, онда оған қылмысты болған адам 5 айлық балаға әр айына бір аттан, 5-тен 9 айлыққа дейінгі балаға әр айға 1 түйеден төлеген.

Әйелді зорлау өліммен бірдей жазаланған: қылмыскерге ауыр жаза кесілген. Әйел де кінәлі деп табылса, екеуіне де өлім жа­засы бірдей кесіліп, құнын төлейтін болған. Ал біреудің әйелін күйеуінің келісімінсіз алып қашқан адам ердің құнын төлеген. Егер әйелдің келісімімен алып кеткен болса, оның күйеуіне қалың мал төлеп, оған қосымша еркекке қалың малсыз қыз беруге тиіс болған. Егер баласы әкесін немесе шешесін қатыгездікпен ұрса, онда қара сиырға теріс мінгізіп ауыл ішімен алып жүрген. Ауыл адамдары оған топырақ шашатын болған. Содан әлгі адам қарабет атанған. Егер ұрлық жасаса, оған айып жазасы берілген: мал ұрласа, ұрлығын мойындауға тиіс болған; бір ат ұрласа орнына бір түйе төлеген, қой ұрласа, орнына ат төлеген. Егер кімде-кім кісі өлтіру мен ұрлықты бірге жасаса оған жаза екі есе берілген.

Тәуке хан хандықтағы күрделі істерді кеңесіп шешу үшін Төле би, Қазыбек, Әйтеке билерді өз қасында ұстаған. Ел ішіндегі ұрыс-жанжалдарды сол билермен ақылдасып шешу арқылы осы аталған заң елді біріктіріп отырған.

Қазақ елін қорғауда ерекше заңдарды айтпай кетуге болмайды. Қазақ жүздерінің басы қосылған кездердегі, ұйымдасу, қоғамдасу керек болған жағдайларда бір тудың астында жүріп елі мен жері үшін күрестерде, әсіресе, жоңғарлармен соғысқанда зеңбі­ректері барлары жеңген. Қазақ елі үшін ерекше тарихи маңызы бар ұлы жеңістер мыналар: 1643 ж. Орбұлақ шайқасы; 1718 ж. Аягөз өзені жанындағы ұрыс; 1728 ж. Бұлақты өзені бойындағы Қарасиырдағы жеңіс; 1730 ж. кейбір деректерде 1732 ж. көр­­се­тілген көктемгі Балқаштың оңтүстігіндегі Аңырақай шай­қас­тарындағы жеңістер. Олай болмаған жағдайда, яғни Жоңғар әскері қазақтың 2/3 территориясын (аумағын) басып алған болса мемлекетіміз түгілі халқымыздан айырылып, ұлттығымыз жойы­ла­тын еді деп айтуымыз керек. Жоңғарияның ту сыртында аспан асты ел – Қытай тұрған болатын, ал біздің солтүстігіміз бен ба­тыс-шығыс аймақтарында Ре­сей империясының қыспағында бол­ғанбыз. Ресей басшылары біз­дің әскерге қолдау жасамады, ке­рі­сін­ше, өз зеңбіректерін Жоң­­­ғар­ларға беріп отырған.

Осылайша, қазақ хандығы заң­дарының түп-төркіні қазақ хал­қында ұрпақтан ұрпаққа жал­­­­ғасып келе жатқан әдет-ғұрыптық ережелерден шыққан және ежелден ел салтына сіңген, халық бұ­қарасына түсінікті заң болды.

Ардагелді КӨШІМБАЕВ,

профессор.