Салтанатты жиын Елбасы кітапханасының директоры Ә.Рахымжановтың құттықтау сөзімен ашылды.
«Қазақстан халқының алғаш рет өзінің Президентін таңдауы – тарихи оқиғалар арасындағы ең маңызды шешім. Қазіргі таңда еліміз жеткен жетістіктер мен табыстарды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көпжылдық еңбегінсіз елестету мүмкін емес. Н.Назарбаевтың әрбір батыл шешімі – әлемдік саясатқа ықпал етудің таптырмас үлгісі», деген ол президент институтының қалыптасуына арналған көрмеге алғаш рет толық көлемде ұсынылған топтамалар жинақталғанын айтты. Бұдан соң, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Е.Сыдықов сөз сөйледі.
«Еліміздегі президенттік институт – тәуелсіз елдің ғана емес, бәріміздің тағдырымыз, баршамыздың құндылығымыз. Сонымен қатар ол жалпы халықтың билікке, тұрақты даму кепілдігіне деген сенімі. 2019 жылдың 19 наурызында Елбасы Н.Ә.Назарбаев саналы түрде президенттік өкілеттігін Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Осылайша билік трансформациясы жүзеге асты», деді Е.Сыдықов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған көрме – Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің «Музей жинағы» жобасы аясындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі. Мұнда қойылған экспонаттар екі бөлімге топтастырылған. Оның біріншісі құрмет белгісі – асатаяққа, ал екіншісі мантияларға арналған.
Аталған асатаяқтарды шетелдік делегация өкілдері мен қазақ елінің азаматтары Тұңғыш Президент – Елбасының ел дамуына қосқан орасан зор үлесі үшін құрмет ретінде сыйға тартқан. Әр асатаяқ қазақ халқының қолданбалы-сәндік өнерінің ережесіне сай жасалған. Қалың көпшілікке алғаш рет толық көлемде ұсынылған топтамалар Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың мемлекеттік қызметінің бір қырымен танысуға мүмкіндік береді.
Экспозицияда ұсынылған асатаяқтар зергерлік және көркем өнердің теңдессіз туындылары. Олардың үсті жартылай асыл тастармен көмкерілген, үстіңгі жағында шар тәріздес нышан бар. Бұл нышанның рухани бастау ретіндегі өзіндік қасиеті бар деп есептелінеді. Асатаяқ қазақ халқының дәстүрлерін ескере безендірілген. Мәселен, «қошқармүйіз» халқымыздың бірлігін, молшылық пен келісімді бейнелейді.
Екінші коллекцияда шетелдік оқу орындарының Елбасына әр жылдары сыйлаған мантиялары жинақталған. Мантиялар әлемнің әр қиырындағы оқу орындарының Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының жоғары білімнің интеграциясы аясындағы аса зор табыстарын тануының айғағы. Келушілер назарына Жапония, Корея, Қытай, Вьетнам, Канада, Ресей елдері университеттерінің Тұңғыш Президент – Елбасына берген мантиялары ұсынылған.