Сайлау • 25 Сәуір, 2019

Бүгін «Ауыл» партиясы өз кандидатын жариялайды

935 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2019 жылдың 25 сәуірінде Нұр-Сұлтан қаласында «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының кезектен тыс XV съезі өтеді. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін «Ауыл» партиясы өз кандидатын жариялайды

«Съездің күн тәртібінде 2019 жылғы 9 маусымда өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына партия атынан кандидатура ұсыну мәселесі тұр. Жиынға партияның облыстық филиалдарының өкілдері, жастар қанатының мүшелері, партиялық белсенділер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады», делінген партия хабарламасында. 

Еске сала кетейік, 9 сәуірде республикалық телеарналардан Қазақстан халқына үндеу жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Конституциясына сәйкес ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын  2019 жылдың 9 маусымында өткізу жөнінде шешімін жариялады.

Айта кетейік, 23 сәуір күні «Nur Otan» партиясы атынан Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев тіркелді. 

Кеше «Ақ жол» демократиялық партиясының кезектен тыс XV құрылтайы Дания Еспаеваны ресми түрде президенттікке үміткер ретінде бекітті. 

Одан бөлек, «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан қоғам қайраткері, жазушы-журналист Сәдібек Түгел кандидат ретінде тиісті құжаттарын тапсырды.