Спорт • 25 Сәуір, 2019

Бүгін – жартылай финал

865 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бокстан Бангкокта өтіп жатқан Азия чемпионатының бүгін жартылай финалдық сайыстары өтеді. Қазақстанның ерлер құрамасының жеті мүшесі осы межеге сүрінбей жетті. Әзірге бұл жаман нәтиже емес. Десек те жанкүйерлер алдағы күндері де жерлестерімізден жарқын жеңістер күтеді. Өйткені біздің басты мақсатымыз – барынша көп алтын алып, жалпы командалық есепте көш бастау.

Бүгін – жартылай финал

Жартылай финалда Қазақстан­ның үш бірдей өрені Үндістанның өкілдерімен күш сынасады. Иә, кезінде біз оларды «қалпақпен ұрып алатындай» дәрежеде едік. Тіптен, ең қарулы деген бокс­шылардың өзін көзге де ілмей­тінбіз. Бірақ қазір бәрі өзгер­ген. Үнділер тек біздер ғана емес, жеңіспен өрілген мол дәстүрі бар өзге де елдер үшін де аса қауіпті қарсыласқа айналып отыр. Алысқа бармай-ақ, осы жарыста 57 кило салмақтағы үндістандық Кавиндер Сингх Бишттің әлем чемпионы деген дардай атағы бар қазақтың ұлы Қайрат Ерәлиевті сан соқтырып кеткенін айтсақ та жеткілікті. Ол аз десеңіз, Амит жайында әңгімелейік. Есімі көпшілікке беймәлім бұл бокс­шы Өзбекстанның мақтанышы, Рио Олимпиадасының жеңімпазы әрі Вэл Баркер кубогының иегері, әлем чемпионаты мен Азия ойын­дарының күміс жүлдегері, екі дүркін құрлық чемпионы Хасан­бой Дусматовтың өзін жолынан ығыстырды. Осы дерек­терден-ақ, бүгінгі таңда Үндістан боксы қандай деңгейде екенін анық аңғаруға болады.

Сонымен, 49 кило салмақтағы Теміртас Жүсіпов Дипакпен қолғап түйістіреді. 60 кило сал­мақтағы Зәкір Сафиуллин Шива Тхапамен күш сынасады. Бірден айта кетейік, ол осал боксшы емес. Азия чемпионаттарында Тхапа бірнеше мәрте атой салған (2013 жылы – алтын, 2015 жылы – күміс, 2017 жылы – күміс). +91 кило салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев 2015 жылғы Азия біріншілігінің қола жүлдегері Сатиш Кұмармен айқасады.

64 кило салмақтағы Санатәлі Төлтаев тәжікстандық Баходир Усмо­нов­пен кездессе, 75 кило салмақтағы Тұрсынбай Құлах­мет түрікменстандық Нұр­­сахат Паззыев­пен шеберлік байқа­сады. 85 кило салмақтағы Бек Нұр­маған­беттің қарсыласы – қырғы­з елі­нің өкілі Еркін Әділбекұлы. Ал 91 кило салмақтағы Василий Левит Оңт­үстік Кореяның оғланы Ким Хьен Кюмен жұдырық­тасады.

Бұл күндері Таиландтың астанасында Қазақстанның ерлер құрамасы тәуір өнер көрсетіп жатса, әйелдер командасының қарқыны көңіл көншітерлік емес. Ерекше сенім артқан был­ғары қол­ғап шеберлеріміздің біразы бас­тапқы бәсекелерде сүрін­ді. Қазір жарыс жолында бұрым­дылар­дың төртеуі ғана қалды. Жарты­лай финалда олар мына бокс­шы­лармен кездеседі: 64 кило: Милана Сафронова – Дан Ду (Қытай), 69 кило: Дариға Шәкі­мова – Ниен Чин Чен (Қытай), 81кило: Фариза Шолтай – Пуджа Рани (Үндістан) және 91 кило: Ләззат Күнгейбаева – Сяоли Янг (Қытай).