Спорт • 25 Сәуір, 2019

Нұрқожа Қайпанов: Ендігі мақсат- әлем чемпионатында көк туымызды көтеру

1016 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күрес түрлерінен Қытайдың Синбо қаласында Азия чемпионаты жалғасуда. Еркін күрестен Қазақстан командасының мүшелері құрлық додасынан 2 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Азия біріншілігінің жеңімпазы атанған Нұрқожа Қайпанов (70 келі) пен Данияр Қайсанов (74 келі) Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, чемпионаттан алған әсерлерімен бөлісті.

Нұрқожа Қайпанов: Ендігі мақсат- әлем чемпионатында көк туымызды көтеру

«Азия біріншілігі өте сәтті өтті және жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бұл мен қатысқан алғашқы ірі жарыстардың бірі. Дүбірлі додада елімізге алтын жүлде сыйлап, Әнұранымызды шырқатқанымыз үшін қуаныштымын. Құрлық бәсекесінде барлық кездесулерім де оңай болған жоқ. Әсіресе, финалға жолдама беретін белдесуде өте талантты Иран балуанын жеңдім. Осы кездесуім көпке дейін ұмытылмасы хақ. Ал финалға өткен соң, жанкүйерлерді жерге қаратпай, қол созым жердегі алтыннан көз жазып қалмау үшін барымды салдым. Бұл жеңісімді бапкерлерім мен маған жанкүйер болған барша қазақ еліне арнаймын. Ендігі мақсат – өз елімізде өтетін әлем чемпионатында көк туымызды көтеру», - дейді 20 жасында топ жарған Нұрқожа Қайпанов. 

Ал Азия ойындарының ақтық сынында сүрініп, биылғы құрлық чемпионатында қарсылас шыдатпаған Данияр Қайсанов ең негізгі қарсыласының жарыстан сырт қалғанын айтады. 

«Менің салмағымда 16 балуан күресті. Барлығын да жақсы білемін. Ал өзім үшін ең ауыр кездесу моңғол спортшысына қарсы өтті. Ол жақында Моңғолия чемпионы атанған және Азия чемпионатында топ жарған балуан. Десе де, өз тәжірибем мен шеберлігім арқасында жеңіске жеттім. Айтпақшы, менің ең азулы қарсыласым, Ресейдің екі дүркін чемпионы Адам Батыров жарақатына байланысты кілемге шыққан жоқ. Ол бүгінде Бахрейн атынан сынға түсіп жүр. Бұл медаль менің әрі қарай үздіксіз дайындалып, әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетуіме серпін береді. Сондай-ақ, алдағы Олимпиада ойындарына жолдама алу мақсаты бірінші орында тұр. Енді бір аптадай демалыс алып, жаттығу жұмыстарына қайта кірісемін. Мамыр айының аяғында Италияда рейтингілік жарыс өтеді. Сол бәсекеге қатысамын», - дейді Қайсанов. 

Еске сала кетейік, еркін күрестен Қазақстан құрамасы Әсет Серікбаев жаттықтырады.