Кебенек киген…
Ол жер мен көктің арасында жүрген тәрізді. Аруақ емес. Елеске де ұқсамайды. Бірақ оның тұрағы жеті қат аспанның бергі жағындай болады да тұрады.
Оны танитын әрбір адам елеңдеп жүреді. Әне-міне есіктен: «Ассалаумағалейкум», деп кіріп келетіндей. Қапсыра қысып, кеудесіне басып, жылы ғана жымиып, артық әңгіме айтпастан, қайда жүргенінен хабар берместен: «Не жаңалық?» деп сұрайтын сияқты. Жиырма жылға жуық уақыт аралығындағы жаңалықты оған қалай айтып тауысарсың?! Жаңалық айтпақ түгілі, тілің байланып қалады да.
Ол жер мен көктің арасында жүрген тәрізді. Аруақ емес. Елеске де ұқсамайды. Бірақ оның тұрағы жеті қат аспанның бергі жағындай болады да тұрады.
Оны танитын әрбір адам елеңдеп жүреді. Әне-міне есіктен: «Ассалаумағалейкум», деп кіріп келетіндей. Қапсыра қысып, кеудесіне басып, жылы ғана жымиып, артық әңгіме айтпастан, қайда жүргенінен хабар берместен: «Не жаңалық?» деп сұрайтын сияқты. Жиырма жылға жуық уақыт аралығындағы жаңалықты оған қалай айтып тауысарсың?! Жаңалық айтпақ түгілі, тілің байланып қалады да.
Қазақ әдебиетінің көгінде 90-жылдардың басында бір жұлдыз жарқ ете қалған. Әділ Ботпанов деген. Әділ туралы әңгіме айту өте қиын. Себебі де жоқ емес. Өйткені, ол жоғалып кетті.
Қарғаның миын қайнатар шіліңгір шілде еді. Күнтізбе 1996 жылды көрсетіп тұрған. Таңертең әдеттегідей үйден шыққан Әділ сол күні оралмады. Сол кеткеннен мол кетті. Не ізі жоқ, не өзі жоқ. Хабар-ошар да болмай тұр. 27 жаста ғана болатын. Ақынды соңғы көрген сол кездегі әкім екен. Қаланың әкімі Бақберген Досмамбетов. Қалай дерсіз? Әкім дарияның бойын жағалай келе жатады. Төбенің басында ақ көйлегі көлбеңдеп әлдебіреу отырады. Таяп барса, Әділ екен.
– Әділ-ау, мұнда неғып жүрсің?– дейді. Ақын:
– Балық аулап отырмын,– депті. Балығы аз, жағасы саз жерде ақынның қармақ салып отырғанына таңғалады әкім. Бірақ балық аулап отырмағаны бесенеден белгілі еді. Қолында қармағы да жоқ. Ботпановтың қиқар екенін білетін Бақберген аға ары қарай өз тірлігімен кетеді. Содан кейін Әділді көрген адам жоқ.
Ақмешіттегі ағайын Әділді содан бері іздеп келеді. Алғашқы күндердегі сабылысты ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сол кездері Қызылордада қызмет атқарған Бауыржан Омарұлы мен Амантай Шәріптің табанынан тозып ақын інісін іздегенінің өзі нәтиже бермеді. Шәһизада Әбдікәрімов пен Аманжол Сақыпұлы «Әділ саяжайда жатыр екен», дегенді естіп құлқын сәріден сол маңды торуылдап, кеш қарая жарық жанып тұрған әрбір үйдің терезесіне үңіліп жүріп таң атырғаны да ересен еңбек. Әкесі Әнуарбек ақсақалдың, жары Гүлсімнің жанұшыра жүгіргені де жақсы хабарға жалғаса қоймады. Қысқасы, 96-дағы дүрбелеңнің дүбірі әлі күнге басылған жоқ. Бірақ үміт бар. Оралады деген. Әрі-беріден соң бақсы-балгерлердің өзі ақынның тірі екеніне куәлік беріпті-дүр. Оның Қайрат Ағаберген атты жолдасы болған. Осы кісі Ғазиза деген балшыға барыпты. Сонда балшы: «Бұл бала – тірі. Кеуде тұсында алақаннан ұшып бара жатқан көгершіннің суреті бар екен. Дартанды деген жерде жүр. Қасында өзге ұлттың ұзын бойлы, қасы-көзі қиылған қызы бар. Сол әйел суға дем салып, жігітті дуалап алып кеткен», – депті. Оның амандығы Аллаға ғана аян тірлік қой. Дей тұрғанмен асылыңнан айдың-күннің аманында тірідей айырылғанда адам баласына бақсының сөзі де қуат береді.
Әділ жиырма жасына дейін қазақ әдебиетін ғана емес, әлем классиктерінің көп еңбегін сарқа оқып, тауысып тастаған. Содан болса керек, қатарластарынан едәуір биік ойлайтын. Өресі де соншалық зор еді. Оған Құдай тағала үйіп-төгіп бере салған талантын қоссаңыз ақынның бейнесі зорая түседі. КазГУ-дің екінші курсында оқып жүргенінде жыр жинағы дайын болған. Баспаға да беріпті. Дегенмен, «тағы бір қарап шығайын» деп баспадан алып кетеді де, жоғалтып алады. Мүмкін, біреу әдейі жоғалтып жіберді ме екен? Ал жинақтың атын «Өмірзая» деп атайды. Өзі айтып отырады екен: «Өмірзая деген ең алғашқы болып туып, айдың жанында тұратын жұлдыз. Жарқырап тұрады. Ал басқа жұлдыздар туғанда ол жоғалып кетеді», деп. Осы аттас өлеңі де болған. Өкініштісі, аталмыш өлеңнің толық нұсқасы еш жерде сақталмаған. Тек Бауыржан Бабажанұлы ғана өлеңнің алғашқы шумағын миына қаттап қалған.
Өмірзая жұлдыз болып келем мен,
Жарық жыр боп аспаныңда жылт етем.
Салыстырсаң маған біткен өлеңмен,
Тіршілігің жәй әншейін қырт екен.
Осы бір ғана шумақтың өзі Ботпановтың бүкіл тағдырын айқындап бергендей болады да тұрады. Қазақ әдебиетінің аспанында жылт еткеніңіз не, жарқ еткені рас Әділдің. Өзіне біткен өлеңнің құдыретті екені де ақиқат. Із-түзсіз жоғалып кеткені… тіршіліктің жәй ғана қырттығы да.
Лениннің ілімі сөгіліп, капитализмнің өміріңізге дендеп ене бастаған 90-жылдардың бас кезі есіңізде шығар. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен заман еді ғой. Талай ғасырдан бері үздіксіз жалғасып келе жатқан қазақ поэзиясының алтын жібі де сетінеп, үзілудің алдында тұрған-тын. Осы кезде дарыны бөлек, арыны ерек толқын келді. Ақын Темірхан Медетбек оларды «алтынкөпірліктер» деп баға берді. Осыдан кейін оларды осылай атайды жұрт. Осы «алтынкөпірліктердің» бастауы Әділ болатын. Мұны осы толқынға жататын қай жігіттен сұрасаңыз да куәлікке тұрады. Бір кездері дәруіштігімен дараланып, қазақ қара сөзінде зарзаманның жаңа сипатын қалыптастырған Маралтай ақынның өзі қос қолын көтеріп мойындайтынына шүбә жоқ. «Қасқырды еміп жүрген» Әмірхан Балқыбек «мықты қазақ» дейді бірден. Жүрегі нәзік Жарас Сәрсек те жанары жасқа толып Ботпановтың биігіне көз тастайды. Бауыржан Бабажанұлы туралы сөз басқа. Осындайда да мына бір естелік еске түседі.
Маралтайдың Жамбыл мен Алматының арасында жалаңаяқ жар кешіп жүрген кезі екен. Дауылдатып, жауындатып келеді дейді. Өрекпіп жыр оқиды. Жаудырып тұрып жазады. Жігіттердің барлығы тік тұрып тыңдайды. Күндердің бір күнінде дастарқан басында Әділ мен Маралтай жолығады. «Кентавр» жырын оқиды. Төрде отырған Әділ ернін бір жағына қисайтып «ерунда» дейді. Оның өзі өлеңге баға бергенде айтатын екі-ақ сөзі бар екен. Бірі жаңағы айтқанымыз. Екіншісі «өлең екен». Маралтайға бағасын береді де Әділ тұрып кетіп қалады. Жігіттер барса: «Маған дастарқанды мына бөлмеге жайыңдар. Мен тақпақ жазатындармен бір жерде отырмаймын», дейтін көрінеді қиқарланып. Міне, сізге керек болса! Бүгінде Маралтайдан асқан ақынды тауып көріңіз. Дегенмен, кейіннен Ыбыраевтың өзі: «Мен сол кезде шынында да тақпақ жазып жүрген екем ғой», деп мойындаған.
Жұматай Жақыпбаевты білмейтін қазақ кемде кем шығар. Өмір бойына Ләйләсін жырлап өткен ақынның өзінен кейінгі жігіттерге аса қамқор болғанын жұрт таңдайынан тамызып отырып айтады бүгінде. Сол шақтарда ақындардың арасында «Жұматайдың қағанаты» деген тіркес те болған. Бұл неден шыққан? Жақыпбаев сүйегі жағынан төренің тұқымы ғой. Оның үстіне үнемі жалғыз жүрмейді. Жанында кемі бес-алты ақын болады. Топырлаған жастардың ортасында отырғанда Жұматай: «Мынау менің қағанатым», деген екен. Содан кейін осы тіркес ақындардың сөздік айналымына еніп кеткен. Осы қағанаттың соңғы нояны да Әділ болған. Ол туралы Бабажанның ақын баласы былай деп еске алады.
«Бір күні кешке Әділ бөлмеге кіріп келді де үнсіз тұрып қалды. Өзінде өң-түс жоқ. Көзі мөлт-мөлт етеді. Біз шошып кеттік. «Не болдылап?» жатырмыз. «Жұмағаң қайтыс болыпты»,– деді ол. Шынын айтқанда, мерзімді баспасөздерден өлеңдерін оқығанымыз болмаса, Жұматай Жақыпбаевты біз ол кезде көп біле бермейтінбіз. Жұмағаңның жыр қағанатын құрғанын, оның ең жас сарбазы Әділ болғанын сол күні естідік. Көп өлеңдерін сол түні оқыдық. Әділ Жұмағаңның қазасына арнап «Жан азасы» деген өлеңін жазды».
Қағанат хансыз қалғанда туған жыр мынау:
Құшақтап қайғы жабыққам-ды құр,
Жабықпас жаққа кетермін.
Ұйықтасам қара табыттарды кіл
Аймалап жүрем, нетермін…
Қашанғы енді ғашық балаша
Соза да берем төзімді.
Табыттың ішін ашып қарасам,
Ішінен көрем өзімді.
Үрейім ұшып, үдейіп күмән,
Басқа бір келдім табытқа.
Онда да өзім, не дейін бұған
Қолымды созып жарыққа.
Қолымды созып, жалын деп лаулап,
Өшіріп үнін наланың.
Арманды қуып тәнімнен аулақ,
Алысқа самғап барамын.
Санаға енді бұл да азық па екен,
Тағы аштым табыт, бекеммін.
Ішінде өзім – гүл нәзік өлең,
Былдырлап жатыр екенмін.
Былдырлап жатыр екенмін…
Бұл оның бірінші курста жазған жыры. Бәріміз бірінші курстың студенті болып көрдік қой. Өз басым осы уақытқа дейін мынадай деңгейде өлең жазған «балмұздақты» көрмеппін.
Білетіндер Әділге КазГУ-дің филфагында оқу қызықсыз болды дейді. Кейбір мұғалімдердің деңгейінің төмендігін бетке айтқан кездері де жоқ емес көрінеді. Жер жаһанның жауһарларын өздігімен оқып-білген соң мұнысы қалыпты да құбылыс шығар. Қанша білімді дегенмен балалығы мен балаңдығы да болған ғой. Сондықтан албырттығы алға шығып кете берген де шығар. Бірақ ол қара сөздің қадірін білген. Кейбір жолдастары өлең оқып тұрғанда «сен ақын болмай-ақ қойшы» дейді екен бірден. Сөздің қасиетін кетірмеші дегені де ол. «Бұл КазГУ-де менімен деңгейлес Нұржан Қуантайұлы дейтін жігіт бар», депті бірде. Талантты жазбай танитындығы шығар. Қуантайұлы бүгінде поэзияда өзіндік орны бар ақын. Сонымен қатар, прозасы да жұрт аузында. Бір ғана «Қараөзек» деген жинағы елді елең еткізді. Оның сыртында ғалымдығы бір төбе. Жүсіпбек Аймауытовты зерттеп жүрген бірден-бір адам. Журналистігі туралы сөз қозғау басы артық шығар. Бүгінде Өскеменде. «Шығыс-ақпарат» медиахолдингінің директоры.
Әлгінде айтқан Әмірханға Әділ айтыпты бір күні. «Екеуміз әдебиеттегі бәсекелес болайықшы», деп. Әмір қағанның да әлемі бөлек қой. Тағы да Бауыржанға сүйенейік. «Онымен таласатын Әмірхан Балқыбек қана. Әкесі Жұмабек: «Ең болмаса жақсы оқырман болып шығарсың»,– деп бағыт-бағдар сілтеп, көп кітаптар оқытқан Әмірханның да білмейтін пәлесі жоқ еді. Оны Әділ де мойындағанымен, тек «шахановшалап жазғаныңды қой» деп өлеңіне тиіседі». Айтпақшы, Балқыбек алғаш жырын оқығанда-ақ: «Мынау Шахановтың көшірмесі ғой», деген екен Ботпанов. Келе-келе Әмірхан да «шахановшылағанын» қойып, өзінің сүрлеуін салды.
Енді бір сәт Әділдің өлең әлеміне аялдайық. Алдын ала айтамыз, оның шығармаларында өлім туралы көп айтылады.
«Мен өлеңге келген кезде ессізбін». Алғы сөзіне Н.Глазковтың Хлебников туралы бір сөйлемін тілге тиек қылады. «…Был Хлебников, но умер нищим. Но председателем земшара», деген.
Мен не дейін төрағасы Жершардың,
Сен тұрғызған үлкен үйден енші алдым.
Жыр бар менде, қайғы-мұң бар аздаған,
Тағдырым бар жантағындай сортаңның.
Нұр күтпедім жыр ұқпаған кісіңнен,
Жартыкештеу тірлігіне ісінген.
Пенде емес ем «кир-бул-шылды»
сен жазған,
Құр былшыл деп түсінген.
Төрағасыз тұл Жершарды мекендеп,
Көрінгенмен тірлігіме бекем боп.
Сан қиырға көз саламын зәуде мен,
«Қайыршы боп, қайда кетсем екен?» деп.
Мен қашанғы пенделікті малданып,
Жүрер дейсің тіршілікке алданып,
Кетем, бір күн әр қиырдан жыр іздеп.
Өзің құсап сандалып…
Өмір бойы сезіп-білгем мұны мен,
Кеш батқанда қайғылы әннің үнімен
Қосып ішіп, тауысам да шарапты,
Өлігімді стаканның түбінен…
Тауып алам. Бұл қиялы ессіздің,
Дерсің, бәлкім, бәлкім, дерсің көзсіз мұң.
Қайдам басқа тірлігіңді, әйтеуір,
Мен өлеңге келген кезде ессізбін.
«Алла ақынның аузына өз тағдырын салады», деген сөз бар ғой. Мына өлеңді оқып отырып Әділдің өмірі елестей береді көзіме. Қараңызшы, өлең дейтін жершарын мекендеді. Оны түсінбейтіндерді түсінбеді. Тіршілігіне бекем-ақ болды. Кейбір ақындар секілді жалаңаяқ, жалаңбас болмады. Бала-шағасын асырады. Баспаналы етті. Ештеңеден тарықтырмады. Бірақ оның поэзияға деген іңкәр сезімі әлдебір әлемге тарта берді. Жәй ғана көптің бірі болып жүргісі келмеді. Әр қиырдан жыр іздеді. Сол іздеген жырының соңында кетті. О, тоба! Енді қайда екені белгісіз.
Әділ оқуды тауыспай кетті. Екінші курстың екінші семестрінде ағылшын тілінің апайы бағасын қоймай, құлатып жіберді. Содан кейін ол туған жеріне оралды. Мұнда да ел бар. Ақын, ақындыққа жақын жігіттер бар. Ең қызығы жігіттер жан-жақтан қаумалап жүріп оны журналистиканың соқпағына салып жіберді. «Алғашқыда көнбеді», дейді Аманжол Сақыпұлы. Дегенмен, көп қоя ма, иліктіріпті. Дәл сол кезде «Ақмешіт апталығы» деген газет ашылған. Оған кіл жастар жиналған. Соның ортасында Әділ жүрген. Ол туралы бүгінде «Сыр медиа» ЖШС-ін басқарып отырған Аманжол былай дейді:
– 1994 жылы аймақта алғашқылардың қатарында тәуелсіз һәм жеке «Ақмешіт апталығы» газеті жарыққа шықты. Газеттің бас редакторы – Сыр журналистикасында үлкен орны бар, қазақ көсемсөзінің қара нары Әділхан Бәйменов еді. Газетке тілекші болып кезінде облыстық газеттерді басқарған екі абыз шал Нұрділдә Уәлиев пен Шәкізат Дәрмағанбетов жүрді. Газеттің қара жұмысын, яғни екі тертені мойынға ілген Дүйсенбек екеуміз едік. Қасаң саясаттың сылыңғыр сөзінен шаршаған оқырманның біздің газетімізге ықыласы жаңбырдан соң бүр ашқан көктемгі жауқазынның бейнесінде болды. «Ақмешіт апталығы» оқырманның іздеп жүріп оқитын сүйікті басылымына айналды. Таралым көбейді, шығармашылық ортаны толықтыру мәселесі күн тәртібіне көтерілді. Сол кез біз Әділ Ботпановты іздедік. «Жігіттер, мен мақала жаза алмайтын шығармын». Сол сөзді айтқан Әділ қасиетті қаламның киесінен қаймықты ма екен, әлде бізді сынағысы келді ме, беймәлім. Жабыла үгіттеп, журналистиканың қамытын мойнына кигізіп-ақ жібердік. Әділ салғаннан сыралғы жүйріктей оза шапты. Оның мақалаларында қоғамның сол сәттегі болмысы айна-қатесіз көрініс тапты. Сыналған жанның өзі ренжіп отырып рахмет айтып кететін. Әділ келген соң біздің газеттің танымалдылығы арта түсті. Танымдық материалдар, ғылыми ізденістер, тірліктің өткір мәселелері жөнінде жазылған дүниелер оқырман жанын рухтандыратын. Әділ шетел әдебиетінен көркем аударма жасайтын, өлеңдерін шығаратын. Мен бас редактордың орынбасары есебінде бірыңғай ұйымдастырушы жағына көштім. Әділ жауапты хатшылықты меңгеріп алды. Кейде шығатын газетті бас редактордың өзі көрмей қалатын. Соның өзінде: «Жігіттер, газет өте жақсы шығыпты» деп Әдекең риза кейіпте отыратын. Бұл Әділ шығармашылығының да шырқау биіктегі кезі болса керек.
Секретариаттың жұмысы – газеттің жұлыны ғой. Ақын оны да қыңқ етпей атқарып, бірден игеріп кеткен. Жауапты хатшы болып істеп жүргенінде Алматыдағы жігіттермен кездеседі. Сонда Әділ айтқан тағы бір әйгілі сөз қалады. «Жауапты хатшы деген – газеттің макетін жасайтын адам. Мына Әмірхандардың бес жыл оқитыны сол екен ғой, мен бес күнде үйреніп алдым оны».
Кейіннен Қызылордада қалалық телевидение ашылды. Оның басы-қасында жүрген Шәһизада Әбдікәрімов еді. Шәкең Әділді шақырады. Тағы қорқақсоқтайды. Бірақ артынан көнеді. «Телевидениенің қатып қалған темірлеріне жан бітірді ғой», дейді қазір «гладиатор» ақын Әбдікәрімов. Сол жерде үш ай ғана қызмет қылады. Содан кейін… жоқ.
Сырдың бойында Әділге сырлас болған жігіттердің бірі Дүйсенбек Аяшұлы. Ол өткен күндерді былай деп оралтады. «Бір күні:
– Менің алысқа кетіп қалғым келеді,– деді.
– Қайда?
– Әйтеуір алысқа. Алаңсыз жатып әлі ешбір ақын жазбаған өлең жазсам ба деймін. Мылқауды сөйлетіп, соқырдың көзін шайдай ашатын.
– Онсыз да мықтысың ғой.
Ол менің бұл сөзіме мән берген жоқ.
– Сосын қайтып оралам…»
Қызық. Әділ алаңсыз жыр жазып жататын жайлы мекенге кетті ме, әлде басқа жақта ма, белгісіз. Десек те, бір жаққа кетті. Мылқауды сөйлететін, соқырдың көзін ашатын өлең жазған да шығар. Жоқ! Сірә, жазбады. Жазса, оралатын еді ғой…
Дүйсенбек пен Әділдің осы диалогына қанық Елубай Әуезов өлең шығарыпты. «Ол келеді» депті тақырыбын.
Қанша арман бар-ды алдыңда,
Жүрекке запыран, толады у.
Еркелеп болсаң тағдырға,
Керек те шығар оралу.
Айларың жылға ұласып,
Шертеді күйін жүз перне.
Түсінбей жүрміз расы -
Жоғалған сен бе, біздер ме?
Түсіре берме мұңды еске,
Шөлмек те бір күн сынады.
Ұзаған сенсіз жыр-көшке,
Бірдеңе жетпей тұрады.
Тағдырың тартса қилы сын,
Бақ үнсіз қалып, жылар бау.
Әділ-ау, оңай деймісің,
Өзіңсіз кеште жыр арнау.
Білінер әлі-ақ дерегі,
Жырын сүй, оның досын сүй.
Ойда жоқ бір күн келеді,
Біздерге сыйлап тосын сый.
Қазақта Әділге дейін де, кейін де жоғалып кеткен ақындар болған. Мысалы, Сағат Әбдуғалиев. 1983 жылы жоғалып кеткен. Сергелдеңге толы сегіз айдан кейін ғана дерегі табылған. Қой бағып жүрген балалар бір сайдың ішінен оның сүйегін тауып алған. 1970 жылы ҚазГУ-ге оқуға түсіп, журфакты бітірген соң Шымкентте жұмысқа орналасқан Танабай Нарманов та хабар-ошарсыз кетеді. Өлі денесі бір жылдан соң табылады.
Әділ де жоғалып кетті. Он алты жыл өтті. Бірақ не тірілей, не өлідей табылмады. Біздің жұртта: «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді», деген сөз бар. Кебін мен кебенектің айырмасын есті қазаққа түсіндіріп жатудың керегі жоқ шығар. Ауыр болса да айтайық, Сағат Әбдуғалиев пен Танабай Нарманов кебін киген соң оралды. Ал Әділ кебенек киіп кетті. Сондықтан ол әлі келеді деп ойлаймыз.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».