Аймақтар • 25 Сәуір, 2019

Фронт-офис ашық алаңға айналады

914 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында жергілікті мәслихат депутаттары құзырлы органдармен бірлесе отырып тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға атсалыспақ ниетте.

Фронт-офис ашық алаңға айналады

Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында сөз алған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Абзал Мұхимов атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Ұлттық баяндама талқыланды.

- Тұрмыстық жемқорлықты жоюдың тағы бір жолы - мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электрондық форматқа көшіру. 2018 жылы электрондық түрде көрсету мүмкіндігі бола тұра, қағаз түрінде көрсетілген 196 мыңнан астам қызметтің 99 пайызы білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік салаға тиесілі болып отыр. Аталған салаларда тұрмыстық жемқорлық көріністері жиі кездесетіндігін ескере отырып, осы салаларда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді кезең-кезеңімен 100 пайыз электрондық форматқа жеткізуді ұсынамыз.

Қазіргі уақытта ауыл әкімдіктері мен халықпен тығыз жұмыс жасайтын жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері ғимараттарының көпшілігі ескі ғимараттар. Осы ескі ғимараттарды жаңартып, құрылыс жүргізу барысында «Open space» форматына көшіру мақсатында қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруларыңызды сұраймыз. Сонымен қатар, халыққа қолайлы жағдай жасау үшін облыстық маслихатта халықтың арыз-шағымы мен тілектерін кедергісіз қарайтын фронт-офис ашуды ұсынамыз. Фронт-офисте азаматтар халық қалаулыларымен кездесіп, тілек талаптарын білдіретін ашық алаңға айналады деген сенімдеміз, - деді ол.

Биыл балаларды мектепке қабылдау, тегін тасымалдау, лагерьге жолдама беру, арнайы білім беру ұйымдарына қабылдау, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау және т.б. білім беру саласындағы 12 қызмет толық электронды форматқа көшірілетін болды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 50 млн. теңгеге жуық қаржы бөлу көзделіп отыр.