Аймақтар • 25 Сәуір, 2019

Ақтөбелік он бір азамат баспаналы болды

1082 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

24 сәуір, сәрсенбі күні Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өкілдері облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қабылдауында болды.

Ақтөбелік он бір азамат баспаналы болды

Аймақ басшысы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат  Ибрагимова, банк департаментінің директоры Ринат Талтусов және осы АҚ  Ақтөбе облыстық филиалы директоры Жеделбек Мурзагалеевпен  бірге осы жылдың бірінші мамырынан бастап жүзеге асқалы жатқан «Әскери  баспана» жаңа бағдарламасын талқылады. Яғни, бұл бағдарлама әскери қызметкерлерге арналған. Облыс әкімі  тұрғындарды  баспанамен қамту  үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыру  қажеттігін айтты.    

Қабылдаудан соң,  облыс  әкімі «Нұр Ақтөбе» мөлтек ауданында  өткен  пәтер кілтін табыстау салтанатты шарасына қатысты. Аймақ басшысы  «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 11 ақтөбелік азаматқа пәтер кілтін табыстады.

«Баспаналы болған азаматтарды қуанышты сәттерімен  шын жүректен құттықтаймын. Елімізде тұрғындардың пәтерлі болуы үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып келеді. Отбасыларыңыз тек берекеге  толы болсын», - деді облыс әкімі өз құттықтауында.  

Бағдарлама  шеңберінде  балалар үйінің түлектері мен бюджеттік ұйым қызметкерлері баспанаға қол жеткізуде. Жаңа қонысқа ие болғанның бірі 23 жасар Болат Шүкіров облыс басшысына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Олардың көбісінің жұмыс тәжірибесі мен табысы аз болғандықтан, жалға берілген пәтерлерді алдағы уақытта сатып алу мүмкіндігі ұсынылды. Жалдамалы пәтерді пайдалана отырып, мемлекеттік бағдарламаға қатысушы 6 жыл ішінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі өз депозитінде пәтер бағасының 50 пайызын жинауы тиіс. Осыған сәйкес, ол ай сайын шотына орташа есеппен 35 000 теңгеден салып тұруы тиіс. Жинақтау мерзімі аяқталғаннан соң, банк қалған 50 пайызын несиеге жылдық 4,2 пайыз мөлшерлемемен береді.

Алдағы уақытта балалар үйінің  20 түлегі  жаңа баспанаға қол жеткізеді деп күтілуде. Пәтер кілті табысталғаннан соң, жаңа қоныс иелері мен шақырылған қонақтар үй ауласына  ағаш көшеттерін отырғызды.