Аймақтар • 25 Сәуір, 2019

Шымкенттік сақшылар жас қызды құтқарып қалды

972 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкенттік полицейлер өзенге секіріп өлмекші болған жас қызды ажалдан алып қалды. Бұл оқиға тәртіп сақшыларының Шардара қаласындағы оқу-жаттығу кезінде болған.

Шымкенттік сақшылар жас қызды құтқарып қалды

Жергілікті тұрғындар жас қыздың жардан суға секіргелі тұрғанын көріп, кезекші бөлімге хабар береді. Мұны естіген Шымкент қаласы және Түркістан облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасының ерекше тапсырма бойынша аға инспекторы Кеңес Ерімбетов пен әріптесі Әбдірашит Сержан Шардара су қоймасында қыздың ағып бара жатқанын көріп, дереу суға қойып кеткен. Бұл туралы Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

«Су қоймасына жүгіріп барып, әріптесім екеуміз суға түсіп, қызды жағаға алып шықтық. Сол кезде бекеттегі полиция қызметкерлері шақырған медицина қызметкерлері мен құтқарушылар да келді. Ол мамандар қызға алғашқы көмек көрсетті»,  дейді полиция капитаны Кеңес Ерімбетов.

Жас қыз Шардара ауданының тұрғыны болып шықты. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары өмірден күдер үзген жанға психологиялық қолдау көрсетіп, өмірге құштар болуға ынталандырған.