25 Сәуір, 2019

«Асанәлі Әшімовтың өнер мен мәдениетті қолдау қоры» құрылды

1324 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Асанәлі Әшімовтің өнер мен мәдениетті қолдау қоры» қоғамдық қорының ресми ашылуы болып өтті. Игі іс ел мәдениетінің болашағына сенім ұялатып, өнер мәдениетін қолдау жолын жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатын көздейді. Еліміздің өнері мен мәдениетінің тарихындағы маңызды іс-шараға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысып, қоғамдық қордың қанатын кеңге жаюына тілектестік білдірді.

«Асанәлі Әшімовтың өнер мен мәдениетті қолдау қоры» құрылды

«Асанәлі Әшімовтің өнер мен мәдениетті қолдау қоры» кең-байтақ республикамыздың аймақтарында, оның ішінде Алматы қаласында бірқатар ұйымдастыру іс-шараларын жүзеге асыруға ұйытқы болып жатыр. Қордың биік мақсаты – еліміздегі мәдениет пен өнерді дамытумен қатар жас таланттарға қолдау көрсету және қоғамның аса көрнекті қайраткерлерінің еңбегін дәріптеп, сақтау. Осы салада аса көрнекті мәдениет қайраткері Асанәлі Әшімовтің сіңірген еңбегін қоғамдық қор арқылы мемлекетіміздің мұрасына айналдыру. Осы бағытта қоғамдық қордың жүзеге асырып жатқан бірқатар іргелі іс-шараларын атап өтуге болады. Қоғамдық қордың алға қойған басты мақсаттарының бірі – Алматы қаласынан «Асанәлі орталығын» салу. Аталған орталықта ашылатын «Асанәлі театры», «Асанәлі музейі», «Асанәлі актерлік мектебі» де ұлттық өнеріміздің өрісін кеңейтуді көздейді. Театр және кино өнеріне еңбегі сіңген корифейлерге көмек көрсету, қолдау білдіруді де аталған қоғамдық қор қасиетті парыз санайды. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының үздік деп танылған студентіне қордың атынан бір жылдық шәкіртақы тағайындайды. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының үздік деп танылған студентін алыс-жақын шетелдік оқу орындарына тәжірибе алмасуға жіберу қоғамдық қордың жоспарлаған мұрат-мақсаттарының бірі болып табылады. Қазақстанда өткізілетін 5 кинофестиваль және театр фестивалінің «Ең үздік ер адам» аталымы бойынша жүлдегерлерін марапаттауды аталған қор әдемі дәстүрге айналдырмақ. Сондай-ақ, қор халықаралық айтыс жүлдегерлерін де марапаттап, ұлттық өнердің жалауын желбіретіп жүрген ақындарды биікке ұмтылуға құлшындырғысы әрі қанаттандырғысы келеді. Әлемге әйгілі актер Асанәлі Әшімовтің шығармашылығын қолдау – қоғамдық қордың басты бағытының бірі.

Қордың құрылтайшылары – «Арна Group» құрылтайшысы Мейіржан Оразбаев, «Kusto Group» құрылтайшысы Еркін Тәтішев, «Катэк» ЖШС-нің президенті Құндыз Нупов. Қоғамдық қордың төрайымы – Бағдат Әшімова. Қордың директоры – Динара Әбсалық. Қоғамдық қордың ақылдастар алқасының мүшелері – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман.

Өнер мен мәдениет – ұлттың ұлылығын айшықтайтын халықтың асыл мұрасы, парасаты мен бет-бейнесі. Өркениетті мемлекет, ең алдымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан қомақты үлесімен өзгелерден бәсі басым болмақ. Қазақ театры мен киносының корифейі, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Асанәлі Әшімов шығармашылық дара жолында талғамы жоғары көрермен қауымды қалыптастырып, сан буынды өсірді, үміт сыйлады, талай өнерпаздың жолын ашты. Оның кино мен театрдағы кейіпкерлеріне еліктеп кейінгі ұрпақ өсті. Бүгінгі күні қазақ өнерінің абыз ақсақалы атанған, аңыз актердің батасын алып бой түзейтін, шапағатын көріп шың бағындыруға бекінген өнерпаздар легі өсіп келетіні ақиқат.

Қоғамдық қордың ашылу рәсімінде Асанәлі Әшімұлының «Менің жанрым – күнделік» атты жаңа кітабының тұсаукесері болды. Театр тарланының жан-дүниесіне, көңіл терезесіне бір сәтке үңілдіретін бұл кітап «ARNA-B» баспасынан жарық көрген. Асанәлі Әшімұлы студент кезден бастап күнделік жазуды дағдыға айналдырған. Өкінішке қарай, сол кездегі жазып жүрген оншақты дәптері қолды болып кеткен. Талантымен күллі әлемді тамсандырған әлемге әйгілі актердің соңғы 50 жылға жуық жазған күнделіктері бүгінде бірнеше рет жеке кітап болып жарыққа шығып, оқырман сұранысын арттырып келеді. Оқырманға жол тартқан жаңа кітапта сол күнделіктердің соңғы 7 жылдағы жазбасымен қоса толық нұсқасы жарияланған.

Қоғамдық қордың ашылу салтанатында Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Асанәлі Әшімұлы жаңа құрылған қоғамдық қорға ақ батасын беріп, ақ жол тіледі.

«Асанәлі Әшімовтің өнер мен мәдениетті қолдау қоры»  — Еліміздің төл тарихындағы елеулі оқиға. Қоғамдық қор туған жерін, туған елін сүйетін азаматтардың қажырлы еңбегімен шарапатты шараларға ізгі бастама болады. Ғибратты ғұмыр кешкен Асанәлі Әшімұлы – өнердің бағы мен құдіреті қос иығына қонған ардақты азамат.

Бұл күн қазақтың мәдени кеңістігінде, еліміздің руханият әлемінде ерекше қуанышты күн. Халық пен өнер әлімсақтан егіз ұғым. Ұлттық өнер мен мәдениетімізді қолдау қорының құрылуы – үлкен жұмыс. Қазақстанның Еңбек ері Олжас Сүлейменов бастаған ел ағалары, өнер майталмандары бас қосқан жиын - Ел мәдениетіндегі айтулы оқиғаға айналғаны анық. Мақсаты айқын, болашағы жарқын қор осындай тың бастамамен, өз жұмысын бастап кетті.