Ашылмайтын «күнделік»
Жақында ауылдағы мектепте мұғалім болып істейтін әпкем: «Kundelik.kz»-ке кіре алмағаныма үш күн болды. Мектептің интернеті айналып тұрып алады. Логин, құпия сөзімді айтайын, ең болмаса, оқушыларымның қорытындысы қалай болғанын айтып берші», деді. Түскі үзіліс кезінде қарап, мәліметтерді жазып жібердім. Соның өзінде толық қарауға мүмкіндігім болмады. Педагогтердің «қағазбастылықтан арылайық» деген бастамасымен қолға алынған дүние сол мұғалімдердің қолын байлап отыр. Анығында, ауыл мұғалімдерінің қолында тұсау бар. Осыдан кейін ауыл мектептерінің мәселесі толғандыра бастады. Өйткені проблема интернеттің қолбайлауымен шектелмейді.
Ақмола облысының Қосшы ауылындағы №2 мектептің ақпараттық-техникалық қызметіне жауапты маман Айнұр Саятқызы «Күнделікке» кіре алмаудың бір себебін түсіндірді.
Шеткі ауылда оқушы, жақын ауылда орын жоқ
Қостанай облысының шалғай ауылынан хабарласқан мектеп мұғалімі (аты-жөнін айтпауды сұрады) оқушы санының жылдан-жылға азаюы айлығына әсер етіп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, мектепте 1 ғана 11-сынып бар, көп сыныптарда оқушы саны аз. Сыныпта бос парталар көбейген сайын қорқыныш үдей түседі. «Бастауыш сыныптарда 6-8 оқушыдан отыр. Таяуда мектеп директоры келесі жылы сынып болуболмауы белгісіз екенін айтты. Демек, маған жұмыс жоқ деген сөз. Мұның себебі, қазір халық көбіне облыс орталықтарына немесе ірі қалаларға қоныс аударғысы келеді. Шалғай елді мекендерден көбі қашады», дейді педагог. Сөзінің жаны бар, «100 мектеп» бағдарламасымен салынған алыс ауылдағы мектептердің ашылуынан жабылуы жылдам болған жайттар кездеседі. Өйткені оқушы жоқ, осындайда жергілікті атқарушы органдарға мемлекет қаржысын тиімді пайдалануды тапсырған ескертулер еске түседі.
Әлиханның айтқаны
Мектепті аралап, басшылықтан бар жағдайдың жақсы екеніне қанығып қайтып бара жатқанда аулада ойнап жүрген 3-сыныптың оқушысын жолықтырдым. Мұғалімдерін мақтаған ол мәселенің мәнісін айтқанда да тосылмады. «Жұрт түскі ас ішіп жатқанда немесе үзілісте жұмыстағылар демалғанда біз сабақ оқып отырамыз. Сағат 11:40-та кіреміз де, түскі төртке таяу шығамыз. Екінші ауысымдамыз ғой», дейді Қосшыдағы 1200 орындық №2 мектебінде білім алып жатқан 3617 баланың бірі. 480 балаға шақталған Қосшы №1 мектебінде мың жарымнан аса оқушы бар. Ал Тайтөбе ауылындағы мектепте 560 бала бар, бірақ бұл білім беру мекемесі 300 орынға лайықталған. Дегенмен, округ әкімі Ержан Мақсұтұлының айтуынша, Тайтөбедегі мектеп жаңа. Ондағы халық мектептегі орын тапшылығын көріп отырған жоқ. «Ал Қосшыдағы мәселе келер жылы шешімін табады. Міне, бір-екі айдан кейін жаңа мектептің құрылысы басталады. 2020 жылы қыркүйекте 1200 орындық мектеп оқушыларға есігін ашады», дейді ауыл басшысы. Алайда Тайтөбе мектебінің директоры Мұсабек Шуақбайұлы: «Ел астанасына жақын жерде болғандықтан, ауылымызға көшіп келушілер қатары көп. Қазір үш ауысым жоқ. Бірақ 1-2 жылда мектеп салынбаса, бұл мәселе алдымыздан шығуы мүмкін. Мектептің сырты үлкен көрінгенімен, ішінде 22 сынып қана бар. Мемлекеттік жоспарда болғанымен, көрші Қосшыда салынады. Бізге кезектің қашан келетінін білмейміз», деді.
Жыл сайынғы оқу жетістіктерін сырттай бағалау (ОЖСБ) мен ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) нәтижелері ауыл мектептеріндегі білім сапасының қала мектептеріне қарағанда едәуір төмен екенін көрсетеді. Үш сарапшының авторлығымен жарияланған «Ауылдағы мектеп білімінің сапасы: ұлттық және халықаралық бағалау нәтижелерін талдау» атты зерттеу мақалада ҰБТ қорытындысы бойынша ауылдық түлектердің білім деңгейінің төмендігі байқалатыны жазылған. «2017 жылы қала және ауылдық мектеп түлектерінің ҰБТ көрсеткіштері арасындағы алшақтық ел бойынша соңғы бес жылда орташа мәннен асып, 8,98 балды құрады», дейді зерттеушілер. Ал Президент жанындағы ҚСЗИ ғылыми қызметкері Слямжар Ахметжаров ЭЫДҰ зерттеулеріне сәйкес, Қазақстанда ауылдық елді мекендерде оқыту деңгейі қалалық білім беруден екі жылға артта қалғанын айтады.
Қорды қайдан аламыз?
Ауыл мектептеріндегі интернеттің жайы жоғарыда айтылды. Осыдан соң шалғай білім ошақтарындағы оқушылар кітапханаға бас сұғатыны белгілі. Ондағы қор қандай? Елордадағы №16 мектепте 50 035 кітап бар екен. Ал Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы Жылға ауылындағы №12 мектепте 16 000 кітап бар. Қала мектебіндегі кітапхана қорынан 34 мыңға аз. Осыдан-ақ ауыл оқушыларының мүмкіндік аясын бағамдай беріңіз. Тағы бір ескеретіні, 16 мың кітаптың 11100-і, яғни 70 пайызға жуығы – оқулықтар. Оқушыға қажетті басты құрал оқулық екені анық. Алайда ойлау өрісі мен ізденіс аясын, таным кеңістігін кеңейтетін көркем әдебиеттер небәрі 30 пайызды құрайды. «Оқулықтарды көбіне жоғары сыныптар пайдаланады. Балалар, әсіресе ортаңғы сыныптың оқушылары көркем әдебиетті көбірек оқығысы келеді. Бірақ кітап жетіспейді. 5 пен 9-сынып оқушыларына тіпті көркем әдебиет жоқ қой. Олар повесть, шағын роман, жаңа әңгімелерге қызығады. Бастауыш сыныптың балаларына арналған бұрынғы ертегілер, кітаптар, иллюстрациялы кітапшалар мүлде жоқтың қасы. Қазақ ертегілерінің қарасын да көрмей қалдық», дейді аталған ауыл мектебінің кітапханашысы Дәмеш Еркінбекқызы.
«Дипломмен – ауылға!», тәжірибемен – қалаға
Бұл бағдарлама ауыл мектептеріндегі кадр тапшылығын шешуге, мамандардың сапалық құрамын өсіруге септігін тигізгені рас. Алайда, сарапшылардың айтуынша, аталған екі мәселе де толығымен шешілмей тұр. Себебі жас мамандардың басым бөлігі 3 жылдық тиісті еңбек өтілін өтеп болғаннан кейін қалаға қайтып кететін көрінеді. «Көптеген ауылдық мектептерде педагог мамандардың жетіспеушілігі бар. Жыл сайын ауылдарға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша жас педагогтар бағытталады. Әкімдердің бастамасымен жас мамандарды қолдау бойынша нақты шаралар іске асырылады. Бірақ тұрақты кері байланыс жоқ. Жас мамандардың көбі екі жылдай жұмыс істеп, жаңа болашақ іздеу үшін қалаға қайтып кететіні жаңалық емес. Дені оқу жүктемесінің және тұрғын үйдің болмауына байланысты кетіп қалады», дейді «Ақпараттық-талдау орталығы» департаменті директорының орынбасары Жаннат Мусина.
Жағдайдың сапаға әсері
Ж.Мусина ЭЫДҰ деректері бойынша білім беру ортасы, мектеп ғимараты балалардың үлгеріміне ықпал ететінін айтады. «Температура, желдеткіш және қауіпсіздік сияқты факторлар – білім беру процесінің бастапқы шарттары. Білім беру ортасының сапасы оқушылардың үлгерімін 25%-ға дейін арттыруы мүмкін. Қазақстандағы ауылдық шағын жинақты мектептердің 42,5%-ы бейімделген ғимараттарда орналасқан. Ал мектептердің 28,2%-да тасып әкелінетін су пайдаланылады. Ауылдағы мектептердің 56%-ында ауладағы дәретхана ғана бар. Ал 10,3%-ы пешпен жылытылады», дейді ол. Жасалған жағдайдың рақатын көре алмай, іштегі әжетхана бола тұра әлі күнге сыртқа шығатын ауыл оқушылары бар.