Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге несиені 4 пайыз мөлшерлемемен береді. Ал қазір экономикадағы несиенің нарықтық құны 14 пайыздан жоғары, – дейді Мұрат Қастаев.
Қаржы сарапшысы Ерлан Ибрагим макроэкономикалық өлшеммен қарағанда Ұлттық банк жоспарының орындалатынына сенімді. 2019 жылы макроэкономикалық жағдай теңгерімсіздігінің тәуекелі мұнай бағасының күрт өзгеруіне байланысты болуы мүмкін. Қазір нарықта мұнайдың баррелі – 68-71 доллар арасында. Бұл, сөз жоқ, теңгенің қосымша күш алуына мүмкіндік береді. Егер, қазіргі мұнай бағасы 2019 жылдың соңына дейін тұрақты болса, 1 долларға шаққанда – 376,5 теңге, ал инфляция 5-5,4 пайыз дәлізінде болуы мүмкін», дейді Е.Ибрагим.
Ол, сондай-ақ девальвация немесе жоғары инфляцияның ауылы әзірге алыс екенін айтты. Бірақ тәуекел деңгейі жоғары. Инфляция деңгейі Ұлттық банк белгілеген дәлізден сәл ғана жоғары болуы мүмкін.
Сарапшылар базалық ставка мен инфляция арасындағы айырмашылық өте жоғары екенін осыған дейін де талай айтқан. Ұлттық банк таяуда екінші деңгейлі банктерге берілетін несие бұрынғы 4,5 емес, 3-3,5 пайыздық мөлшерлемемен берілетінін айтты. Сарапшылар Ұлттық банктің осы ұстанымына қарап базалық мөлшерлеменің 1 пайызға жоғары қолдан көтерілгенін айтып жатыр.
– Пайыздық мөлшерлемедегі динамика 2018 жылдың сәуір айынан бастап тұрақты өсті. Бұл инфляцияның азаюына экономиканы несиелендіру пайызының төмендегені себеп болғанын дәлелдеп тұр. 2018 жылдың сәуірінен бастап Ресей Батыс елдері тарапынан санкцияның қыспағында қалды. Теңге бағамының әлсіреуі де осы кезден басталды. Бұл Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендетпеу туралы шешім қабылдауына себеп болды, – дейді Е.Ибрагим.
2018 жылдың сәуірі мен 2019 жылдың сәуірі арасында Ұлттық банк базалық мөлшерлеменің деңгейіне қатысты әліптің артын бағу саясатын ұстанды. «Фридом Финанс» сараптамалық орталығының сарапшысы Ерлан Әбдікәрімов бізге 2018 жылғы мұнай бағасының төмендеуі Ұлттық банк үшін басты проблема болғанын айтады. Бас банктің екінші деңгейлі банктерге арналған пайыздық мөлшерлемесінің 2,75 пайыздан 4,5 пайызға дейін өсіп кетуіне осы себеп болыпты. Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге қолжетімді несие беру үшін базалық мөлшерлемені 9,25 пайыздан 9 пайызға түсірді. Алдағы уақытта одан да төмендеуі әбден мүмкін.
Сарапшының пайымдауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың базалық мөлшерлемені төмендету туралы пәрменінің саяси және экономикалық салмағы бірдей. Бұл қадам экономиканы арзан пайызды несиемен қамтамасыз етуге мүмкіндік беруді, сонымен қатар инфляцияны тұрақтандыру арқылы әлеуметтің қалтасына түсетін салмақты жеңілдетуді көздейді. Біз әңгімеге тартқан сарапшылар базалық мөлшерлеменің төмендеуі инфляцияның жоғарылауына әкелетінін болжап отыр. Себебі Үкімет те, Ұлттық банк те осы шешім арқылы экономиканы несиелендіруді арттыруға және несие пайызын төмендетуге үміттеніп отыр. Бірақ бұл фактор банктердегі несие портфельдері санының көбеюіне көмектесе алмайды. Несие портфелінің өсуіне кедергі келтіруі мүмкін негізгі факторлардың бірі – жоғары сапалы қарыз алушылардың болмауы. 2008 жылғы дағдарыс кезеңінде көптеген банк клиенттері өздерінің несие тарихын бұзып алды. Екіншіден, экономиканы несиелендіруі тиіс екінші деңгейлі банктер басы артық қаржысын Ұлттық банктің ноталарына салып қоюды дұрыс көреді. Осыған байланысты біраз бұрын «Халық банкі» АҚ басшысы Үміт Шаяхметова:
– Маған банкир ретінде тәуекелі жоғары экономиканы қаржыландырудан гөрі Ұлттық банктің нотасына қаржымды орналастырып қою тиімді. Бұл үшін пайыздық өсімге салық салынбайды. Банкир ретінде тәуекелдерді еркін деп санайтын ноталардағы қаражаттарды орналастыру жеңілірек, олардың пайыздық табысына салық салынбайды, – деген еді.
Ұлттық банк биыл банктердің маржасының төмендейтінін ресми түрде хабарлады. Е.Ибрагим бұдан банктердің табыстылығы кеміп қалмағанын айтады. Осыдан 10 жыл бұрын банктің маржасы 3,8 болатын. 2019 жылдың 1 наурызында маржалық пайыз 5,05-ке жетті. Ұлттық банктің деректеріне сүйенсек, үш жыл ішінде бөлшек несиелер бойынша пайыздық мөлшерлеме 19,8%-дан 20,4%-ға дейін өсті. Дағдарысқа дейінгі 2007 жылы мұндай қарыздардың құны 18,4%-дан аспайтын.