Әлем • 26 Сәуір, 2019

Автордың құқығы қорғалып, Иранмен сауда ұлғаймақ

966 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның басшылығымен палатаның кезекті отырысы өтіп, онда күн тәртібіне сәйкес төрт мәселе қаралды.

Автордың құқығы қорғалып, Иранмен сауда ұлғаймақ

Сенат алдымен Президент Қ.Тоқаевтың Жоғарғы сот судьяларын қызметінен босату туралы ұсынымын қарады. Бұл мәселе бойынша Жоғарғы сот Кеңесінің төрағасы Талғат Донақов баяндады. Ол Жоғарғы сот судьялары Ғалия Аққуова, Әділ Құрықбаев, Амангелді Сәрсенбаев, Моряк Шегеновті зейнеткерлік жасқа толуына байланысты орнынан босату туралы Президент ұсынымын жариялады. Ал Еліс Әбдіқадыровтың басқа қызметке ауысқаны айтылды. Сенаторлар Президент ұсынымын бірауыздан қолдап, аталған судьяларды орындарынан босатты.

Одан әрі отырыста Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни­вер­ситетінің (ММУ) қазақстандық филиа­лының жұмыс істеуі туралы келісімін рати­фикациялау туралы заң жобасы қаралды. Бұл мәселе туралы Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова баяндама жасады. Ол ММУ-дің Қазақстандағы фи­лиалын ашу жөніндегі бастаманы Тұң­ғыш Президент Н.Назарбаев 2000 жы­лы көтергенін еске салды. Сол жыл­ғы 9 қазанда Қазақстан мен Ресей Феде­ра­циясының Президенттері арасында хаттамаға қол қойылған. Осы уақытқа дейін филиал Л.Н.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университетінің базасында қызмет етіп келеді. Қазақстандық филиалдың қызметін заңнамалық тұрғыда одан әрі бекіту мақсатымен Қазақстан мен Ресей Федерациясы Үкіметтерінің арасында 2017 жылдың 9 қарашасында келісімге қол қойылған. Ұсынылып отырған заң жобасы осы келісімді ратификациялауға арналған. Филиалда оқыту ММУ оқу бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады. Сонымен бірге ЖОО көзделген көлемде Қазақстан тарихы мен қазақ тілін міндетті түрде оқыту, Қазақстан эко­но­микасының ерекшеліктері ескерілген. 1-2 курстарда Қазақстанды жаңғыртудың өзекті мәселелері туралы әлеуметтік-гуманитарлық пәндер циклы да оқытылады. 

Мемлекеттік білім беру тапсырысының негізінде филиалды бітірген мамандар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істеп, ақыны өтеуі міндетті. Филиалға жыл сайын 125 студент және 40 магистрант қабылданады. Бүгінгі таңда онда 605 студент білім алуда. Оқуды сәтті бітірген түлектер ММУ-дің дипломын алады. Филиал жұмыс істеп жатқан 14 жыл ішінде 1725 маман даярланған. Олардың 93 пайызы Қазақстанда еңбек етуде. 

Қосымша баяндаманы депутат Ба­қыт­жан Жұмағұлов жасады. Талқылауға бір­неше сенатор қатысып, заң жобасын қолдауды ұсынды. Осыдан кейін заң жобасы мақұлданып, заң қабылданды. 

Келесі мәселе Мәжіліс мақұлдаған «Ав­тор­лық және сабақтас құқықтарды ұжым­дық негізде басқару тәртібі туралы келі­сімді ратификациялау туралы» заң жо­басы болды. Бұл келісім ЕАЭО мүше мемлекеттері аумағындағы авторлардың, орын­даушылардың, фонограмма дайын­дау­шылардың (жасаушылардың), автор­лық және сабақтас құқықтарды өзге де иеленушілердің құқықтарын іс жүзінде жеке түрде жүзеге асыру қиын болғанда немесе мүше мемлекеттердің заңнамаларында осы құқықтардың объектілерін құқық иеле­нушілердің келісімінсіз, бірақ сыйақы төлей отырып пайдалануға жол бері­летін жағдайларда авторлық және сабақ­тас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібін белгілейді. Сонымен бірге ке­лісімде мүше мемлекеттердің заңнама­сында айқындалатын авторлық және сабақ­тас құқықтарды ұжымдық басқару сала­лар­ындағы құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдарды құру мүмкіндігін көздеген. 

Отырыста соңғы болып Еуразиялық эко­номикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісім ратификацияланды. Келісімге 2018 жылғы 17 мамырда Астана қаласында қол қойылған. Онда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Иран Ислам Республикасы арасындағы саудада бірқатар бекітілген тауарларға қатысты 3 жыл мерзімге преференциялық режімді белгілеу және өзара саудадағы импорттық кеден баждарын азайту көзделген. 
Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң бірнеше сенатор өздерінің орта­лық атқару органдарына жасаған сауал­дарын жолдады. Соның ішінде сенатор С.Еңсегенов Атырау-Орал-Сама­ра темір жол бағытының құрылысын қаржы­ландыру, Т.Мұқашев Беларусь Респуб­ли­касымен бірлесе отырып, «ұшқышсыз ұшақ» өндірісін ұйымдастыру мәселелерін көтерді.