Аймақтар • 26 Сәуір, 2019

Ғабидолла Әбдірахымов дәріс оқыды

878 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрылғанына 25 жыл толуына орай Шымкентте «25 қонақ дәріс» жобасының тұсауы кесілді. Жаңа басталған жобаның алғашқы қонағы ретінде Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мемлекеттік қызметкерлерге «Көшбасшы болу үшін қандай қасиеттер қажет?» деген тақырыпта дәріс оқыды.

Ғабидолла Әбдірахымов дәріс оқыды

«Профессор немесе ғалым емеспін. Бірақ жылдар бойы ұстаздарым, басшыларымнан алған өмірлік сабағым, мемлекеттік қызметте жинаған тәжірибелеріммен бөліскім келеді. Көшбасшы болатын тұлғаның бойында тәртіп, өзін бақылауда ұстау, еңбекқорлық, батылдық, оптимист, жаңалықтан қорықпау, сенімділік, қол астындағы қызметкерлеріне ашық та әділ болатын қасиеті болуы қажет. Сонда ғана тұлға болатын азаматтың мақсаты айқын, жұмысы алға жылжиды. Асанбай Асқаров секілді көреген басшылардың еңбегінің нәтижесінде қаламызда зообақ, дендросаябақ секілді ірі нысандар салынып, аты тарихта қалғанын еске алған әкім «Қалада қазір салынып жатқан Шымкент Сити – көзсіз батыл шешімнің нәтижесінде дүниеге келген жоба. Ал оны алғаш таныстырғанда кейбір азаматтар түсінбеген еді. Үш жылда Шымкент қаласы мүлде өзгереді. Стадион, теміржол вокзалы, жаңа шағынаудандар, қаржы орталығы салынып, Қошқар ата өзені жаңа кейіпке енеді. Сол кезде Шымшаһардан ешкім кеткісі келмейді. Адал қызмет ете отырып, қаланы дамуына бірлесе атсалысайық», деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.

Жаңа форматтағы дәріске қайта даярлау курсынан өтіп жатқан басшы лауазымға алғаш дайындалған 45 мемлекеттік қызметші, оның ішінде, облыстық 34, қалалық 11 мекеменің қызметшілері қатысты.

Кездесуде төрт тілді жетік білетін шаһар басшысы мемлекеттік басқару істері жөніндегі агенттікте бас маман қызметінен бастаған еңбек жолынан үшінші мегаполисті басқарған сатыларына дейінгі тәжірибесімен бөлісті.

«Білімді болу – үлкен қару. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер әрдайым өзін дамытып, жетілдіріп отырғанда ғана жетістікті бағындыра алады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлер алған білімі мен жинаған тәжірибесін халыққа адал қызмет етуге жұмсауы қажет», деді қала әкімі.

Қазіргі таңда Шымкенттегі 53 мемлекеттік органда 2078 мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Айта кетерлігі, Елбасының тікелей тапсырмасымен еліміздегі мемлекеттік қызметшілердің айлық жалақысы өсті.