«Махаббат вальсі»
Шілденің шыжып тұрған аяқ кезі…
Әнуарбек Байжанбаев біраздан бері Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының бірінші кітабын радиодан оқи бастаған-ды. Бүгін соның кезекті бір үзіндісін майда қоңыр үнімен балбырата оқып, ойлана толқыған күйі студиядан шықты да, дикторлар бөлмесіне кірді. Тамағы құрғап, шөлдеген еді. Бір стакан су ішті. «Қаталатып бара жатқан неткен күн бұл?» деп орамалымен тершіген бетін сүртіп, терезені кеңірек ашып, аядай бөлмеде дегбірі кетті. Ауасы тарлық етті.
Шілденің шыжып тұрған аяқ кезі…
Әнуарбек Байжанбаев біраздан бері Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының бірінші кітабын радиодан оқи бастаған-ды. Бүгін соның кезекті бір үзіндісін майда қоңыр үнімен балбырата оқып, ойлана толқыған күйі студиядан шықты да, дикторлар бөлмесіне кірді. Тамағы құрғап, шөлдеген еді. Бір стакан су ішті. «Қаталатып бара жатқан неткен күн бұл?» деп орамалымен тершіген бетін сүртіп, терезені кеңірек ашып, аядай бөлмеде дегбірі кетті. Ауасы тарлық етті.
Жарты сағаттан кейін оқитын тағы бір әңгімесі бар еді, ол түрегеп тұрып соған үңілді. Сәлден соң кезекші диктор келді де: – Әнаға, есік алдында сізді бір жігіт күтіп тұр, – деді.
– Жігіт? Кім екен? – деді Әнуарбек қағаздан көз алмаған күйі.
– Білмедім, аға, күткеніме біраз болды деді.
Әнуарбек диктор жігітке бұрылып, ойлы жүзбен барлай қарады да:
– Онда қазір барып келе қояйын. Біреу телефон соқса мені осында дерсің, – деді, – сәл отыра тұр.
Сыртта өзді-өзі сөйлесіп біраз жұрт тұр екен. Олар Әнуарбекті көре сала қалбалақтап, бірінен соң бірі сәлем беріп жатыр. Бір кезде талды көлеңкелеп, бұлардан оқшау тұрған қараторы сылыңғыр жігіт ұяла күлімсіреп, өзіне таңырқай қараған Әнуарбекке жақындады. Әнуарбек сезді де: – Мені бір інішек күтіп тұр деп еді, – деді жылы шыраймен жымиып.
– Мен едім, аға. Сәлеметсіз бе? – деп бейтаныс жігіт қымсына иіліп, сәлем берді.
– Сәлемет пе, інішек… Айып етпе, танымадым.
– Мен де сізбен бірінші рет жүздесіп тұрмын. Сіздей «Қазақтың Левитанын» білмейтін жан бар ма, Әнаға! Сыртыңыздан білем. Семейден келіп едім. Өзіңізбен танысып, рахметімді айтайын деп… Сіз анада мен жайында радиодан бір музыкалы очерк оқыдыңыз. Менің композиторлық алғашқы қадамымды эфир арқылы жақсылап тұрып таныстырдыңыз.
Әнуарбек жөпелдемеде есіне түсіре алмады. Радиодан оқылып жатқан әңгіме, хабарлар, очерктер көп-ақ, оның қайсыбірі жадыңда сақтала береді. Сыпайылық үшін амалсыз басын изеп, қысыла сөйлеген ізетті жігіттің сөзін мақұлдап, қоштап тұр.
– Мен сол Бекен ініңіз едім.
– Қай Бекен? Жамақаевсың ба? – деп Әнуарбектің үні оқыс саңқ ете түсті.
– Иә, Жамақаевпын.
– Бәрекелді! «Бекен Жамақаевпын!» деп бірден айтпайсың ба? Бұрын көрмеген соң қайдан білейін. Жақсы, жақсы… келгенің жөн. Міне, енді таныстық, айналайын.
– Сізді көргеніме қуаныштымын, аға.
– Елің аман ба, Бекен? Семей біздің ел ғой, соңғы жылдары жолым түспей-ақ қойды. Көп болды бармағалы.
– Семей – бүгінде үлкен қала, Ертіске өзгеше сәулет беріп, күннен-күнге бой түзеп, кеңейіп, көркейіп келеді, Әнаға.
Әнуарбек: «иә, иә» деп, сағатына қарады.
– Сізбен бір сәт сұхбаттасып отырсам ба, деп… «Есік» қонақ үйіндемін, – деп Бекен қипақтап, әр сөзін үзіп-үзіп зорға айтты.
Әнуарбек ойланып қалды.
– Білем, уақытыңыз тар. Сізге тыңдататын әндерім бар еді. Баянымды да ала келіп ем… Өзіңізге орайлы уақытты айтсаңыз, аға.
Бекеннің жібектей сызылған ұяң үні Әнуарбекті еріксіз иліктірді. Кісі көңілін қалдырмайтын кішіпейіл, аңқылдақ жан:
– Жақсы, Бекен, қазір оқитын тағы бір әңгімем бар. Содан кейін қолым бос. Кәне, менімен бірге жүр, – деді.
Бұлар ішке кіргені сол еді, Бекен бір таныс музыканттарды кездестіріп, олармен шүйіркелесе сөйлесіп, бөгеле берді. Әнуарбек студияға кетті.
Көп ұзаған жоқ, жарты сағаттан кейін Әнуарбек әңгімесін оқып бітіп, Бекен екеуі «Есік» қонақ үйіне келді.
Бекеннің бөлмесіне кеп жайғасқан соң да Әнуарбек: – Алматыда бұрын-соңды мұндай тымырсық ыстықты көргем жоқ; шыдай алмай, тастай суды ішесің кеп, іше бересің, тамақ іседі… оқитын дүниең көңілден шыға ма, шықпай ма, дауысың қырылдап тұрғанда, – деп, терезенің қос жақтауын айқара ашып тастады.
Сөйткенше болған жоқ бөлмеге:
– Ассалаумағалейкүм, Әнаға! – деп бұйра шашты, кең иықты, қызыл шырайлы жігіт жайраң қағып, кіріп келді.
– Әлейкүмүссалам! – деді Әнуарбек, қол беріп амандасып.
– Айттым ғой мен, Әнағаң қалайда келеді деп, ал, сен бетіңнен бетмоншағың төгіліп, құр босқа тартына бересің, Бекен. Әнағаң көптің адамы, кейбіреулер сияқты паң көкірек емес. Тәкаппарлығы жоқ, ал, Әнаға, отырыңыз… отырыңыз, – деп келген жігіт ә дегеннен дуылдатып, еңсеріп барады.
Бекен күлімсірей таңырқаған Әнуарбекке: – Әнаға, өзіңіз радиодан «Халық әні «Сұржекей», орындайтын Мәдениет Ешекеев» деп талай рет концерт жүргіздіңіз. Сол Мәдениетіңіз. Осында екеуміз бірге жатырмыз, – деді.
Әнуарбек үнсіз бас изеп, жылы сезіммен жымиып қойды.
– Бекен, мені алғаш рет Жүсіпбек Елебеков ағамен таныстырған Әнағаң ғой, – деп Мәдениет лып-лып етіп, кішкене үстелге дастарқан жасай бастады. – Семейдің сары даласында өз бетімше әндетіп жүрген мендей бейбақ Жүсекеңдей ән піріне жолай ала ма, тегі? Әнағаңның арқасында Жүсекеңнің тәрбиесін көріп, әндерін еміп жатырмын, еміп жатырмын.
Әне-міне дегенше осылайша әр-қилы сыр шертіліп, бұлар бір-бірін тосырқамай, тез тіл табысып кетті. Сөз арасында Мәдениет білдірмей ғана Бекенге бір-екі рет ым қақты. Бекен оның ол дітін түсінсе де үндемеді.Мәдениет тыпырши бастады. Кереуеттің үстінде жатқан баянға, домбыраға жалтақ-жалтақ қарады. Бекен оның сабырсыздығына амалсыз басын шайқады да: – Әнаға, Мәдениет ән салып берсе, – деді, амалсыз көніп.
Мәдениет Әнуарбектің әлгі сөзін бек түсініп, домбырасын алды да, құлақ күйін тез келтірді. Паң көкіректене керіліп отырған отырысы, бос бұралған қос ішекті маржан тергендей бипаздап, шерте бастауы кербез бітімді Жүсіпбекке қатты ұқсады. Сезім қылын діріл қақтырған ойлы шертіс бірте-бірте күшейе түсіп, қуатты жүректің отты лебін сездірді. Жүректі суырып ала жаздайтын мұндай уытты тебіреніс тек қана Жүсіпбекте бар еді. Соны Мәдениет өз бойына қалай дарытқан, құдай-ау, мына бір жүрек сыздатып бара жатқан ән Мәдидің ызалы лебі ме? Сол… сол ғой! Әнуарбек шертіле бастаған әнді айнытпай таныды:
Атыңнан айналайын, Қарқаралы,
Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады…
Мәдиді қажытқан тұнжыр мұң, айықпас наз-нала. Жүсіпбек осыны жаны жаралы халде ызалы үнмен, жүректі діріл қақтырып, мойымайтын, өршелене түсетін мықты қажырмен аян ететін еді. Мәдениет те солай толғауға бар күшін салды. Ол ширыға бұлығатын ащы ырғақты шашау шығармай, іштегі қайнаған ашуды шамадан тыс бұрқатып алмай, дәл осындай сәтте тастай қата сіресіп, Мәдидің дәл өзі боп буырқанатын Жүсіпбекше жойқын қайраттың қуатын танытты. Әннің ашық үнмен сұңқардай саңқылдайтын қайырмасын бөгемей, шығандата шарықтатып, еркін әуелетіп, алыстан қайырды. Бұл пәрмен, бұл жігер, тек Мәдиге тән еді, Мәдиге! Селт етпей тыңдаған Бекен ойға шомған Әнуарбекке ұрлана қарап қояды. Мәдениет «Қарқаралы» орындалып біткен соң ішкі демігін зорға басып, домбырасын бос бұрап, салқын жүзіне бірте-бірте жылылық нұры тарап, «Сұржекейдің» бипаңдаған шуақты шертісіне ойысты. «Беу, шіркін!» дегізіп «Сұржекей» елжіретті. Әнуарбек ой үстінде. Екі әннің екі түрлі әсерімен әлек. Біресе тұнжырайды, біресе езуінен шуақты сезімнің дірілі сезіледі. «Сұржекей» орындалып біткенде жүзінде алабұртқан шабыт оты дуылдаған Мәдениет сөйлей жөнелді:
– Біз әлі шәкіртпіз, Әнаға. Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Мағауия Көшкімбаев… біздерді болымсыз, өресіз әндерден сақтайтын осы кереметтер аман болсын. Жар құлағымыз жастыққа тимей жүріп, сол кісілерден ғибрат ала білсек… онда біздің де шалағай әнші болуға хақымыз жоқ!
Әнуарбектің аузына сөз түспеді. Жүзі толықсып, тек басын изей берді. Мәдениет домбырасын жай шерткен күйі Бекенге көз тоқтатып:
– Кезек саған келді, – деді.
– Иә, Бекенжан, өзіңнің бір әніңді, – деді Әнуарбек те қым-қуат ойдан елең еткендей боп.
Бекен жай ғана күлімсіреді.
– Бекен жүрегі тұнып тұрған сырлы сезімді лирик, Әнаға. Өзі қыз мінезді, сондай ұялшақ. Қыздай сызылып отырып баянды лыпылдатып тартқанда тілім байланып, үнім шықпай қалады. Орыстың ескі вальстерін шалқытқанда мына жайнаған дүниеге ынтық көзбен қарап, бір құмарлық сезім өзіңді әлденеге ұмсындырып, әлдеқайда алып кетеді, Әнаға.
Бекен Мәдениеттің жепілдете мақтаған сөзінен қысылғандай боп:
– Әнағаң қайдан білсін, күннің ыстықтығы маған ыңғайсыздау тиіп жүр. Ауа тар, қапырық, – деп күмілжи сөйлеп, орнынан тұрды да кереуеттің үстінде жатқан баянын алды.
– Бекеннің алғашқы әндерін білесіз, Әнаға. Осында келгелі бері тыңдадым, тағы бір вальс жарқ ете түскен секілді,– деді Мәдениет.
Бекен «оны бекер айттың» дегендей басын шайқап, мырс етті де: – Ол әннің әзір сөзі де жоқ. Нұтфолла Шәкенов ағайға жаздыратын шығармын, – деді, жай ғана.
– Соны ептеп ыңылдап… – деп Мәдениет те қоймай қойды.
Бекен кебірсіген ерніне орамалын тигізе беріп, қатты жөтелді. Жөтелді де ауызын басқан күйі қып-қызыл боп булығып, көзі қызылжиектене жасаурап, қоладай жарқыраған жазық маңдайы тырысып, үнін шығармады. Сұлу бітімді көркем жігіттің көз алдында мұншама әбігерге түскені Әнуарбектің де дегбірін қашырды. Мәдениет сасқалақтап Бекеннің иығынан демей берді.
Бекен сол төмен шүңиген күйі орамалын аузынан алмай:
– Ақ Ертісті білесіз, Әнаға. Ақ айдынында талай жүзген шығарсыз. Мың бүктетіліп, толқып жатады ол. Сол ерке толқынымен араласып, шалқып өстік. Кейде толқын үстінде қанат біткендей шағаладай елпең қағып, жеп-жеңіл тербеліп жүрем. Толқын көтеріп әкетеді, мені. Сонда маған Күн де, Ай да, бәрі де… бәрі де жақын. Бәріне созсам қолым жететін сияқты. Бәрі менің алақанымда тұрғандай. Бұл пенде бақыт деп бас қатырып, сол үшін тауқымет көтереді. Сол бақыт маған толассыз ағылған Ертістің суындай шексіз дүние боп көрінетіні бар, – деді.
Бекен орнынан тұрып, теріс айнала берді де қызына, шабыттана сөйлеген күйі жуынатын бөлмеге шығып кетті. Мәдениет дел-сал боп жабырқап отырып вальс ырғақты бір бейтаныс әуенді шертті. Әнуарбек үнсіз тұнжырады.
– Бекеннің майда қоңыр дауысы бар, Әнаға, жайлап қана сезіммен айтады. Кешелі бері өзі толқу үстінде жүр; өзімен-өзі болсын деп жеке қалдырып ем. Қу жөтел қыр соңынан қалмай… – деп ыңғайсыздана қобалжыған Мәдениет жаңағы бір сәтті жуып-шайғысы келді.
– Әнаға, ғафу етіңіз, тамағым қырнап…
– Ештеңе етпейді, Бекенжан, әнді естиміз әлі. Бірақ, байқашы, жаным, ыстық күндегі жөтел… – деді Әнуарбек, тілі күрмелгендей боп.
Сонан соң өз-өзінен қуыстанып, бүгежектеп Бекенге тура қарай алмады.
Бекен әлі де болса ентіккенін білдіргісі келмей, байсалды үнмен:
– Мәдениет ініңіз Алматыда қалады. «Қазақконцертке» солист боп орналасты. Бұл енді – артист! Мен ертең елге қайтам. Енді лажы болса мұнда жиі келіп тұрамын, Әнаға, – деді, сәл бөгеле беріп. – Ертістің қадір-қасиетін осылайша сыртқа шыққанда білем. Иә, шыға бере сағынамын. Қайтуға асығамын.Ертістің арайлап ататын алтын шапақты таңдарын айтыңыз, таңдарын! Торғын тоғайы боз мұнарға бөгіп, жылға-жылғадан күмістей жылтырап, шолпыдай сылдырап мың сан бұлақ ағады; бұлбұлдары сайрайды; ұлы тіршілік таң нұрына балқып, исініп, тамылжып тұрады. Сонда мен өзімді сол жәннат дүниесінің еркесіндей сезінемін. Мені еркімнен тыс бір нәрсеге еліктіріп, желпінтіп әкетеді. Мен Генриеттасының сұлулығына шаттанған Иоганн Штраус бола қалам. Оның «Көгілдір Дунайы» маған көгілдір Ертістей көрініп, көк толқынмен жарысып, шарқұра шалқып, тасып кетемін. Штраус көгілдір Дунай бойында Генриеттасымен биледі; менде бір аяулы жан бар еді. Аяулы жан! Штрауста Дунай болса, менде де ақ Ертіс бар еді. Ақ Ертіс!
Бекеннің көзінен нұр төгіліп, бір ләззатты сырға бата берді… баянын алды да екі-үш аккордты сыпырта басып өтті, салалы саусақтарының астынан вальс ырғағы төгілді. Керілген кербез толқын жүрек шымырлатты. Мәдениет: – Жаңа шығарып жүрген вальсі, бұл – деп сыбырлады, Әнуарбекке.
Осы бір жан толқытар ләзатты сәтте үшеуі рахаттана шәй ішті.
* * *
Келесі жылы, иә, 1956 жылдың шілде айында Әнуарбек пен Бекен Алатаудың сұлу қойнауындағы «Просвещенец» демалыс үйінде кездесті. Бекеннің Әнуарбекті іздейтін себебі – бұл бір аңқылдаған ақ жарқын жанды туған ағасындай көреді. Әбден бауыр басып қалды. Сонау Семейде жатып, телефон арқылы жиі-жиі сәлемдесіп, бар жағдайын айтып, хабарласып жүреді. Ал, Әнуарбек болса Бекеннің радиодағы әндерінің концерттерде берілу жағын дәйім қадағалап, бәйек болады. Аға мен інінің арасындағы ғайыбынан үйлесе қалған бір игі жақындық. Бекен осыны дәтке қуат етеді. Осы жолы бұл жердің ауасы ұнай қалса біраз күн демалатын да ойы бар еді. Сырттай қызығып жүретін жер. Шырша, қарағайы, қайыңы сіресе өскен терең шатқал. Қалың жыныс. Қыз бұрымындай орап, бұлқына тулап жатқан өзеннің салқын лебі, хош иісі бұрқыраған алуан гүлдер… Ұлы сәске кезінде осы төңіректің жым-жырт боп тынып, сүттей ұйып қалатын мамыражай сәті Бекеннің жанын сергітті. Қайдағы бір ұмыт болған тәтті қиялын оятты. Бекен көңілі желпініп:
– Әнаға, мына жер оншақты күн демалып, тыңайып қалғандай көкірегімді ашты. Дем жетпей булыға беруші едім. Біз тегі мұндай жерде демалу түгіл, өзімізге өзіміз қарай да бермейміз ғой. Ертегі дүниесіндей бір жәннат. Қандай саф ауа! – деп мұнартып тұрған тау жаққа таңдана қараумен болды.
Бекеннің бұл сөзі Әнуарбекке ұнай кетті.
– Бекенжан, келгенің жөн. Демалатын уақытың болса қысылмай, ұялмай айт, бұл өзі бір тыныш, шипалы, жайлы жер. Осында жиырма жылдан бері демалам. Жазда ешқайда бармаймын да. Мені Қырымың да, Кавказың да, Балтық бойы да қызықтырмайды. Алатауың мынау, көк тіреген; деміңді ішке тарт та, жұта бер… жұта бер ауасын. Қойнауы көк майса, салқын самал. Ең болмаса екі апта тынықшы. Өткен жолы білдім… денсаулығыңда кінәрат бар. Және өкпе, ол… онымен ойнауға болмайды. Мен демалыс үйінің басшыларымен келісейін. Орналастырамын. Денсаулығыңды түзеуге өте қолайлы жер. Жат та демал. Әніңді шығар. Жалғызсыратпаймын. Қасымда боласың, – деді өзіне баурай тартып. – Қазір екеуміз тұп-тура директорына барамыз. Мұндай оңтайлы сәт бола бермейді. Ол өзі сөзімізді жерге тастамайтын жақсы кісі. Серілігі де бар, кең қолтық азамат. Сені сыртыңнан білуге тиіс. Әндерің радиодан беріліп жатыр. Былтырғы вальсің шыққан да шығар…соны ептеп айтып берсең де болар еді.
– О, Әнаға, мұныңыз болмайды… болмайды, – деп күлді Бекен, – олай етсеңіз тап қазір қалаға қайтам.
Әнуарбек: – Сен өзің осы жерде сәл тұра тұршы. Мен қазір… – деп елпектей сөйлеген күйі директордың кеңсесіне қарай тарта жөнелді.
Сәлден соң Әнуарбек қайта оралды да: – Айттым ғой, «Жамақаевты біледі» деп, орын дайын. Бұл өзі сәтін салған іс болды. Осы жолы мұнда өңшең бір сайдың тасындай өнерлі жігіттер келіпті, қыз-келіншектер де жетеді. Кешінде би… ән… кино… демалғаныңа өкінбейсің. Бекен, кәне, жүр, ішке кірейік, – деп Бекеннің есін шығарды.
Бір апта өткен соң Бекен бұл жердің ойы-қырын әбден біліп алды, сайсаланы кезді, өз ойымен өзі әлек. Нұрланып атқан таңға, алаулап батқан күнге, таң сәріде қауызын ашқан гүлге таң-тамаша боп сұқтанады еміреніп, таңғажайып табиғат құбылысына қызығып, нәрестедей мәз-мейрам…әсершіл көңіліне жарық дүниенің жазы орнады. Ентіккені, жөтелі басылды. Тәбеті де жақсы, ұйқысы тыныш.
– Мен өмірімде өстіп көкірек кере тыныс алмаппын, Әнаға. Маған бір сарқылмас күш біткендей. Сіздің осы жақсылығыңызды немен… қалай өтесем екен? – деді Бекен тамылжыған бір тынық кеште серуен құрып келе жатып, – қолым қысқа… шырмауықтай шырмап алған қу тірлікте үзілген жіпті жалғай алмай жүремін сол, жүйке тоздырып.
Әнуарбек ойланған күйі:
– Біреуге жасаған жақсылық сатулы болмаса керек, Бекен. Қолымнан не келеді, сендей азаматтан аямаймын. Жаныңа не қажет, бәрін тауып берем. Сенің осы ниетіңе разымын, басқа сөздің қажеті жоқ, – деді, – Ит тағдырдың кей ісіне тарына берме. Бетховенше сіресіп, тіресіп бақ. Одан да көкейіңде не түйткіл бар, айт… айт қысылмай.
– Сіз бен біздің енді бір ескеретін жайымыз бар, Әнаға.
– Е, ол есімде, есімде. Хамиди ме? Е, Латиф әбзиге бару мәселесі ме?
– Жо-жоқ… иә, Латекеңе де барамыз. Сіз не нәрсеге уәде беріп едіңіз? Ұмыттыңыз ба, оны?
Әнуарбек аң-таң.
Бекен жымиып тұр.
– Е, Әнаға, Абай ағам не деуші еді? «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық»… ар жағы қалай еді, білесіз ғой, Әнаға?
Әнуар қызара күлімсіреді, желкесін қасып: – імм, түсіндім, Бекен. Мен саған бұл жерде баян тауып берем деп едім. Ол тарс есімнен шығыпты. Оллаһи, ұмытып кетіппін, кешір мені, – деп өкіне бас шайқап, күліп жіберді.
– Солай, Әнаға, басты қатыратын қым-қуыт ойдан арылғым кеп, өзіме-өзім тежеу сап, бір апта бойы қасыңызда тым-тырыс жүрдім. Бірақ баянымды ала келмегеніме өкіндім. Әуен деген қутыңдаған қу түлкі. Жоқ жерде келіп арбайды. Жылт ете түсті ме, шап беріп ұстай алмадың, кеткені сол зым-зия жоғалып. Құсын алдырған аңшыдай дел-сал боп іштей мүжілесің. Оны өзіңнен басқа кім біліп жатыр?.. былтыр Латиф ағайда болғанмын. Оны сізге сол жолы айта алмадым. Асығыс-үсігіс Семейге қайттым.
– Латекең не деді сонда?
– Консерваторияда кездестік.
Әдеттегіше сабағы бітіп отырған сәті екен, бір мекемелерге баратын шаруасын жиыстырып қойып, менімен ұзақ сырласты. Вальсті көрсеттім. Рояльда қызыға ойнап: «Бұл – нағыз вальс! Толқитын, шалқитын жері қайырмасында. А-а-а-а-а-а-а-аха-хай, деп бастапсың. Дәл осы жерін тағы бір қайталап, осы толқынды қуалай толқытып, оған мол тыныс бер, лирикалық шуақты мөлдіретіп төк!» деді. Содан бері ойланумен жүр едім. Ақыры сол қайырманы осы жерде тапқандаймын. Тоқтадым соған.
– Түсірдің бе, нотаға? Ондайда лып еткізіп түрте салу керек шығар, – деді Әнуарбек Бекен тап сол жерін жоғалтып алатындай мазасыздана қалып, – Маған сіз баян табыңыз, баян! Енді жайбарақат жатудың реті жоқ. Жақсы тынықтым…жақсы.
Тебіреніс оты күйдіріп бара жатты, Бекенді. Оның жалыны Әнуарбекті де шарпыды.
– Тоқтай қал, тоқта… імм қазір… кеше маған түскі астан соң директор келмеді ме?
– Келді, – деді Бекен, басын изеп.
– Ол кісі маған: «Байқаймын, демалушылардың ішінде өнерлі жандар бар екен. Бір қызық болсын, солардың бастарын құрап, концерт ұйымдастырсақ… Василий деген баяншы жігітіміз бар, биді керемет құйқылжытады. Елгезек, өте ширақ, аңқылдаған сері жігіт. Соған ептеп қолдау жасайық. Киноны күнде көріп жүрміз ғой. Ондай думанды бұрын талай рет жасағанбыз. Сөйтіп, тау ішін жаңғыртып салмаймыз ба, сайранды? Біздің арамызда өзің айтқан композитор жігіт те бар емес пе?» деді.
Бекен бұл сөзге елең ете қалды.
– Баян бар екен. Мен саған әкеп беремін оны, Бекен. Сен де әзірлен. Маған қолқа салса Абай өлеңдерін оқимын. Келістік пе? Менімше, директордың әлгі тілегі өте орынды. Енді бөгелетін ештеме жоқ. Рахаттанып демалып жатырмыз; ән салып, би билеп тау ішін дүбірлетейік, – деп Әнуарбек жас жігіттей желпініп үйіріп барады мүлде.
Сөйтіп, алдағы болар сауық кешіне әзірлік басталды.
Думан болатын күні кешкі тамақ бір сағат ерте берілді. Бірде бір жан шет қалмай би алаңына жиналды. Василий төгілткен вальстерге желігіп алған қыз-келіншек, жігіт-желең толқындай ырғалып, биді биге жалғастырды. Оларға қызығып, әлі де болса, енжарлыққа, егделікке дес бермей жүрген жаны жас, көңілі сергек жандар бірінен соң бірі сахнаға шықты. Түнгі ән қырдан қыр асып, қойнаудан қойнауға тарап, шыңнан шыңға өрледі.
Бір кезде Әнуарбек; – Халайық, біздің мына Василий демалсын, қолы талды. Араларыңызда баян тартатын кім бар? Ортаға шықсын. Кәне, кім бар? – деді.
Дабырласқан жұрт бұл сөзге лып басылып, аңырып, тым-тырыс боп сілтідей тынды. Ешкім суырылып шыға қоймады. Жұрттың орта тұсынан Бекен қол көтерді.
Әнуарбек жымың етті де: – Сәл тынышталыңыздар! Сахнаға жас композитор Бекен Жамақаевты шақырамын! – деді Левитанша саңқылдаған ашық үнмен.
Бекен қысылыңқырап сахнаға шықты. Жұрт бір-бірімен күбірлесе қалып, оған таңырқай қарады. Сонан соң ол күлімсірей сөйлеп: – Мен сіздерге «Амур толқыны» вальсін тартайын, – деп баянды алып, орындыққа отырды, – сіздерді биге шақырамын!
Жапырласа орындарынан тұрған жұрт жылжыған сеңдей қозғалып, ырғала жөнелді. Вальстің құдыретті лебі дүниені қозғап жібереді. Тау теңселіп, қарағай, шырша, қайыңдар мың бұрала иіліп, жапырақтар сыбдыр қақты, сылқ-сылқ күліп бұлақтар ақты, өзен шайқалды. Жүректер ынтыға соқты. Ай да жарқырап, аппақ нұрын таратты…
«Амур толқыны» лыпылдаған ерке толқынын баяулата беріп бітті, бірақ ешкім биді тоқтатқысы келмеді.
– Тағы! Тағы да вальс! – десті бәрі.
Іле «Қазақ вальсі» шалқыды. Үміт есімді бір жайсаң мінезді әдемі келіншек әндетіп жүріп, дүйім жұртты үйірді. Үні колоратуралық сопрано екен. Өзі Көкшетаудан келіпті. Дауысына қызыққан жандар екінші рет орындатты, дуылдата қол соғып. Тау ішіндегі мына шалқуға іштей масаттанған Бекен орнынан тұрды да, басын иіп ізет білдірді: – Жаңа шығарған бір вальсім бар еді, – деді ақырын ғана.
– Сол вальсті! Сол вальсті, тарт! – деп гуілдесті елігіп алған жұрт.
Бекен ол вальстің мән-жайын айтайын деп ұмсына беріп еді, оған ешкім дес бермеді. Амал жоқ, емірене толқыған күйі үндемеді. Сөйтті де жаңа вальсінің кәусар әуезді ойнақы аккордын керілте мөлдіретіп, жігіттер тағы да бой түзеп, сымбаттана қалып, қыз-келіншектер күндей күлімдеп, бәрі жел шайқаған көк майсадай майысып, толқындай толқыды.Қарақат көздерден бақыт сәулесі ұшқын атты, тау ішін жастықтың ыстық лебі желпіп, жастық үн жаңғыртты. Тас бұлақ суындай ақтарылған вальсте шек жоқ шығар тегі, толқи берді, толқи берді…
Межелі уақытта сауық кеші аяқталып, жұрт жөн-жөніне тарай бастады. Біреулер кеп Бекеннің қолын қысып, үлкен кісілер арқасынан қағып, бетінен сүйіп, ризашылықтарын айтты.
Мынадай әлпешке қатты толқыған Бекен, Әнуарбекке сыбырлап: – Өзен жақты аралап қайтайықшы, Әнаға! – деді.
Екеуі өзенге бет алды.
– Әнаға, – деп бастады Бекен, – осы вальсті дәл осылай болады деп ойлағам жоқ. Айы жарық, жұлдызы жанған осындай түндер… Не нәрсе болса да жанып тұрса деймін. Жалғанда ешнәрсе сөнбесін деңіз. Соны тілеймін… соны!
Үні дірілдеңкіреп шықты. Жүрегін әрқилы әсер билеп келе жатқан Әнуарбек оған ойлана қарады.
– Бұл вальстің болашағы алда әлі,– деді ол.
Бекен үнсіз ғана езу тартты.
– Розаның қолына тисе ғой! Бағланованы айтамын…
– Өзіңізбен кездесер алдында радиода Роза апаймен жүздестім де. Вальсті рояльде ойнап көрсеттім. Бірақ қайырмасы шыға қойған жоқ еді, Роза апай еш нәрсе айтпады. Ойланған күйі «Басталуы жақсы. Нотасын…» деді. Асығыстық жасаппын. Кейін бетімнен отым шығып, ұялып жүрдім. Сол қайырма осы жерде шықты ғой, оны айттым, сізге. Бүгін биледіңіздер, оған.
– Иә… иә… енді нотасын Розаға тезірек апарып бер.
Бекен: – Әнаға, – деп бөгеле сөйледі, бүгін бір бақытты сәтті бастан кештім.
Екеуі кілт тоқтады. Бекен мұңая сөйледі:
– Адамнан құдіретті ешнәрсе жоқ. Адам дәрмені бәрін жеңеді. Бірақ бір ғана нәрсені жеңген емес… айықпас дерт қажытып барады мені. Батпандап кіріп, мысқалдап шығатын түрі жоқ. Екі өкпенің сау тамтығы қалмады. Көзімді ашқалы бері арпалысып келемін.
Қырғыздың Тоқтоғұл ақыны:
Ат арыбас болсаңшы, ей,
Жаш қарыбас болсаңшы, ей.
Жаратқаны чын болса,
Аны жай-жайына қойсаңшы, ей!
Жибек оңбос болсаңчы, ей,
Жигит өлбөс болсаңчы, ей.
Жигитпенен қыз өлсе-ей,
Ана жерге көнбес болсаңшы, ей! – демеді ме? Шіркін, өмір…
Ана дүниеден қорқушы ем, бүгінде ондай үрей жоқ менде, өмір өз дегеніне көндіріп келеді. Адамның жылап отырып, күлетіні бар, кейде осыған таңғалам. Сырт көзге жаным жайсаң бір жанмын. Өз-өзіммен жеке бір қалғанда үһілеткен күрсінісімді кім біліп жатыр, Әнаға? Өзіме ғана аян бір тұңғиық құбылыс, ол. Кейде оған өзге түгіл өзімнің зердем жетпейді. Іштей жылап отырып, мырс етем. Тағдыр тәлкегімен махаббат мазағына ұшырап: «Джульетта…Джульетта!» деп ұмсына тілек етіп, түнек түндей түнерген жүрегінен ай нұрын таратып, «Айлы сонатасын» мөлдіреткен Бетховен қандай құдіретті еді, Әнаға! Мен және Тағдыр… осы екеуіміз арбасып жүрміз, Әнаға. Жаңағы вальсті – «Махаббат вальсі» деп атадым. Ол – менің қас-қағым сәттік жаз күлкім, шаттығым, бақытым! Осы сөзіме көктегі Жұлдыз, Ай куә! Бізді аялаған мына ұлы тіршілік куә! «Махаббат вальсіне» мәз болған жаңағы ғазиз жүректер куә! Бәрі куә!
Әнуарбек Бекеннің көзінен жылт ете түскен жас тамшысын көрді.
– Тіршілік қандай нұрлы, қандай нұрлы! – дей берді Бекен.
Әнуарбектің құр сүлдесі тұр. Іші алау-жалау… алақұйын бірдеме. Бекенге тіктеп қарай алмады.
* * *
Бекен күндегіден ерте оянды. Ұйқысы шайдай ашылған. Сергек. Тез-тез киініп, аспай-саспай бипаздана жуынып, жүрісі де жеп-жеңіл… тіл ұшында: «жаным, деп маған үн қатқан» деген құштарлық, құмарлық сөз…осы сөзді іштей «Аһылата» айтқызған назды әуез еркелете жетелеп, ол сыртқа шықты. Алатаудың көкке тірелген шың басынан сарғайып атып келе жатқан алтын арай «Алтыбасар» әніндегі: «Астынан ақсаңдақтың шығарып сап» деген іңкәрлік сөзді заматта есіне түсіріп, осы көрініс Бекенді тырп еткізбеді. Ол таң нұрын алғаш рет көріп тұрғандай сұқтана қарады. Қоңыр көзі тұңғиық сырға тұнды. «Жаным» деген сөзді кімнен естіп еді… кімнен екен, демін ішке тартып, бір сөніп, бір жылт ете қалған ғарыштағы жұлдызға сарғая, сарсыла ұмсынған жандай жүрегі ұйып сала берді. Бір кезде ту сыртынан шелек сылдыры, сыңғыр күлкі естілді. Артына жалт бұрылды. Екі келіншек гүлге су құйып жүр. Жүзін тайдырып әкетті. Тұрған орнында тұра берді.
– Әй, Қырмызы, сықылықтай бермей әлгі «Махаббат вальсінің»: «Аһа-һа-һа-һа-а-һа-һа!» дейтін қайырмасын айтшы, жұрт ұйқысынан тұра қоймай жатқанда билеп алайық бір, – деп қос бұрымы жер сызған қызыл көйлекті ажарлы келіншек сылқ-сылқ күліп тұр, – сенің күмістей сыңғырлаған үніңді маған берсе ғой, шіркін… Біздің Қорғалжын жағында әйгілі «Дударай» әнін шығарған Үлебай дейтін әкеміз тірі әлі, құдайға шүкір, сол кісінің тағы бір елге тарап кеткен «Сайтан торы» деген әнінде:
Қалтаңда жүз көретін айнаң болсын,
Алдайтын он жігітті айлаң болсын, дейді. Осы әнді естіп пе едің, а? Әлгі сөзінің мәнісін түсіндің бе, Қырмызы? Маған сенің сыңғырлаған күміс үнің ғана жетіспейді, Қырмызы. Осы дауысыңды біраз күн бере тұрсаң, Қырмызы… Не істейтінімді сонда көресің, сен!
– Ағамыз үйде жоқта құтырасың, ә! Ой, Шынар… Шынар! Бір үйге қалай ғана сиып жүрсің сен, ә? Мен сықылықтасам «мына Шынардың көз жауын алған көркін-ай!» деп аһ ұрған жігіттерді соңыңнан салпаңдатып қойған ісіңе күлем, еріксіз. Енді мына композиторды қырындататын түрің бар. Ана жолғы сауық кеші есіңде шығар, «Махаббат вальсіне» елден ерек етегіңді толқындай үйіріп, Шара апайдай жарқылдап жүріп төгілте биледің, боз далада сопиған боз қурайдай бір жігітті есін шығара алқындырып. Осындай тірлігіңді ағайға айтам…айтам, Шынар!
Шынардың күлкісі күміс бұлақ боп төгілді. Қолындағы шелегі сылдыр қағып: Жаңа айттым ғой, «Сайтан торы» әніндегі:
Бармайды құмға қазық қаққанменен,
Жараспас қойға қоңырау таққанменен,
Кей жаман үйде отырып қыз қориды,
Жемей ме, қойды қасқыр, ай-дай, баққанменен, дейтін сөзге не дейсің, Қырмызы, а?
– Желікпе, Шынар!
– Мына композиторға сен де кет әрі емессің, Қырмызы… сенің көңіл дітің тым-тырыс жатқан тұңғиық… ол оңайлықпен сыртқа шықпайды, бәрі… бәрі ішіңде. «Махаббат вальсіне» өлердей ғашықсың. Құр жаның жүр ыңтығып. Қыздың жолы жіңішке…ха-ха-ха!
Бекен мына сөздің бәрін ап-анық естіп тұрып, естімеген жанша езу тартып, бірте-бірте қызыл арай боп жалқынданған таң шапағынан көз алмады. Көңіл түкпірінде: «Жаным, деп маған үн қатқан» деген сөз тағы да жүрек қылын шертіп, «Махаббат вальсінің» қайырмасын тұп-тұтас елестетті. Вальстің басталуы… иә… иә, запеві: «Таң атқанда гүл бағын суарамын» десе… осы сәтке дейін баянмен ғана тартылып жүрген вальстің жаңа сөзі гауһардай жылт-жылт етті. Осы екі жолдан айырылмауы керек. Ақын Нұтфолла Шәкеновті осыған көндіруі тиіс. Көнбесе іс шатақ… басқа ақынды іздейді.
Бекен жүрек толқытқан осы оймен боз мұнарға бөккен тау етегіне қарай бергенде сылқ-сылқ күлген екі келіншек шелектері сылдыр қағып, өзен жаққа кетіп бара жатты.
* * *
Сол күні Бекен таңғы астан кейін қалаға барды. Консерваторияда композитор Латиф Хамидиге жолықты. Елпілдей қарсы алған Латекеңе «Махаббат вальсін» тағы көрсетті. Нотаға ұзақ үңілген Латекең: – Ана жолы айттым ғой, айттым… қайырма сол мен көздегендей қандай әсерлі боп, құйылып түскен, а? Еркін шалқиды… еркін! Қайырма әннің мәйегі емес пе… мәйегі! Композиторлар «изюминка!» деп дәл осындай қайырманы айтады, Бекен. Енді…енді бір жеріне қол тигізбе. Бұл біткен шығарма. Мен де: «мына жері былай болу керек» деген ойдан аулақпын, Бекен, – деп «Махаббат вальсін» тап өзі шығарғандай мәз болды.
Өстіп отырғанда композитор Евгений Григорьевич Брусиловский кіріп келді де: – Латиф Абдулхаевич, вечером… ресторан «Алатау» … понял? Что хорошо, там саксофонисты играют, – деді асығыс-үсігіс.
Латекең көзі жыпылықтап, қолындағы «Махаббат вальсінің» нотасын ұстата салды. Бұған аң-таң болған Брусиловский нотаға сығырая қарап: – Какая красота…все логично. Свободно льется… блестящий вальс! – деді, – А ну-ка я поиграю.
Латекең лып етіп орнын берді. Брусиловский мол денесімен орындықты сықырлатып, жел қозғаған кәрі емендей теңселе беріп, салалы саусақтары, клавиш бетінде зыр жүгірді. Аккордтарды судай сапырып, сол қолының астындағы клавиштарды шымырлата толқытты. «Красивый запев… ох, это запев!» деп құлашын кең жая мөлдіретіп, толқынды толқын қуалап, құштарлық сезіммен күйдіріп-жандырған қайырма Брусиловскийді мүлде асқақтатып жіберді. Адамның қиялы шектен шыға шарықтап кетті. Бекен үні шықпай өз әнінің мына шалқуына қайран қалды. Брусиловский күлімсіреп: – Я не только композитор… я… я… – пианист, Латиф Абдулхаевич, не какой-нибудь казанский, а… а… я же ленинградский пианист, который озвучивал немые фильмы, тапером был я и так зарабатывал деньги. Времена были тяжелые, надо было как-то выживать, но несмотря на это я продолжал свою композиторскую деятельность и в те годы написал две симфонии. В Казахстан я приехал уже с творческим багажом. А ты, Латиф Абдулхаевич, что ни говори, ты тоже стал казахским Штраусом. Ведь основоположником сегодняшних вальсов является твой «Казахский вальс»! Вот припев этого вальса – это же как пробуждение высоких чувств любви! А чья эта песня?» – деп, соңғы аккордты сабырлы толқындай жайылтып барып бітірді.
Латекең: – Вот автор… Б… Б… Бекен Жамақаев! – деді тұтыға сөйлеп.
Брусиловский Бекенге ойлана қадалып: – Хорошо…не то слово хорошо, блестящий вальс! А кто поет ?– деп нотадан көз алмады.
Латекең: – Роза Бағланова!– деп лып еткізді.
– Да…да…только Розочка! – деді Брусиловский жүрегіндегі тебіреніс лүпілін баса алмай.
* * *
Бекен түс мезгілінде Нұтфолла Шәкеновті филармониядан тапты. Композитор Бақытжан Байқадамов екеуі концерттік залда рояльдің қасында әңгімелесіп отыр екен. Бекенді көрген сәтте Нұтфолла: – О, Бекенжан, оу, қашан келдің Семейден, а? Саламат па! Ел-жұртың аман ба? Бақа, бұл Жамақаев деген ініміз, – деп құшақтай алды.
– Ә, Жамақаев па? Білем… сырттай ғана. Әндерін тыңдап жүрмін, – дей бергенде бір қыз келіп: – Бақытжан аға, сізді телефонға! – деді.
Байқадамов шыға жөнелді.
Бекен Нұтфоллаға «Махаббат вальсінің» мән-жайын айта бастады. Бұл вальс не дейді? Бәр-бәрін тәптіштеп, рояльде екі-үш рет ойнап көрсетіп, өз ойын шашыратпай нақпа-нақ, дәл, анық түсіндірді.
– Ұқтым, Бекенжан…талай әнге сөз жаздым ғой, міне, жаңа өзің келердің алдында Байқадамов бір хор-сюитасын көрсетіп отырған-ды. Осы Бақаңның «Ақ бидай» әні бар емес пе, ана жылы соның сөзін бір сағатта жазып бергем. Ал, мына вальсің жүрегіме қонды. Сөзін кешіктірмеймін, Бекенжан…
– Ән ә дегеннен «Таң атқанда гүл бағын суарамын» деген жолдан басталса… қайырма да: «Жаным, деп маған үн қатқан» деп басталуы тиіс. Бұл екі сөзді өзгертпеңіз. Сөзі тұтас жазылып біткенде, оның авторы бәрібір өзіңізсіз. Осы айтқан екі жол бүгін таңертең демалыс үйінің алдында таң нұрын тамашалап тұрғанда гүлге су құйып жүрген екі келіншекті көріп, жүрегіме байланды да қалды, Нәке, осы екі жол қалай да сақталсын!
– Жақсы, солай етем, Бекенжан.
Бәтуалы сөз осылай болды. Екеуі әңгімелескен күйі «Алматы» ресторанына келді. Тамақ үстінде Нұтфолла өзімен өзі күбірлеп блокнотына өлең жолдарын шумақ-шумақ қып тез-тез түсірді. Анда-санда Бекенге ойлана қадалып: «Тсс!» деп күліп қояды. Кей жолдарды заматта сызып тастап, жаңа сөзбен алмастырады. Алдындағы рюмкесіне қол тигізген жоқ. Бір сағатқа жетті ме, жетпеді ме, Нұтфолла қараторы сылыңғыр жүзі нұрлана құбылып, тояттаған бүркіттей алабұртып, Бекеннің алдына шимай-шимай блокнотты үн-түнсіз қоя салды. Бекен оған ұзақ үңілді. Бірде күлімсіреді, бірде қабағы шытылды. Қайта жымиды.
– Көшіріп алайыншы, – деді қалтасынан екі бүктелген нота қағазын алып.
Нұтфолла үнсіз бас изеді. Өлең көшіріліп біткен соң, Бекен оны әндетіп оқыды:
Таң атқанда гүл бағын суарамын,
Күнде ертемен өзеннен су аламын.
Алтын сәуле көремін сол бір шақта,
Сенің нұрың болар деп қуанамын.
Жаным, деп маған үн қатқан,
Жүрекпен сүйіп ұнатқан.
Бақытым менің,
Таппаспын теңін –
Махаббат гүл атқан!
Сағынышпен күтемін әрбір таңды,
Жақсы үмітпен арнаймын
толқын әнді.
Бақытымдай жалт еткен жанарыңнан
Ұшқын түсті жаныма өшпес мәңгі.
Өзің сүйіп аңсаған ардағыңмын,
Өзің еді жұлдызы арманымның,
Көгершіндей ұялап көңіліңе,
Жүрегіңе табысқан жан жарыңмын!
Өлең осылайша оқылып болған соң Бекен: – бірінші шумақтағы екінші жол бірінші…ал, бірінші жол екінші жол болса, а, Нәке? Өзеннен су әкелгенде ғана суарады ғой, гүлді, – деді жұмсақ үнмен, – жо-жоқ… мейлі… осылайша қала берсін Қайырманы тұп-тұтас. Оны қозғамаңыз. Ол дұрыс, Нәке.
Бекеннің көкейінде тағы бір түйіткіл ойлар бар еді, оны айта алмай бөгелді де: – үшінші шумақты қайта қараңызшы, Нәке, менің жүрегімдегі кейіпкерім маған жар болған жоқ. Бұл вальс сүйіскен жандардың еш алаңсыз, еш күдіксіз… шуақты, сәулелі дерлік бақытты сәті. Сондай ғана сәт! Кейіпкерімнің одан кейінгі тағдырын сіз сұрамаңыз, мен айтпаймын. Ессіз сүйіндірген махаббат бақытты бола бере ме, Нәке, а?
– Түсіндім, Бекенжан, түсіндім. Пушкиннің Анна Кернді алғаш көрген сәтте: «Я помню чудное мгновенье» дегені сияқты құлай беріле таңғалып сүюдің өзі де баянды боп аяқталған емес. «Махаббат вальсі» – қайта оралмас бақытты сәттің жыры екен. Солай екен, Бекенжан…
Екеуі бағаналы бері қозғаусыз тұрған рюмкелерге қол созды.
* * *
Сол күні кешінде Бекен Роза Бағланованың үйіне келді. Ол кісі үйінде болмай шықты. Қолындағы нотасын қарт әжеге берді де өзі үн-түнсіз кете барды.
* * *
Арада бір апта өтті ме, өтпеді ме, «Махаббат вальсі» Роза Бағланованың орындауында радиодан шалқыды. Жиі-жиі берілді. Көп ұзамай ресторандарда, перронда, студенттер жатақханасында шырқалды. Отырыс-жиындарда сүйсіне сөз етіліп, жұрт таңдай қағысып, таңырқады.
Сол күндердің бірінде Бекен «Есік» қонақ үйіне келді. Осында ана жолы өзімен бірге орналасқан жігіттер бар еді, солардың бірі аңқылдақ Сапар кездесе кетті. Ол жігіт оған бір хат берді де: «Сыртта жолдастарым күтіп тұр еді, ғафу ет!» деп кетіп қалды. Бекен сәл аңырып, конвертті асығыс ашты. «Інішек Бекен! Сенімен жүздескім келеді. Менің адресім конверттің сыртында, үйге кел. Мұхтар Әуезов» деген жазуды оқыды. Бекен өз көзіне өзі сенбеді. Аң-таң боп тұрды да тездетіп отырып демалыс үйіне қайтты. Әнуарбек сыртта жүр екен. Бекен оған қолындағы хатты үнсіз ұстата салды. Әнуарбек хатқа үңіліп, таңғала күлімсіреді.
– Бұл хатты қонақ үйіне Мұхаңның өзі апарып па?
– Иә. Администраторға беріп жатқан жерінен Сапар дейтін таныс жігіт көріп қап «мен берейін» деп алыпты.
– Япырай, ә, – деді Әнуарбек.
– Не істеуім керек, Әнаға?
– Бұрын Мұхаңмен жүздесіп пе едің?
– Жоқ.
– Үйін білуші ме едің? Белгілі үй ғой.
– Білмеймін. Мұхаң сияқты құдіретке сопиып жалғыз бару… реті қалай, Әнаға?
Әнуарбек ойланып тұрды-тұрды да: – Саспа, Бекенжан, – деді.
* * *
Әнуарб