Президент • 26 Сәуір, 2019

Елбасы шешімін жоғары бағалады

847 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының баспасөз қызметі Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігін тоқтатуына байланысты Нұрсұлтан Назарбаевтың атына келіп түскен жеделхаттар мен хаттар туралы хабарлады.

Елбасы шешімін жоғары бағалады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың атына Қазақстан Респуб­ликасының Президенті өкілеттігін тоқтатуына байланысты қазіргі жә­не бұрынғы мемлекеттер басшыларынан жеделхаттар мен хаттар келіп түсуде.

Ұлыбритания Премьер-ми­нис­­трі Тереза Мэйдің хатын­да Нұрсұлтан Назарбаевтың басшы­­лы­ғымен Қазақстанның өсіп-өр­кендеген мемлекетке айналғаны және бүкіл әлем бойынша серік­тестері бар екені атап өтілген.

«Ұлыбритания үшін сіздермен әріптес болу – зор мәртебе. Сіздің бас­шылығыңызбен Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар дәйекті дамып келеді. Алдағы жылдары стратегиялық серік­тестігіміз нығайған сайын ел­деріміздің достығы арта түседі деп сенемін», делінген хатта.   

Франция Президенті Эмануэль Макрон жеке өзінің және француз халқының атынан Нұрсұлтан Назарбаевқа ел дамуының жаңа кезеңінде табысқа жете беруіне тілектестік білдірген. 

«Тәуелсіз Қазақстанның жүріп өткен жолын үлгі тұтарлық деуге болады. Сіздің басшылығыңызбен және өзіңіз тәрбиелеген жаңа кадрлардың арқасында елдеріңіз ірі мемлекет ретінде қалыптасты. Өзекті халықаралық мәселелерге қатысты сындарлы ұстанымы Қазақстанды әлемдік деңгейдегі маңызды елге айналдырды», делінген жеделхатта. 

Үндістанның Премьер-ми­нис­трі Нарендра Моди өзінің ха­тын­­да Нұрсұлтан Назарбаевтың ал­да­ғы уақытта да Үндістан мен Қа­зақ­­стан арасындағы қатынас­тар­­ды нығайта түсетініне сенім білдір­ген.  

«Қазіргі заманғы тарихта көш­басшының жаңадан құрылған мем­лекетті заманауи мықты елдер сияқ­ты өркендетіп, алға жетелеп шы­ғарған мысалдары аз. Ондай көш­басшылардың аса көрнекті мем­лекет қайраткеріне айналған мы­салдары да сирек. Танымал көш­басшының өз еркімен өкілет­тігін тоқтатуы одан да сирек кез­деседі. Қазақстанды соңғы отыз жыл­ға жуық басқарып, билік тізгі­нін ұстайтын басшылардың жаңа буынын тәрбиелеу жөніндегі ше­шіміңіз арқылы парасаттылық таныттыңыз», делінген хатта. 

Канаданың бұрынғы Премьер-министрі Жан Кретьен өзінің хатында Елбасының және Қазақстан Республикасының атына ізгі тілегін жеткізген. 

«Халықаралық қоғамдастық Сіз­дің жаһандық бейбітшілік пен қа­уіпсіздікті нығайту ісіне қосқан үле­сіңізді жоғары бағалайды. Сіз да­на саясатыңыздың арқасында елі­ңізде тұрақтылықты және орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз еттіңіз», делінген жеделхатта.