Аймақтар • 26 Сәуір, 2019

Бидайдың жаңа сұрпына ғалымның есімі берілді

1175 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жақында солтүстікқазақстандық мамандар ресейлік әріптестерімен бірлесіп бидайдың жаңа сұрпын өсіріп шығарды.

Бидайдың жаңа сұрпына  ғалымның есімі берілді

Теріскейдің ауа райына төзімді әрі өнімді  дәнді дақыл түріне белгілі теріскейлік селекционер-ғалым Ольга Гаастың  есімімен аталады.

Ольга Семеновна – ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.   Агроөнеркәсіп кешенінде тынымсыз еңбек еткеніне 60 жыл. Осы мерзім аралығында  бидайдың жаңа  жеті сұрпын шығаруға атсалысты.

«Еңбек жолымды бастаған жылдары  бидайдың «Лютесценс 35», «Ишимская 100»  сұрыптары тәжірибеге енгізілді. Қызылжар өңірінде, өзге аймақтарда  да аудандастырылды», дейді  селекционер-ғалым.

Зейнетке шықса да,  сүйікті ісінен қол үзген емес. Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының ғылыми кеңесшісі, жастардың тәлімгері. Ол жаңа сұрып «Семеновна» деп аталатынын білмепті. Кездейсоқ естіпті. Көпжылдық еңбегінің бағаланғанына  қуанышты.  «Орал-Сібір» мен «Омская 38» сұрыптарын селекциялау нәтижесінде пайда болыпты.

Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім жетекшісі Дәурен Шақановтың айтуынша, жаңа сұрып қуаңшылыққа,  өсімдік ауруларына, татқа шыдамды.  Тез піседі. Шығымдылығы жоғары. Бидайдың жаңа түрі  мемлекеттік сараптамаға жіберіліп, 3 жылдай  өңіріміздің 6 ауданында сыналатын болады. Биыл  400 мың гектар алқапқа егіледі.

Солтүстік Қазақстан облысы