Есiмi әнге айналған Гүлсiм апа жергiлiктi билiктiң көмегiне мұқтаж
Кей әндер тағдырлы келедi. Ән шумақтарынан адам атын кездестiргенде «бұл кiм болды екен?» деген сұрақтың кесе-көлденеңдейтiнi рас. Бала кезiмiзден ақын Нұрсұлтан Әлiмқұловтың сөзiне жазылған «Оңтүстiкте ақ мақта» әнiн әйгiлi әншi Жамал Омарованың орындауында тыңдағанымызда ән жолдарындағы:
Кей әндер тағдырлы келедi. Ән шумақтарынан адам атын кездестiргенде «бұл кiм болды екен?» деген сұрақтың кесе-көлденеңдейтiнi рас. Бала кезiмiзден ақын Нұрсұлтан Әлiмқұловтың сөзiне жазылған «Оңтүстiкте ақ мақта» әнiн әйгiлi әншi Жамал Омарованың орындауында тыңдағанымызда ән жолдарындағы:
Бiр қыз бар Оңтүстiкте Гүлсiм атты,
Көркi де, мiнезi де тым сымбатты.
Еңбекте алғаш оны көргенiмде,
Тауларды ақ мақтадан
үйiп жатты.
Қайырмасы:
Ахау, Оңтүстiкте «ақ алтын» –
Зор байлығы Отанның.
Мақта терген сұлу Гүлсiм,
Еңбек Ерi атандың, – деген шумақтардан «Еңбек Ерi атанған ару Гүлсiм кiм екен?» деп ойлаушы едiк. Бiр қызығы, осы әнге жазған өлеңi үшiн Нұрсұлтан ақынға Жамбыл атындағы республикалық әдеби сыйлық берiлiптi. Бүгiнде радио-теледидардан соңғы шыққан жаңа әндер ғана орындалып, ескiлерi көненiң көзiндей болып алтын қорда сақталып қалды емес пе?! Дей тұрғанмен, журналистiк қызығушылықпен жүрген жерiмiзде Оңтүстiктiң тарихын қолмен жасаған еңбек ардагерлерiнен мақташы Гүлсiм жайында сұрастырудан әсте жалыққан емеспiз.
«Iздеген жетер мұратқа» демекшi, жақында Нұрсұлтан ақын әнге қосқан мақташы Гүлсiм жайлы алғашқы деректi Шымкент қаласындағы «Қатынкөпiр» шағынауданы ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Салыбек Құдияров пен оның орынбасары Әбдiғаппар Орынбасаровтан естiп-бiлдiк. Ақынның ән жазуына себепшi болған Гүлсiм Садықова (қыз күнiндегi аты-жөнi Ахметова) осы шағын аудандағы Әл-Фараби көшесiнiң №39 үйiнде тұрады екен. Хабар жеткен соң фототiлшi Қайсар Шерiм екеумiз жолға жиналдық. Үлкен жолдың бойындағы аласалау келген ескi үйдi табу қиынға түскен жоқ. Сықырлауық кереуетте отырған аққұба өңдi кейуананы көргенiмiзде ақынның:
«Қараса көз жанары тоймағандай,
Саусағы рояльда ойнағандай.
Гүлсiм қыз «ақ алтынның»
арасында
Табысын еңбегiнiң тойлағандай», – деген жыр жолдары ойымызға оралды. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейдi» демекшi, жасы сексеннен әлдеқашан асқан қарт ана әлi де көрiктi, жүзiнен мейiрiм шуағы төгiлiп-ақ тұр. Бiр қызығы, ән кейiпкерiнiң өзбек ұлтынан екенiн өзiмен жолыққанда ғана бiлiп, таңғалдық.
– Құжатымда 1935 жылы туған деп жазылғанымен, одан бұрынғы жылдары дүниеге келсем керек. Себебi, Құдыш ағам «Пәренжiнi тастаған жылы туылғансың» деп айтатын. Институтта оқи алмадым. Зейнеткерлiкке шыққанға дейiнгi бүкiл өмiрiм еңбекпен өттi, – дейдi қарт ана.
Оңтүстiктiң «ақ алтынын» теруде алдына жан салмаған озат терiмшi Гүлсiм 1950 жылдардың басында күн сайын 350-400 келiге дейiн өнiм жинап, рекордтық көрсеткiшке жетедi. «Ол тұста еңбек озаттары құрметтелетiн. Елдiң бәрi озаттарға теңелу үшiн жатпай-тұрмай еңбектенетiн. Күн сайын үш-төрт қанарды мақтаға толтырып өткiзгенiмде әрқайсысы жүз келi тартатын», – деп еске алады Гүлсiм апа. Еңбектегi үздiк көрсеткiшi үшiн Гүлсiм Ахметова 1955 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiнiң грамотасымен марапатталады. Келесi жылы КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң «Тың жердi игергенi үшiн» медалiн кеудесiне қадайды. Ал 1957 жылдың қазан айында Мәскеу қаласында өткен Бүкiлодақтық ауыл шаруашылығы көрмесiне қатысып, ВЛКСМ Орталық Комитетiнiң Құрмет грамотасына ие болып, мәртебесi асқақтайды. Осы жолы Дүниежүзiлiк жастардың VI фестивалiне қатысып, омырауына сол тұстағы ең жоғары марапат – Ленин орденiн тағады. Озат терiмшi Оңтүстiк Қазақстан облысы Шымкент аудандық кеңесiне депутат болып сайланады. Осылайша мақташы Гүлсiмнiң атағы алысқа жайылады. Оңтүстiкке шығармашылық iссапармен келген ақын-жазушылар мен сазгерлер Ленин ордендi озат терiмшiнiң атағына қанығып, бiр көруге құмартады. Ақын Нұрсұлтан Әлiмқұлов озат терiмшiнi көру үшiн сол тұстағы Куйбышев колхозының басшыларымен бiрге мақта алқабына арнайы барады.
– Жас кезiмде өте көрiктi болдым. Таңертеңнен кешке дейiн далада жүргенiммен күнге қарая қоймайтынмын. Колхоз бастығы «Алматылық ақын сенi көргiсi келедi» деп бiр кiсiнi дала қосында таныстырды. Ақын күн сайын қанша мақта теретiнiмдi, Мәскеуге фестивальға барғанымда алған әсерiмдi сұрады. Мен фестивальға дүниежүзiнiң алдыңғы қатарлы жастары қатысқанын, сол жолы Ленин орденiн алғанымда бұл жетiстiгiме сол жастардың барлығы қуанғанын, әсiресе Болгария, Африкадан келгендердiң «хлопок, хлопок» деп қайталап айтып, мақташы екенiмдi бiлiп қолымды қысқанын әңгiмеледiм. Көп ұзамай радиодан «Оңтүстiкте ақ мақта» деген жаңа әндi тыңдадық. Елдiң бәрi «Гүлсiмге арналған ән» деп шулап жатты ғой. «Еңбек – ер атандырады» деген осы да. Әйтпесе, ән арнайтын болса көркiне көз тоймайтын сұлулар әсем астанада көп емес пе, – дейдi Гүлсiм апа.
«Жүрекке қаларлықтай
орнап мәңгi,
Гүлсiм қыз шырқатады
шаттық әндi.
Әсерлi мақта терген қимылы да,
Еңбекке шақырғандай барлық жанды», – деп жыр жолдарында айтылғандай, Гүлсiм ару аудандық кеңеске депутат болған кезiнде қоғамдық iстерге белсене араласып, талай рет мiнберлерден жастарды еңбекте озат, үлгiлi, тәртiптi болуға үндейдi. Көп ұзамай Нұрмахамбет Садықовқа тұрмысқа шығып, отбасылық өмiрдiң қызығына бөленедi. Жетi ұл-қыз тәрбиелеп, 1978 жылы «Ана даңқы» орденiн кеудесiне тағады.
Кезiнде атақ-даңқы жер дүниеге жайылған Гүлсiм Садықова зейнеткерлiкке шыққанға дейiн ұжымшардың айналысқан шаруашылығына байланысты бiрде мақта, бiрде көкөнiс өсiрiп, үнемi алдыңғы қатардан көрiнiп, елге абыройлы болады. Бүгiнде сексеннiң сеңгiрiнен асқан еңбек ардагерiнiң тұрмыстық жағдайының тым мүшкiлдiгiн көрiп, көңiлiмiз пәсейiп қалды. 2005 жылы жұбайы Нұрмахамбеттен айырылған ананың көп ұзамай қолындағы ұлы Зәкiржан ауырып, қайтыс болады. Үстi-үстiне жамалған қайғы ананың денсаулығына салмақ салып, соңғы жылдары қант диабетiмен сырқаттаныпты. Кеселдiң меңдегенi сонша, осыдан бiр жарым жыл бұрын оң аяғын тiзеден жоғары кестiруге мәжбүр болған.
– Қыздарымның барлығы тұрмыста, үйлi-жайлы. Кенже ұлым қайтыс болған соң үлкен ұлым Мамыржанды қарашаңыраққа қайтадан көшiрiп алдым. Оның денсаулығы жоқ, екiншi топтағы мүгедек. Келiнiм Гүлчехра маған қарау үшiн атқарып жүрген қызметiн тастап, үйде отыр. Өздiгiнен жүрiп-тұра алмайтын науқас адамға қарағаны үшiн өкiмет келiнiме жәрдемақы тағайындаса екен, – деген Гүлсiм апа соңғы кезде тұрмыстық жағдайларының тым төмендеп кеткенiн баяндады.
Айтса айтқандай, 1946 жылы құрылысын жолдасы жүргiзген баспана iргетасы болмағандықтан, әбден отырып, терезелерi еңкiш тартып қалған. Сыртынан құйылған iргетас пен терезенiң арасы тым жақын. Үйдiң шатыры да шiрiп, белағашы майысып, қайта жабуды қажет етедi.
– Кезiнде атағыңыз жер жарып тұрғанда Мәскеуге дейiн барып қайтыпсыз. Сонда өкiмет сiзге баспана жағынан көмектеспедi ме? – деген сұрағымызға Гүлсiм ана: «Ол тұста еңбек озаттары кеудесiне таққан орден-медальға риза болып, баспана, көлiк секiлдi материалдық игiлiктердi сұрауды айып көретiн. Сол тұстағы тәрбие, идеология солай едi ғой», – деп жауап бердi.
Өмiр бойы бiр көрсем деп армандап келген кейiпкерiмiзге жолығып, сырына, қазiргi тұрмыстық жағдайына қанықтық. Қанағат пен ынсапқа суарылған тектiлiгiнен «Әсем әндегi әдемi аруды көремiн деп келгенiңде мұң-шерiмдi айтқаным әбес болған жоқ па, қарағым?» – деп ұялшақтағаны да өзiне жарасып-ақ тұр ардақты ананың. «Жас күнiмде – бейнет, қартайғанда зейнет бер» деген тәубешiл халық емеспiз бе. Оңтүстiктiң ақ мақтасын бүкiл республикаға танытқан Гүлсiм Садықованың бүгiнгi жағдайын облыс, қала басшылары бiлсе, бұлайша жерге қаратып қоймай, еңбек ардагерiн қамқорлығына алатын шығар деген ойдамыз.
Үмiтхан АЛТАЕВА,
журналист.
Оңтүстік Қазақстан облысы.