Ұлы суреткер ұлағаты
Сағындым сені, Алыптар! Аңсадым сені, Ағалар! Ой орманын кезіп кеткен сәттерде іштен шыққан осы бір сөздерде шығар күндей шындық бар. Ақиық ағаңды аңсау… Алыптарды сағыну… Бұл бір менің ғана басымдағы жай болмаса керек. Өмірдегі кейбір көлеңкелі жайлар көңіліңе қаяу түсіріп, жаның жабырқаған сәттерде Тарих-Ана ұзақ толғатып, сирек туатын сом бітімді сол ұлы тұлғалар көз алдыңа келеді. Жиырмасыншы ғасырдағы біз көрген алыптар тобының көшбасшысы, ұлттың ұлы ұстазы Мұхтар Омарханұлы Әуезов еді-ау. Сол алыптар тобында Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сынды кемел ойлы кемеңгерлер болған-ды. Осы төрт ғұлама қазақ руханиятының төрт қабырғасын қаңыратпай ұстап тұрған төрт діңгек еді. Дара туған дана еді олар.
Сағындым сені, Алыптар! Аңсадым сені, Ағалар! Ой орманын кезіп кеткен сәттерде іштен шыққан осы бір сөздерде шығар күндей шындық бар. Ақиық ағаңды аңсау… Алыптарды сағыну… Бұл бір менің ғана басымдағы жай болмаса керек. Өмірдегі кейбір көлеңкелі жайлар көңіліңе қаяу түсіріп, жаның жабырқаған сәттерде Тарих-Ана ұзақ толғатып, сирек туатын сом бітімді сол ұлы тұлғалар көз алдыңа келеді. Жиырмасыншы ғасырдағы біз көрген алыптар тобының көшбасшысы, ұлттың ұлы ұстазы Мұхтар Омарханұлы Әуезов еді-ау. Сол алыптар тобында Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сынды кемел ойлы кемеңгерлер болған-ды. Осы төрт ғұлама қазақ руханиятының төрт қабырғасын қаңыратпай ұстап тұрған төрт діңгек еді. Дара туған дана еді олар. Осынау алыптар тобының сөздері де, істері де ірі болатын. Ойхой дүние арман-ай, жарық дүние дейтін жалған-ай, сондай сом бітімді тұлғалар енді қайтып туар ма?! Еліміздің ертеңі жастар дара туған даналар жолын қуар ма?..
Тәтті өтіріктен ащы шындық артық. Ақиқатын айтсақ, күні кешегі сол алыптар тобының шәкірттері – бүгінгі зиялы қауым ұсақталып барамыз. Бұл зиялы қауымның көшбасшысы қаламгерлерге ғана емес, бар саладағы жақсы мен жайсаңдарымыздың бәріне бірдей қатысты. Мұхтар Әуезов бастаған алыптар тобының деңгейіне көтерілгендер саусақпен санарлық. Ғылымда Қаныш Сәтбаевтың, Айтжан Абдулиннің, Патшайым Тәжібаеваның өнерде Күләш Бәйсейітованың, Қалыбек Қуанышбаевтың, Серке Қожамқұловтың, Елубай Өмірзақовтың, Қапан Бадыровтың, Шара Жиенқұлованың, Роза Бағланованың, әдебиетте Мұхтар Әуезовтің биігіне көтерілген кімің бар?! Шығармашылықты ғана емес, ұлт қамын ойлаған ұлылықты, адами асыл қасиеттерді тұтас алып қарасаң, алыптар тобының орны ойсырап-ақ тұр. Олардың жөні бөлек, жолы басқа.
Тағдырдың маған тартқан бір сыйы – мен сол жөні бөлек, жолы басқа алыптар тобының көшбасшысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің көзін көрдім, дәрісін тыңдадым.
Ұлы ұстазбен алғашқы ұшырасу 1959 жылдың күзінде болып еді. Сол жылы сол кездегі С.М. Киров, бүгінде Әл-Фараби атындағы ұлттық университетке оқуға қабылданған бір топ жас Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында мақта теріп жүргенбіз. Үлбіреп тұрған аппақ мақтаны қауашағынан алып, беліңе байлап алған ала қапшыққа салатын бұл жұмыс жігіттің қолы емес екен. Еңкейе-еңкейе белің талады, мақтаны тез терсең қолыңды мақта қауашағы жарақаттайды, баяу терсең күндік нормаңды орындай алмай, қабырға газетінде сыналып, күлкіге ұшырайсың. Үлпілдеген, салмақсыз ақ мақтадан күніне пәлен килограмм теру оңай емес. Мақта теруге жігіттерден гөрі қыздар әлдеқайда икемді. Осы қиын жұмыста Қызылорда облысынан келген Рая (фамилиясын ұмыттым) атты ақсары қыз маған көп көмектесті. Рая мақта тергенде қолы қолына жұқпайды. Ол өз нормасынан артылған бір емес, бірнеше қапшық мақтаны менің есебіме өткізіп жүрді. Жақсылығын көп көріп едім, қазір қайда екен, университетте бірге оқыған, қайран Рая?! Жұмыс ауыр. Жағдайымыз онша жақсы емес. Университеттен келген бес жүз қырық қыз бен жігіт бір қазаннан ас ішеміз. Таң алдында тұрып, асығыс тамақтанып, күн ұясынан шықпай жатып мақта теруге кірісеміз. Үзіліс жоқ. Түскі асты мақталыққа әкеліп береді. Содан қас қарайып, күн батқанша дамыл жоқ. Жұмыс та жұмыс. Күндік норма – әскери тәртіп. Жататын жерімізге келіп, кешкі ас ішіп болғанша түнгі он екі болады. Таңертең ерте, сағат алтыда тұру керек. Шаршағанымызға қарамастан түнгі он екіден кейін болатын киноға не биге барамыз. Ертесіне ұйқылы-ояу жүріп таңғы ас ішіп, тағы да ауыр жұмысқа жегілеміз. Соның бәріне шыдас берген қайран жастық-ай! Сол бірсарынды өтіп жатқан күздің сұп-сұр сұрғылт күндерінің бірінде Алла тағала біздерге күтпеген қуаныш сыйлады. Қойнымызға сыймаған ол қуаныш ұлы ұстаз Мұхтар Әуезовпен жүздесу қуанышы еді.
Атақты «Абай жолы» роман-эпопеясы әлемді аралап кеткен Әуезов енді бүгін күн тақырыбына қалам тартып, заман талабына орай замандастар бейнесін жасауға бекініпті. «Жаңа романына жаңа кейіпкерлер іздеген Әуезов оңтүстіктің аудан, ауылдарын аралап жүр» деген хабарды құлағымыз шалған. Шіркін-ай, Әуезов біз жұмыс істеп жатқан Мақтааралдың Киров бөлімшесіне келсе ғой» деп армандап жүрген күндердің бірінде өзіммен бірге университеттің бірінші курсына қабылданған жерлесім Қойшығара – бүгінгі белгілі қаламгер Қойшығара Салғарин:
– Әне, ана жаққа қараңдар, – деді. Бірнеше жеңіл машина таспадай тартылған теп-тегіс асфальт жолдан бұрылып, ойқы-шойқы дала жолымен тура бізге қарай беттеп келеді екен. Алда «Чайкаға» ұқсас ұзын қара «зим». «Бұлар кімдер?» деп ойлап үлгергенше жеңіл машиналар легі мақталықтың шетіне келіп тоқтады. Алдыңғы машинадан түскен ортадан жоғары бойлы, кереқарыс кең маңдайы күн нұрымен шағылысқан, етжеңді, бұйра шаш кісіні жазбай таныдық. Ол ойлы жүзін өзіміз газеттерден жиі көріп жүрген сөз зергері, ой алыбы Мұхтар Әуезов еді.
Күтпеген қуанышқа кез болған біздер жүгіре басып Әуезовтің қарсы алдына келіп кілт тоқтадық та:
– Ассалаумағалейкум, Мұхтар аға! – деп жапатармағай жарыса сәлем бердік.
Сәлемімізді алып бізге сүйсіне қараған Әуезов шабыттана сөйледі:
– Пәлі, өздерің төркіндеріңе келген келіндей қуандыңдар ғой. Жөн, жөн-ақ! Мен сендердің төркін жұрттарың университеттен келдім ғой. Иә, балапандарым, жағдайларың қалай? Жұмыстарың жеңіл емес, әрине. Жатын орындарың жайлы, ас-суларың сайлы ма? Ешкім ренжіткен жоқ па, сендерді? Бәрі дұрыс па?
– Жақсы.
– Бәрі дұрыс.
– Жақсы, – десіп жарыса сөйлеп жатырмыз бәріміз.
– Ал, мұнда университет ұстаздарынан кім бар? Басшыларың кім? – деп сұрады Әуезов.
– Мен бармын, Мұхтар Омарханұлы, – деді отыздың о жақ, бұ жағындағы сұңғақ бойлы сұлуша келген орыс жігіті.
– Сәлеметсіз бе? Аты-жөніңіз?
– Плахин.
– Қай кафедрадансыз?
– Әскери кафедрадан.
– Шамасы, жаңа кадр боларсыз? Біраздан бері болса білсем керек еді, – деді Әуезов Плахинге барлай қарап.
– Университетке жұмысқа тұрғаныма бір-ақ жыл болды, – деді Плахин маршалдың алдында тұрған офицердей тіп-тік, ашаң денесі сымдай тартылып.
– Ал, Плахин жолдас, не айтасыз? Студенттердің жағдайы жақсы ма? Олардың еңбегі, тұрмыс жағдайына орай жергілікті басшыларға айтар талап, тілектеріңіз бар ма? Қысылмай баяндаңыз.
– Ешқандай өтініш жоқ. Бәрі жақсы, Мұхтар Омарханұлы.
– Біздің филфактан, журфактан қанша студент бар мұнда?
– Филфактан отыз, журфактан жиырма.
– Е, менің лекциямды тыңдайтындар елу екен ғой.
– Елу деген де бір қауым ел, – деп қалды Плахин.
– Көріп тұрсыздар ғой, – деді Әуезов енді бір сәт арқа тұсында тұрған жол серіктеріне мойын бұрып – бұл тұстан зу етіп өте шықпай қырық шақырым кері жүріп келген еңбегіміз еселеп қайтты емес пе? Балапандарымның қуанғанын көрмейсіңдер ме? Адамның адамға қуаныш сыйлауынан асқан бақыт бар ма?!
– Дұрыс айтасыз, Мұқа! Студенттер ғана емес, сіз өзіңіз де толқып та, қуанып та тұрсыз. Бұл жастар біздің болашағымыз.
– Өзіңіздей ұлы ұстаздан тәлім алатын бұл жастар бақытты ғой, – деп әңгімеге араласты Әуезовтің тағы бір жолсерігі.
– Иә, оған сөз бар ма? – деп қостай кетті тағы бірі.
– Бізге атбасын бұрғаныңызға рахмет! Сізге мың мәрте тағзым, – деді ортамыздағы біздерден бес-алты жас үлкен Шафқат атты студент.
– Рахмет деген ұлы сөз, – деді Әуезов оң қолымен мұрынын саумалап. – Біздің қырық шақырым бері бұрылып, қырық шақырым кері қайтатын ұзын-ырғасы сексеннен аспайтын аз еңбегімізге бұдан артық баға болмаса керек. Солай емес пе, жолдастар.
– Иә, солай.
– Дұрыс айтасыз.
– Дәл солай, – десті Әуезовтің жол серіктері.
– Ал, жас достарым, Алматыда, университетте кездескенше. Жолыққанша жол жақсы, көріскенше күн жақсы болсын! – деп студенттерге мейірлене қарады Әуезов. Сол сәт ойлы, мұңлы жанары таңғы шықтай мөлдіреп, нұр төгілген Әуезовтің жүзінен оның жан дүние иірімдерін көргендей болдық.
– Жолақысы жүрсе бітеді. Ал, енді жүрелік, – деді Әуезов жолсеріктеріне.
Біздер – сол жылы студент атанған жастар кедір-бұдыр дала жолында шайқалып бара жатқан жеңіл машиналарға қадала қарап біраз тұрып қалдық.
– Қап, фотоаппараттың болмағаны-ай, – деді Өтежан Нұрғалиев – Әуезовтің өзімен суретке түстік деп мақтанып жүретін ек.
Сол күнгі сол бір қуаныш әлі есте…
Иә, бәрі есте. Оңтүстіктен аман-сау оралып, сабаққа да кірістік. Біз, біз дегенім курстастарым Қойшығара Салғарин, Өтежан Нұрғалиев, Өзбек Кесікбаев, Нұржамал Ботабаева, Тұрсынзада Есімжанов, Абдулхамит Мархабаев, Мұхаммет Мезгілбаев, Ғазизбек Тәшімбаев, т.б. журналистер даярлайтын факультетке қабылданғанбыз. Кейбір лекцияларға бармай қалатын біздер – болашақ журналистер Әуезовтің дәрісін тыңдауға ынтықпыз. Енді қайтпек керек. Арамыздағы біздерден бірер жас үлкен Мұхаммед оның да жолын тапты. Филология факультетінде Әуезовтің дәріс оқитын уақыты мен аудиториясын біліп аламыз да, сол жерге филологтардан бұрын барып, отырып аламыз. Есіктен кіргеннен шығып бара жатқанға дейін сөйлеп, толымды ойлар толғайтын әр сөзі көркем, әрбір сөйлемі көсем Әуезовтей шешен ғұламаны тыңдау бақыты бұйырған ұрпақпыз біз!..
Әлі есімде, 1960 жылы университеттің сол кездегі Киров пен Панфилов көшесіндегі ғимаратының үлкен залында Мұхтар Әуезовпен кездесу болды. Зал толы халыққа қыдырта көз тастап, сәл ойланған Әуезов құлаққа жағымды қоңыр үнмен сөйлеп кетті. Алғаш сөз бастағанда тұсаулы тұлпардай кібіртіктеп, кідіре кедір-бұдырлау сөйлеген ғұлама бес-алты минуттан соң көсіле көркем сөйлеп, теңіздей терең ойлар айтты. Сол күні ерекше бір шабытпен шешіле сөйлеген шешеннің сол кездегі жас қаламгерлер Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырзалиев, т.б. қарата олардың шығармашылығынан «Жыл келгендей жаңалық сеземін» дей келіп талантқа қояр талап кемімесін деген оймен айтқан: «Толыспаған Толстойлар, шала Шекспирлер» дегені ілезде қанатты сөзге айналып кетті.
Сол бір күнгі тарихи сөзінде Әуезов: «Образ болмай ойдың да қасиеті болмайды. Жұрт айтып жүрген ойды сіз де айтасыз. Жұрт айтпаған ойды айту – анда-санда бір ұшырасатын бақыт, ол ырыс… Ойдың көпшілігі жұрт айтқан ой болуы мүмкін, бірақ соны басқаша түрде айта білудің өзі бақыт» дей келіп, «Жастар осы бастан бірнеше әдеттен сақ болу» жайын аталық қамқорлықпен ескерткен тұста көркем сөз, көсем оймен көсілді-ау жарықтық Мұқаң. Ақ өлең болып ағытылған сол бір ақыл, нақыл сөздер арада елу жыл өтсе де әлі ескерген жоқ. Мына бір үзік үзінді соған айқын айғақ: «Ең алдымен, жақсы екен деп асқақтамау керек, тумай тұрып толдым, жазбай жатып болдым деуден қашу керек. Бұл мінез адамды жаман нәрсеге апарып ұрындырады. Арақ ішу, мастану осыдан туады. Ұлы Лениннің, Горькийдің кішіпейілдік сияқты жақсы дәстүрі бар. Осыны үйрене білу керек. Мастану дегенді көрмей жүрген жоқсыздар, болып қалдым екен деп алдыңғыны мүйіздеп, шынтағымен қаққылап, өзіне-өзі ғашық болушылық – бұл адамның үлкен соры. Бұл ең алдымен, өзімшілдікті күншілдікті туғызады. Мәдениеті аз әдебиеттерде бұл үлкен сордың бірі.
Екіншіден, жақсы еңбек жаздым, танылмады деп қорықпаңдар, танылмаған Шекспир мен танылмаған Толстой көп бола береді деп ойламаңыздар. Олар дүниеде біреу-ақ. Олар көрінгенге мысал емес. Шала Шекспирлер, толыспаған Толстойлар танылмай жүре берсін. Одан келер-кетер аз ғана. Өңірі табылмаған тау, тереңі танылмаған өзен бар ма, біздің өмірімізде баға берілмей қалған қасиет бар ма? Бағалы-бағаланбай келген қасиет жоқ. Советтің адал сыны, әділ бағасы құмның түкпіріндегі Кербабаевты да таныды, тапты да ғой. Кішкентай чукчаның Рытхэуін, туваның Салчак Токасын таныды да, тапты ғой. Ақындық жақсылығым танылмайды деп ойламаңыздар». Бұл ұлы ғұламаның жазып алып оқыған сөзі емес, ауызша ағытылған ақиық, ақиық тіркестер еді, ал жазған кезде жауһардай жарқыратушы еді, жарықтық.
Аса жоғары бағалаған парасатты пікірлерді Михаил Шолохов та, Александр Фадеев те, Андре Стиль де, Николай Тихонов та, Александр Корнейчук та, Берді Кербабаев та, Мұстай Кәрім де, Расул Ғамзатов та, Бенжамен Матип те, өзіміздің Ғабит Мүсірепов те, талай елдің талай тарланбоздары айтыпты. Солардың бірі – Николай Погодиннің: «Қазақстан үшін Әуезов екінші Абай, біз үшін шығыстың Шолоховы» деген сөзінің екінші бөлігіне бақиға аттанған сәтте айтылған сөз ұлы суреткер тұлғасын ашуда кемел емес, кем соғып отыр. Ұлы ұстаз Мұхтар Әуезов ұлт әдебиетін ғана емес, әлем мәдениетін де жаңа биікке көтерген ұлы суреткер. Көркемсөз бен кемеңгер ойдың алыбы ол!
Тарих – Ана ұзақ толғатып, сирек туатын ұлы тұлғалар бір халықта ғана емес, бар халықта да бар. Олар бір ұлттың ғана емес, барлық ұлт, барша халықтың мақтанышы. Әлемдік асыл қазынаға олар қосқан жауһарлар адамзаттың ортақ игілігі. Көркемсөз бен кемеңгер ой алыбы Мұхтар Омарханұлы Әуезов осы санаттағы саңлақ. Ол өткен – жиырмасыншы ғасырдағы алыптар тобының көшбасшысы. Мұхтар Әуезов сынды ұлы тұлғалар ақ бас шындары алқаракөк аспанмен таласқан асқар таулар секілді қашықтан қарасаң айбынды, сұсты, кейде тіпті, суық болып көрінеді. Ал, сол алыстан айбынды көрінген асқар таулардың жанына жақын келсең, өзгеше бір жылылық, тартымдылық табасың.
Әкелеріміз ұлттың рухани ұстазы, ойлы Абайды, мұңлы Мағжанды, отты Махамбетті көрген жоқ. Біздің ұрпақтың маңдайына ұлт көсемдері Әлихан Бөкейхановты, Ахмет Байтұрсыновты, Міржақып Дулатовты көруді жазбады. Сәкен, Бейімбет, Ілияс сынды сұңқарларды да көрмедік біз. Есесіне бізге сол ұлылардың мұрагерлері Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сынды дара туған даналармен замандас қана емес, сыйлас, сырлас болу бақытын сыйлады Алла тағала. Осынау алыптар өзгеше жаратылған ерекше жандар еді. Сөздері қандай көркем болса, өздері де сондай көркем еді. Ірі еді сөздері де, өздері де.
Жастарды айтамыз, зиялы аталып жүрген мына біздер де Сіздердей ірі бола алмадық, Алыптар! Оны айтасыз, зиялы қауым зиянды қауымға айналып бара жатыр ма деп қорқамын. Ұлымыздан ұлтымызды жоғары қоя алмаған өзімшілдігіміз өз алдына жер мен жүздің шылауында шырматылып жүрміз әлі. Жарқ ете қалса бір жұлдыз қолдамаймыз, етектен тартып, жала жауып қорлаймыз. Тым болмаса күншілдіктен де құтыла алмадық. Қызғаныштың қызыл иті қаппаған қай жақсың бар, айтшы, кәне, қазағым! Аз болды ма содан тартқан азабың?!
Біз Сендердей бола алмадық кешіріңдер, Алыптар! Соңымызда бізге сенген халық бар. Соны ойлайық, замандас. Алыптардай болмасақ та ұсақтықтан арылып, алдымыздағы ағалардай ірі болуға тырысайық.
Алыптар еске түскенде жүрек шіркін сағыныштан сыздап сала береді. Алыстаған сайын биіктей беретін Алыптарды бір біз ғана емес, келер ұрпақ, кемел тарих аңсайды әлі.
Аңсадым сені, Ағалар!
Сағындым сені, Алыптар!
Сәбит ДОСАНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.