Президент • 26 Сәуір, 2019

Полигон зардабын тартқан азаматтарға жасалатын жеңілдік лайықты деңгейде болуы қажет - Тоқаев

955 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласының зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде айтты деп хабарлайды Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.

Полигон зардабын тартқан азаматтарға жасалатын жеңілдік лайықты деңгейде болуы қажет - Тоқаев

«Полигон зардабын тартқан азаматтарға жасалатын жеңілдік лайықты деңгейде болуы қажет. Қазір «Семей полигонындағы ядролық сынақтың тауқыметін тартқан тұрғындарды қорғау және оңалтуға арналған бұған дейінгі шаралардың тиімділігі» жөнінде арнайы зерттеу жүргізілуде. Жыл соңына дейін полигон аймағындағы тұрғындар мен олардың ұрпақтарына ядролық сынақтардың тигізген зиянын нақтылап, әлеуметтік кепілдіктердің көлемін анықтаймыз. Үкіметке полигон аумағындағы халыққа берілетін әлеуметтік көмектің мөлшері жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы өңірдегі тағы бір күрделі ахуал Семейдегі Ядролық медицина орталығының құрылысына қатысты болып отырғандығына тоқталды.

«Аталған мәселе 2012 жылдан бері айтылып келеді. Жағдайдың мән-жайын мен жақсы білемін. Орталықтың құрылысы әбден созылып кетті. Бұл тиісті мемлекеттік органдардың адам тағдырына соншалықты жауапсыз қарап отырғанын көрсетеді. Сондықтан, айтыс-тартысты дереу тоқтатып, елге тиімді ортақ мәмілеге келу керек. Облыс әкімі мен Денсаулық сақтау министріне орталықты жабдықтап, қысқа мерзім ішінде іске қосуды қатаң тапсырамын», деді Президент.

Мемлекет басшысы полигонның салдарынан түрлі дертке шалдыққан азаматтарды тиісті деңгейде емдеумен қатар, оларға оңалту қызметін көрсету мүмкіндіктерін де қарастыру қажеттігіне назар аудартты. 

«Семейде және осы өңірге қарасты ауылдарда 1300-ден астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Қажетті жағдай жасалмаған тар ғимаратта орналасқан оңалту орталығы бір уақытта 35 бала ғана қабылдай алады. Бұл - шындық. Мұндай жағдай мүлде сын көтермейді. Облыс әкіміне мәселені дереу қолға алып, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын. Қалада Балаларды оңалту орталығын салу мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұл полигон аумағына қатысты атқарылатын жұмыстар», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.