Аймақтар • 26 Сәуір, 2019

Жас патриоттарға әскери өмірдің ерекшеліктері таныстырылды

1531 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жастар жылы аясында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментімен бірлесе аталмыш қалада Қазақстан армиясының бір күндік тыныс-тіршілігі» әскери-патриоттық акциясын өткізді.

Жас патриоттарға әскери өмірдің ерекшеліктері таныстырылды

Іс-шараға жоғары сынып оқушылары, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті әскери кафедрасының студенттері мен Атырау қаласындағы әскери-техникалық мектептің курсанттары шақырылды. Өскелең ұрпақ үшін оқу көрсетілімді орындар өрістетілді. Онда олар әскери киім үлгілері және әскерилердің экипировкасы, әскери техника және қару-жарақпен, далалық жорықтар кезіндегі тұру жағдайы, армиялық асхананың тағам рационымен танысты.

Одан басқа, оларға саптық және дене даярлығының элементтері, қоян-қолтық ұрыс пен РХБҚ (радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау) бойынша элементтер көрсетілді.

Әскери бөлімдердің тәрбиеші офицерлері әскери қызметшілердің тынысы мен тұрмысы, әскери қызмет өткеру тәртібі және орындалатын оқу-жауынгерлік тапсырмалар туралы айтып берді. Шара соңында кездесу ұйымдастырушылары қонақтармен әскери-спорттық эстафета өткізді. Оның қорытындысы бойынша Х. Досмұхамедов атындағы АМУ әскери кафедрасы студенттерінің командасы жеңіске жетті.

Сондай-ақ облыстағы жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беруде белсене атсалысып жүрген алғашқы әскери дайындықтың оқытушылары алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталды. 

- 2019 жыл елімізде Жастар жылы болып жарияланды және Ашық есік күндерінің өткізілуі армияға өңіріміздің жастары мен жалпы азаматтық қоғамға барынша ашық болуға мүмкіндік береді. Бұл өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеуге және әскери кәсіпке құрмет көрсетуге, бозбалаларды Қарулы Күштер қатарында қызмет етуге дайындауға ықпал етеді, дейді штаб бастығы – «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары полковник Н. Алдияров.

Маңғыстау облысы