Президент • 26 Сәуір, 2019

Президент Семейдегі Жедел медициналық жәрдем ауруханасына барды

958 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысына өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің даму барысы жөнінде мәлімет беріліп, облыстың осы салада жеткен жетістіктері туралы баяндалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президент Семейдегі Жедел медициналық жәрдем ауруханасына барды

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті «100 мектеп – 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған көп салалы аурухананың жұмысымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа медициналық мекеменің емдеу-сауықтыру, ота жасау бөлмелері көрсетіліп, негізгі қызмет бағыты жөнінде мәлімет берілді.

Жалпы аумағы 44,5 мың шаршы метр болатын ауруханада 800-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Бір уақытта 345 науқасты қабылдап, алғашқы медициналық қызмет алады.

Қазақстан Президенті Жедел медициналық жәрдем ауруханасының қызметкерлерімен әңгімелесу барысында өңірде мамандандырылған жоғары технологиялық медициналық мекемелердің, республикалық ғылыми орталықтардың бөлімшелерін ашу жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Денсаулық сақтау саласын толықтай цифрландырудың маңыздылығына тоқталды.

Соңында Қазақстан Президенті медициналық мекеме ұжымына табыс тіледі.