Жаңаша пайымдау
Жазушы-тарихшы ғалым Қойшығара Салғараұлының бұл үш кітабы «Ежелгі түріктер», «Шығыстағы түріктер» және «Ортағасырлық түріктер» деп аталады. 2012 жылдың аяғында Астана қаласында «Фолиант» баспасынан жарық көрген. «Қазақ халқының шығу тегін және халық болып қалыптасуын ғылыми тұрғыдан жан-жақты дәлелдеп, бір жүйеге келтіріп, анық-қанығына жеткізген толық тарих әлі жазылған жоқ» деп бастайды Қ.Салғараұлы үш томдықтың алғашқы кітабы «Ежелгі түріктерде».
Жазушы-тарихшы ғалым Қойшығара Салғараұлының бұл үш кітабы «Ежелгі түріктер», «Шығыстағы түріктер» және «Ортағасырлық түріктер» деп аталады. 2012 жылдың аяғында Астана қаласында «Фолиант» баспасынан жарық көрген. «Қазақ халқының шығу тегін және халық болып қалыптасуын ғылыми тұрғыдан жан-жақты дәлелдеп, бір жүйеге келтіріп, анық-қанығына жеткізген толық тарих әлі жазылған жоқ» деп бастайды Қ.Салғараұлы үш томдықтың алғашқы кітабы «Ежелгі түріктерде». «Бұған дейін қазақ тарихы үш бірдей «центризмнің»: әлемдік мәдениеттің үздік үлгілерінің бәрін өздерінен ғана шығарған еуропалық колонизаторлар идеологиясының жемісі – еуроцентризм; өзге жұртты жабайы, екінші сортты халық санап, өздерін дәріптеген көне қытайлық агрессиялық-гегемонистік идеология – азияцентризм; сөз жүзінде халықтар теңдігі деп жалаулатқанымен, іс жүзінде ұлы орыстық идеяның туын көтерген кеңестік идеологияның өзегі – русоцентризм ықпалымен жазылды, тарихшы мамандарымыз осы шеңберден шыға алмады, деп бір түйіп тастайды.
Ресми тарихқа қарағанда бүгінгі қазақ халқы қазіргі қазақ жерін ықылым замандардан мекендеп, бірін-бірі ығыстырған, сеңдей соғылысып, жөңкіле көшіп кетіп отырған сан халықтың ежелгі жұртында қалған бір өскін тәрізді. Жаңаша жыл санауға дейінгі (Қ. Салғараұлы жыл санау мерзімін білдіруде тарихта бірізділіктің жоқтығын айтып, дәуірге бөлуді христиан эрасына дейінгі (х.э.д.) және одан кейінгі (х.э.к.) деп атауды ұсынады) ҮІІ – ІІ ғасырларда бұл даланы сақтар жайлаған, бірақ одан кейін олар бейне ізсіз-түзсіз ғайып болып кеткен тәрізді. Енді олардың орнына сиуңну дейтін халық пайда болады. Бірақ олар да баяндап тұра алмайды. Оның орынын сиәнбилер басады. Содан кейін жыужандар. Жаңаша жыл санаудың VІ ғасырынан бұл өңірде «түрік» деген халық пайда болады. Кейін олардың орнын ұйғырлар, қарлықтар, түргештер орын тебеді. Арада біраз уақыт өткеннен кейін бұлардың орнына қыпшақтар мен оғыздар келеді. Қыпшақтарды моңғолдар тықсырып, Алтын Орда дәуірі басталады. Алтын Орда ыдыраған кезде Қазақ хандығы орнайды. Қарап отырсаңыз, бұл даланы мекендеген халық біраз аялдап, тағдыр толқынында одан әрі жөңкіліп кете барғандай.
Алайда, археологиялық қазба мұралар, халықтың ауызша тарихы – шежіре-аңыздар, ескі замандардан үзілмей келе жатқан салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар, сырт көз қалай атағандықтарына қарамастан, бұл даланы бір ғана халықтың – түрік тектес халықтардың ұрпақтары мекендеп келе жатқандығын дәлелдейді. Санамызға сіңдірген ұғым бойынша түрік халықтары көшкінші (Қ. Салғараұлы «көшпелі, көшпенді» деген атаулардан гөрі осыны жөн көреді) халықтар, ресми тарихтың танымы да осы. Ал автор айтады, олар ешқашанда бірыңғай таза көшкінші болмаған, мал шаруашылығына басымдық берумен қатар, егін де еккен, қала да салған, темір қорытып, құралдар соққан, сауда-саттықпен де айналысқан, өнер туындыларын да жасаған. Кітапта бұған талай мысал келтіріледі. Осы ретте әйгілі түріктанушы ресейлік ғалым Л. Н. Гумилевтің «ХІХ ғасыр прогресшіл өркениетті тек отырықшы халықтар жасаған, ал Орталық Азияны бейне бір тоқыраушылық, болмаса жабайылық пен тағылық жайлаған деген тұжырымдаманы бізге мұра етіп қалдырды. Бұл тұжырымдаманың ең зияндылығы – қателігінде ғана емес, оның ешқандай сынауға жатпайтын ғылым жетістігі ретінде ұсынылуында», деген қынжылысты пайымдауын келтіре кетейік.
Тарихтағы тағы бір қиянат – Ұлы Даланың орта және батыс бөлігін мекендеген ежелгі көшкінші халықтардың бәрі иран тілінде, кең мағынасында, үнді-еуропа тілінде сөйлеген еуропалық халықтар деген тұжырым. Зерттеуші осыған орай түрік халықтарының тарихына тілдік тұрғыдан да талдау жасаған. Еуропашыл ғалымдардың Еуразия кеңістігін үнді-еуропа тілінде сөйлеген деген тұжырымдарының да қате екендігін жан-жақты дәлелдейді. Түрік халықтары, оның ішінде бүгінгі Қазақстан жерінен табылған көне археологиялық жәдігерлер – алфавиттік руна жазуларының тілі тек – түрік тілі, бүгінгі біз түсінетін тілде болып отыр. 1960 жылы археолог Ф.Х.Асланов Павлодар облысында Ертіс өзенінің оң жағында Боровое ауылы маңындағы ескі қорымнан тапқан бұйымдар христиан эрасына дейінгі V-ІV ғасырларға жатады деп танылды және ондағы жазу оңнан солға қарай «Ақ марал» деп оқылды. Ал мұндай жазулар Қазақстанда Талас, Іле бойынан да табылды. Түрік тілін мойындауға мәжбүр еткен Орхон-Енесай жазуы өз алдына бір қазына.
Қ.Салғараұлы бұдан әрі түрік атауының шығу төркінін іздейді. «Түрік» атауының қай кезде пайда болғандығын көрсететін айғақтар жоққа тән, нақтылық жетіспейді. Зерттеуші сондықтан жанама деректерді де назардан тыс қалдырмайды. Жазба дерек бойынша – «түрік» деген христиан эрасынан кейінгі VІ ғасырда Алтайда пайда болған халықтың және оның тілінің атауы. «Алтай – түріктердің алтын бесігі» деген ұғым осыдан шыққан. Ал Тәуратта және соған сүйенген ауызша аңыз бойынша: Түрік – Нұх пайғамбардың үш баласының бірі Иафеттің сегіз ұлының үлкенінің есімі. Аңыз бойынша бүгінгі түрік тектес халықтардың бәрі осы Нұхтың ұлы Иафеттің Түрік есімді баласынан өрбіген ұрпақ болып шығады. Аңыз былай дейді: топан судан аман қалған Нұх үш баласын әйелімен үш жаққа жібереді. Иафет Еділ мен Жайық өңіріне келіп қоныс тебеді. Оның сегіз ұлы болады: Түрік, Хазар, Сақалап, Рус, Миң, Шын, Кеймари (Кеймал) және Тарих (Тареджа). Иафет өлерінде өз орнына үлкен ұлы Түрікті отырғызып, өзге ұлдарына: «Сендер Түрікті патшамыз деп мойындап, бағыныңдар» деп өсиет етеді. Әбілғазының түрік шежіресінде де осылай. Бұған қарағанда түрік атауының (кісі есімі не елдік атау болсын) кемінде төрт мың жылдық тарихы бар болып шығады.
Тарих ғылымы бұған дейін «түрік» сөзінің мағынасын іздегені болмаса, түрік халықтарының шығу тарихына мән бере қоймағанын айтып кеттік. Ғалымның пайымдауынша, «түрік» – Ұлы Даланы мекендеген тектес, тілдес ру-тайпалардың басын біріктірген үлкен этносаяси бірлестіктің атауы. «Түр» (тұр, тур) сөзіне «ік» жұрнағы жалғану арқылы (түр+ік) жасалған атау. Осы ретте кейбір зерттеушілер сөздің жаратылысын, түп мағынасын зерделемей, сөздіктерде бар сөздердің ұқсастығынан алып, «түрік» сөзін «жасаушы, адам», «тастау, жайына қалдыру», «күш, қуат» және осы сияқты әртүрлі ұғымдарға апарып телуі де кездеседі екен. Бұл ретте профессор түріктанушы ғалым А. Н. Кононовтың «түрікті» қазақша «төркін», моңғолша «түркін», бурятша «төрхүм» сөздерінің түбір ұқсастығынан іздеуін де қателік деп есептеп, өзінің әлгінде айтып кеткен тұжырымын ұсынады.
Осы ретте ғалым ресми тарихта орныққан түріктердің түп атасы Ашына (Ашина) деген танымға да тоқталып, бұлардың қате пікір екендігін жан-жақты дәлелдейді. «Ашына» ежелгі түріктердің «бұрынғы», «әуелгі», «алғашқы» деген ұғымды білдіретін «ашнұ» («ашынұ») деген сөзі екендігін, тарихта қолданылатын «ашина түрік» тіркесі «бұрынғы түрік», яғни «Бірінші Түрік қағанаты» деген сөз екенін дәлелдеп, берік тұжырады.
Енді осы «түрік халықтары кімдер» деген мәселеге келейік. Зерттеуде бұған мол орын берілген, тарих ғылымында орныққан пікірлердің негізгі арқауының жасандылығын көрсете отырып, өз тұжырымдарын нақты деректер арқылы дәлелдейді. Ежелгі түріктектестер әлі мемлекеттер мен халықтарға бөлінбей, ру-ру, тайпа-тайпа болып жүргенде географиялық-аумақтық орналасуына қарай, өзара: «ғұздар, яғни өзен-су бойындағылар», «далалықтар, яғни қыпшақтар» және «орман адамдары, яғни ағаш ері» аталып, үш бірлестік құраған. Осының ғұздары өз тарапынан іш ғұздар және тыс ғұздар болып екіге бөлінген. Ішкі ғұздар Батысқа қарай өріс кеңейтіп, Қара теңіз жағалауын түгелдей иемденеді, Алдыңғы және Кіші Азияға өтеді. Еуропалықтардың «скифтер» деп жүргендері осы ішкі ғұздар. Сыртқы ғұздар Каспий теңізінің оңтүстік және оңтүстік-шығыс бетін мекендеген, олар парсылар берген «сақ» атауымен тарихта белгілі.
Зерттеуші аса көңіл бөлген тағы бір мәселесі сол – «сақ» атауының шығу мәнісі. Оның бір кезде құл иеленуші мемлекет құрған көне шумерлердің «саг» деген сөзінен шыққандығын, әуелде «құл» деген мағынада болғанымен, келе-келе «қырағы, күзетші, қорғаушы, қарауыл» деген мәнге айналғандығын айтады. Тарихқа түрік халқының аты өзгеріп парсыша «сақ» (гректерше – «скиф») болып енгенімен, жерінің атауы сол күйінде сақталып бүгінге жетті, ол – Тұран.
Аңыздарға, археология, лингвистика, тарих деректеріне сүйене отырып, түрік-сақтарды осылай тегі, тілі, құрамы, тармақталуы, атауы, шаруашылығы, қоныстануы, қоныс аударулары тұрғысынан жан-жақты бұтарлап талдап, тарихшы мамандар айтқан алуан пікірлерді тұтастай дерлік қамтып, саралай келе өзінше ой түйіп, тіпті тың пікірлер ұсынған зерттеуші Қ.Салғараұлы: «Түрік-сақтарда мемлекет болды ма, жоқ па?» деген тағы бір түйінді мәселеге де тоқталады. Кеңестік тарих байырғы тұрғындардың бірлестігі – тайпалар одағы болған деумен шектеледі. Ал сонда осындай бірнеше тайпаның басын біріктірген одақ «төрт құбыланың патшасы» атанған Кирдің, бүкіл Кіші Азияны билеп-төстеген Дарийдің, ұлы жаугер Македонскийдің жасанып келген жорығын қалай қайтара алған деген сауал туындайды. Еуропалық ғалымдар көшкіншілер мемлекетіне «далалық» деген анықтауыш қосып атаған, сол арқылы оның отырықшы елдер ұғымындағы мемлекеттен өзгешелігін көрсеткен. Қ. Салғараұлы осыған сүйеніп түрік-сақтарда мемлекет болды деп тұжырады.
Далалық мемлекетте бар билік бір қолға – ұлы ханға (ұлығ хан) шоғырланған. Оның жанында хан кеңесі болған. Ірі мемлекеттік мәселелер осы кеңесте талқыланып шешілген. Ұлы хан мемлекетті үш аумаққа бөліп, оны балалары мен бауырларының басқаруына берген. Олар кіші хан (кішіг хан) деп аталған. Кіші хан қарауындағы аумақ та бірнеше аймаққа бөлінеді, аймақ тайпалардан құралады, тайпалар руларға жіктеледі. Бұл – әр заманада бірінің орнына бір келген түрік-сақ мемлекеттерінің бәріне ортақ белгі. Бұлайша билеу дәстүрі үзілмей келіп, Қазақ хандығы тұсында да үш жүзге бөліну арқылы жалғасын тапқаны белгілі.
«Шығыстағы түріктер» кітабы Ұлы Даланың шығысында өмір сүрген мұңғұл және татар, сондай-ақ олармен қоңсылас, аралас-құралас болған басқа да байырғы түрік халықтарының тарихын саралауға арналған.
«Ресми тарихта күллі түрік халықтарының ататегі деп танылған сиуңну (хунну, хун, ғұн) халықтары туралы екі-үш ғасыр бойы үзбей жазылып келе жатқанымен, олардың тарихы толық қамтылып, тегі анықталды, кімнің кім екені ашылды дей алмаймыз», дейді Қ. Салғараұлы. Сиуңну христианша жыл санауға дейінгі ІІІ ғасырдағы оқиғаларға қатысты қытайлар берген атау, мағынасы – «өркөкірек құл, кекті құл» дегенге саяды, яғни халықтың төл атауы емес. Демек, көне қытайлардың оған дейін бұл халықты білмегені, қоңсы қонып, өзара араласпаған деген тың ой туындайды. Талай зерттеуші халықтардың тегін анықтауда қытайлар берген атауларды дыбыс үндестігіне ұқсас сөздерден іздеп адасып жүр. Осыған орай сиуңнулардың тегі түріктер, моңғолдар, финдер, славяндар деген пікірлер бар екен.
Қ. Салғараұлы осыған байланысты еңбектерді, оның ішінде Рашид ад-Диннің, Әбілғазының және бірсыпыра ғалымдар тұжырымын саралай келе, ежелгі мыңғұлдар әуелгіде қазіргі Қазақстан жерін мекендегенін, жазда Ұлытау мен Кішітауды жайлап, Сырдың сағасын, Борсық құмын қыстағанын алға тартады. Мыңғұлдар мен татарлардың тегі бір түрік тектес халықтар екендігін дәлелдейді. Қытайлар мыңғұлдарды «сиуңну», татарларды «дунху» («шығыстағы жабайылар») деп атағанын көрсетеді. Қазіргі ресми тарихта айтылып жүргеніндей, «сиуңну» атауының баламасы «түрік» те, «ғұн» да емес, «мыңғұл», яғни сиуңну сөзі осы мыңғұл атауының қытайша аудармасы. Сондықтан ендігі жерде халықтың атауын «ғұн» демей, өзінің төл атауымен «мыңғұл» деп атау керек дегенді айтады автор.
Осы орайда бұл мыңғұлдың қазіргі моңғолдарға қатысы бар ма деген сауал алдан шығады. Мұның екеуі де түбі бір түрік тектес халықтар, бірақ ежелгі мыңғұлдар (сиуңну) бірыңғай түрік текті халықтан құралса, кейін моңғол атанғандар мыңғұл, татар, кидан, тунгус-мәнжур тайпаларынан құралады, тіл ерекшеліктері де айтарлықтай. Ежелгі мыңғұлдар Тәңір дінінде болса, қазіргі моңғолдар Будда дінінде. Ежелгі мыңғұлдардың мемлекеттік тарихы христиан эрасына дейінгі ҮІІ ғасырдан басталып, жаңаша жыл санаудың І ғасырының соңында аяқталады. Мыңғұлдарды (сиуңнуларды) жаңаша жыл санаудың 93 жылы қытайлар қырғынға ұшыратады, содан аман қалған олардың бір бөлігі қашып барып, Алтай тауының «Ергене-қон» деп аталған бір қуысын паналайды. Тарихқа «моңғол» деген атпен танылған халықтың тарихы, міне, осыдан, ергенеқондықтардан басталады. «Мыңғұл» сөзін бұрмалап, тіл ерекшелігіне қарай «моңғолға» айналдырып жүрген шетелдік тарихшылар. Кейін ергенеқондықтар тарихы ХІІІ ғасырда негізін Шыңғыс хан қалаған Моңғол империясына жалғасады.
Сиуңнулар (мұңғұлдар) мемлекетінде ата-баба дәстүріне негізделген өз заңдары болыпты. Қытайдың көне жазбалары арқылы жеткен бұл заңның баптары ортағасырлық түріктерді билеген Бумын қағанның, ХІІІ ғасырдағы Шығыс ханның, ХҮІІІ ғасырдағы қазақ Тәуке ханның заңдарымен тамырласып жатуы назар аудартады. Сиуңну (мұңғұл) заңы бойынша: адамды өлімші етіп жаралау өлім жазасына кесіледі; ұрлық жасау – мал-мүлікті тәркілеуге соқтырады; жеңіл қылмыс жасау – бетін тілуге (қазақтың «бетің тіліңгір» дейтін қарғысын еске түсіріңіз) ұйғарылады және осы сияқты баптары бар.
Қ. Салғараұлы Сиуңну және Сиәнби империяларының жұртында пайда болған он алты мемлекеттің тарихынан да мол мәлімет береді. Бұл да қазақ тарихында бұрын-соңды сөз болмаған тың тақырып.
Ресми тарих скиф-сақтармен қатар үнді-еуропалық тілдес халықтарға жатқызғандардың бірі – усұндар. Тіпті оларды герман тайпаларына, орыстардың тегіне жатқызған ғалымдар да баршылық екен. Қытай жазбалары оларды сиуңнуларға ұқсайды деп көрсеткен. Усұндардың көршілерінің бәрі түрік тілдес халықтар екендігін анықтаған зерттеуші усұндарды да түрік халқына жатқызады. Бірақ олардың тілінде үнді-еуропа халықтары тілдерінің белгісі, тіпті жекелеген сөздер де жоқ.
Бұдан басқа, қытайша «у-сұн» сөзі «қараның ұрпағы» деген мағына береді екен. Түрік халықтарының ішінде қыпшақтар ғана өздерін қоныстану ретіне қарай бес түске бөлгені белгілі. Усұндардың бүгінгі ұрпақтары да сары үйсін және қара үйсін болып жіктеледі. Осындай жанама деректерді қорыта келе Қ. Салғараұлы усұндар түрік халқына жатады, солтүстік қыпшақтар бірлестігінен, яғни Қара қыпшақтардан шыққан деген қорытынды жасайды.
Мыңғұлдар (сиуңнулар) мемлекеті сияқты усұндар мемлекетінің құлауына да қытайдың «император қызы» атанған бүлікшіл қыздары басты рөл атқарған. Бұл ретте ғалым кітаптың бір тарауын «Көшкіншілер мемлекетін құлатудағы «император қыздарының» рөлі» деп атап, олардың түрік халықтары мемлекеттерін құлатып, халқын қытайлар боданына қалай айналдырған астыртын әрекеттерін әшкерелеуге арнаған. Автор тарихи оқиғаларды қытай дереккөздері арқылы баяндағанда осынау тарих өресінде бірде өрлеп, бірде құлдыраған тегі бір туыс халықтар билеушілерінің өзара қырқысуына қытайлардың ықпалы көп болғанына, «жабайыларды жабайылардың қолымен қырғынға ұшырату» жымысқы саясатына, олардың мемлекеттерін жойып, өз мемлекеттерін күшейтіп отырғанына, осы ретте арнайы жансыздыққа дайындаған қыздарын «император қызы» еді деп көшкінші елдің билеушілеріне әйелдікке беріп, ел арасында іріткі салу арқылы дәуірлеп тұрған далалық империяларды құлатып, халқын қытайдың боданына айналуына мәжбүр еткенін деректі айғақтармен көз жеткізе дәлелдейді. Осы жайларды ғалым Ресейдің қазақтарды өз бодандығына айналдыруда қолданған, тұтас қазақ елін әуелі бірнеше ұсақ хандыққа, одан әрі хандықты жойып, аймақтарға бөлшектеп, қазақ халқының күшін бытыратып жіберген әдіс-айласымен шендестіреді.
Енді «Ортағасырлық түріктер» кітабына тоқталсақ, бұл әлемге әйгілі Түрік қағанатын құрған түріктер тарихына арналған. Автор мұнда да түпнұсқалық дереккөздерді саралай отырып, осыған дейін қалыптасқан еуропалық таным-түсінік аясынан шығып, соны сүрлеуге түседі.
Ресми тарихта ҮІ ғасырда, яғни 545 жылы түріктер құрған мемлекет Түрік қағанаты деп аталғанымен, олар өз мемлекетін «Мәңгі ел» деп атаған. Қағанатты құрушылар ресми тарихта айтылып жүргеніндей Алтай тауының Ергене-қон деген жерінен шыққандар емес екен. Олардың аталары барып паналаған «Алтын тау» Гаушанның сыртында орналасқан Боғда тауы. Осы таудан шығып, атақты Түрік қағанатын құрғандар да ресми тарихта айтылып жүргеніндей, түріктердің ататегі емес, бір бұтағы ғана екенін дәлелдейді. Қағанаттың алғашқы үш билеушісі: Бумын (Момын), Істіми (Ысты-би) және Мұқан (Дизабул) қағандар жөнінде де мол деректер береді. Бұрын болған мемлекеттердің ішіндегі ең үлкені Түрік қағанатының әлсіреуі төртінші қаған Таспар (Тобо) қаған қайтыс болғаннан кейін басталады. Бұған билік төңірегіне «ақылгөй» кеңесшілікке кіріп алған қытай жансыздары «зор үлес» қосады. Ағайындылар арасында өршітілген тақ таласынан ауысқан билік Сымо қағанның қолына тигенде ол «өз тайпасының атынан Көк ұлының терістік шекарасын ұрпақтан ұрпаққа Таң мемлекеті үшін ит болып үріп қорғауға уәде беруімен» қағанаттың күнін қараң етеді, тәуелсіздіктері үшін бас көтерген қандастарын итше талап, қансыратып отырды. Қытайлар «жабайыларды жабайылардың қолмен құрту» саясатын осылай дәйекті жүргізген. Орхон ескерткішінің Еуразия ұлттық университетіндегі көшірмесінде жазылған Күлтегін батырдың: «Түрік халқы табғаш жұртына текті ұлдары құл болды, пәк қыздары күң болды. Түрік бектері «түрік» атын жоғалтып, табғаш бектердің табғаш атын тұтынып, табғаш қағанға бағынды. Елу жыл ісін, күшін соған берді» деп күйінетіні сол зар заман. Батыста Византия мен Парсыны дірілдетіп, Шығыста Қытайға салық төлеткізіп, бодандығында ұстап, Шығыста Хинган тауларынан Батыста Қара теңізге дейінгі байтақ жерді алып жатқан Түрік империясының дәурені осылай аяқталады.
Осы ретте Екінші Шығыс Түрік қағанатын құрған Құтлығқа ақылшы болған Иуән-жін (Юань-чжен) мен Тоңүкөк (Туньюйгу) бір адам ба әлде екі кісі ме деген сауалға олардың екі кісі екендіктерін дәлелдеп, нүкте қойғандай болады. Сонымен қатар, Құтлығтың өлген жылы 693 жыл емес, 691 жыл екендігіне дәлел келтіріледі.
Қ. Салғараұлы ұсынатын тағы бір тың ой: «данагөй Тоңүкөк пен Қорқыт ата екеуін бір адам» деген болжам. Ғалым екеуінің өміріндегі ұқсастықтарын және айырмашылықтарын салыстыра отырып, жан-жақты саралайды. Тоңүкөк те, Қорқыт та олардың төл есімдері емес, лақап аты болса керек. Осы реттегі бір қиыншылық – қытай жазбаларында тарихи кісі аттарының бұрмаланып, қытайша берілуінде. Екеуі де бір кезеңнің перзенті – ҮІІ ғасырдың орта шенінде туып, ҮІІІ ғасырдың басында қайтыс болады. Екеуі де оғыз тайпасынан. Екеуі де үш ханға уәзір-кеңесшілік қызмет етеді. Бұл екеуі уәзір болған хандардың іс-әрекеттері де бірдей. Тек айырмашылықтары: аңыз бойынша Қорқыт Сыр бойында, Тоңүкөк Алтайда көз жұмған. Бірақ Мағжан Жұмабаевтың «Қорқыт» дастанында оның Алтайдан кеткені айтылған. Бүгінгі нақтысы – Қорқыттың мазары Қазақстанда Сыр бойында, Тоңүкөктікі – Моңғолияда. Бірақ түрік халықтарында әйгілі адамдардың мазары бірнеше жерде бола беретінін есте ұстайық. Мәселен осы Қорқыттың мазары Дағыстанда Дербентте де бар. Қобыландының, Манастың мазарлары да бірнешеу. Жалпы, ғалымдар Қорқыттың өмірде болған адам екендігіне күмән келтірмейді.
Сөзімізді қорыта айтар болсақ, жазушы-тарихшы ғалым Қойшығара Салғараұлының отыз жылдық ізденісінің қорытындысындай үш томдық еңбегі тарихшы мамандар тарапынан сараланып, бағасы берілуге лайық. Бұл еңбектің басты ерекшелігі – түрік халықтарының көне тарихын зерттеген еуропалық та, ресейлік те, кеңестік те тарихшылар айтқан, кесіп-пішілді, ақиқаты осы дейтін тұжырымдарға бірыңғай бас шұлғи бермеуі, әрбір тұжырымды, түрік халқының төл перзенті ретінде ой елегінен өткізе отырып жаңаша пайымдарды алға тартуы және оны нақты тарихи деректермен негіздеп отыруы. Бұл ретте ол шетелдік, әсіресе, қытайлық дереккөздеріне сүйенгенімен, оларға да сын көзімен қарайды. Астамшыл астарын аңдайды, халықтың ауызша тарихының деректерімен салыстыра қарастырады. Бұрын айтылмаған тосын пікірлер, батыл болжамдар, жаңа тұжырымдар көп. Енді осы жаңалықтар түріктердің көне тарихын жаңаша пайымдауға, тәуелсіз елдің жаңа ұрпағын жаңаша көзқарастармен тәрбиелеуге қызмет етуі тиіс.
Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
журналист-заңгер,
Қазақстанның мәдениет қайраткері.
АСТАНА.